Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Бибігүл Жексенбай: «Парламенттің ашықтығы – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің негізі»

79


Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай «Парламент ашықтығы туралы декларацияның негізгі қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентінің рөлін және әлеуетін нығайту» тақырыбындағы дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Іс-шараны Парламентаризмді дамыту қоры мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы ұйымдастырды.

Өз сөзінде сенатор Бибігүл Жексенбай парламенттің ашықтығы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ашықтық биліктің жұмысын айқын көрсетіп, қоғам мен мемлекет арасында тиімді диалог орнатуға берік негіз қалайды.

– Парламент ашықтығы – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің іргетасы. Ол тек заң шығару процестерінің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтарды шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуға ынталандырады. Бүгінгі талқылау халықаралық озық тәжірибелерді бейімдеудің нақты қадамдарын айқындауға мүмкіндік береді. Бұл Парламент жұмысын әрбір азаматқа түсінікті әрі қолжетімді етуге септігін тигізеді, – деді Бибігүл Жексенбай.

Дөңгелек үстел қатысушылары деректердің ашықтығы мен азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығын талқылады. Олар халықаралық үздік тәжірибелерді қарастырып, парламент ашықтығы туралы декларация қағидаларын жергілікті жағдайларға бейімдеу бойынша ұсыныстар әзірледі. Кездесудің негізгі нәтижелерінің бірі – парламент ашықтығын нығайтудың жол картасын әзірлеу бағыттарын келісу болды.

Сонымен қатар, азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарымен тұрақты өзара әрекеттестік механизмдері талқыланып, байланыс пен сенімді арттыру жолдары белгіленді. Бұл іс-шара ашық әрі айқын Парламент құру бағытындағы маңызды қадам болып, қазақстандықтардың мүддесіне негізделген жұмысты күшейтуге арналды.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Парламентаризм институтының басшылығы, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің өкілдері және басқа да сарапшылар қатысты.