Halyk Finance-тің сараптамасына сәйкес, ұлттық валютаның шынайы бағамы шамамен 505 теңге болуы тиіс.
Компанияның зерттеуі бойынша, қараша айының соңында доллар сұранысының күрт артуы Ұлттық банкті 1 млрд доллар көлемінде валюталық интервенция жасауға мәжбүрледі.
Halyk Finance-тің басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың айтуынша, ұлттық валютаның нығаюы экономикалық негіздерге сай болмаған жағдайда, 🇰🇿 Ұлттық банк алғашқы жартыжылдықта артық долларларды сатып алу арқылы интервенция жүргізіп, теңгенің шамадан тыс нығаюына жол бермеуі керек еді.
Оның пікірінше, бұл қадам теңгенің қазіргі құлдырауына тосқауыл болар еді.
Сонымен қатар, сарапшы реттеушінің осы кезеңде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) үшін доллар сатып алу арқылы теңгенің артық нығаюымен күрескенін атап өтті. Алайда, бұл әрекеттер Қазақстан экономикасын дедолларизациялау саясатына қайшы келеді.
Мәселен, банктердегі депозиттердің долларлану деңгейі қыркүйек айының соңында 21%-ға дейін төмендегенімен, 💵 БЖЗҚ активтерінің долларлануы қазан айында 40%-ға дейін өскен.
Сарапшының пайымдауынша, мәселе тек мұнымен шектелмейді. Бюджеттік саясаттың проциклділігі, яғни, трансферттердің біркелкі бөлінбеуі теңге бағамына теріс әсер етуде.
Жыл басында Ұлттық қордан бөлінген қаражат теңгенің жасанды түрде нығаюына әкелсе, жыл соңында валюта тапшылығы туындап, бағаның шарықтауына себеп болды. Егер Ұлттық банк валюта нарығындағы интервенцияларды дұрыс жоспарлап, нарықтағы паникаға уақытында жауап бергенде, мұндай құлдыраудың алдын алуға болар еді.
"Ұлттық банк пен үкіметтің теңгені қорғауға бағытталған нақты жоспары жоқ. Валюта интервенцияларын реттеу, трансферттерді уақытылы бөлу, және теңгенің рубльге тәуелділігін азайту үшін экономикалық реформалар қажет", - деп түйіндейді Halyk Finance.