Қоғамда екі түрлі пікір бар. Бірі бірінші орында дін тұрады десе екіншісі бірінші орында ұлт, ұлттық мүдде тұрады дейді.
Бұл жерде дінді Алла деп түсінетіндер де бар. Шын мәнінде дін Алла емес. Алла әуелден бар, жаратылмаған. Дін де, ұлт та ұлттық мүдде де Алла жаратқан жаратылыс. Олай болса әуелден бар Алла ұлық. Екінші орында дін бе?, ұлт, ұлттық мүдде ме? - деп қарастыруымыз керек. Алла әуелі адам-затты одан дінді жаратты. Олай болса ұлт, ұлттық мүде екінші, дін үшінші орында болмақ. Жартылыс заңдылығы солай делік. Ал, ислам дінінен бұрын Араб түбегінде жабайылық (жаһилат) дәуірлеп тұрды. Дін келіп өмір сүру ережесін қалыптастырды.
Қазақ халқында әуелден өмір сүру салты қалыптасқан. Арабтар сияқты қыз баласын тірідей жерге көмбеген. Халқымыздың қағазға түспеген неше том кітап боларлық қағидаты бар. Ең басты қағидаты" ұят болады, обал болады" деген екі ауыз сөз. Бұл екі ауыз сөз - қазақ халқының өзіне ғана тән өмір сүру салтын қалыптастырушы, тәрбиелік мағынасы биік қасиетті ұғымдар. Сан ғасыр көкіректе сақтап ұрпақтарына үздіксіз үйреткен бабадан жалғасып келе жатқан ілімі, бұлжытпай орындайтын тәрбиесі, ережесі келешекке үйретіп жалғастыратын парасатты парызы. Ұят пен обал ілімін адамзат баласы меңгерсе одан асқан тәрбие, мәдениет болмас еді. Қазақтың салтында ибалы, дінде иманды деген ұғым бар. Қазақ ұғымында ұят пен обалды білетін адамды ұятты, ибалы адам дейді. Ұялсаңшы, ұялмайсың ба?, ұятың қайда?, ұялып қалды, ұялып отыр, ұятты болды, ұятты адам, өлімнен ұят күшті деген сөздердің астарында қанша тәрбие бар. Ұяла білу - барлық жақсылықтың кілті. Сыйластықтың мәйегі. Сыйластық - береке, бірліктің басы. Береке, бірлік тіршілік етудің - көзі.
Ислам дінінде иманның жеті шарты бар. Ол - Аллаға сенудің, жалбарынудың негіздері. Ол - ақыретте жұмаққа бастайтын жол. Адам мен Алланың арасындағы сыр. Иманның қай дәрежеде берік болғанын Алла ғана бағалайды.
Иман- Алла мен адам арасындағы сыр десек ұят пен обал ұғымы( ибалы)
адам мен адам арасындағы сыр. "Адамның күні адаммен" дейтіні содан.
Имандылық- Алладан қорқу сезімін қалыптастырса, ибалылық сыйласу сезімін қалыптастырады. Қорқу сезім мен сыйлау сезімін салыстыру адамгершілік тұрғысынан алғанда арасы алшақ екені баршаға аян.
Алладан қорыққаннан ғана ата-ананы сыйлау мен туған ата-анаң екенін шынайы сезініп сыйлау екі бөлек сезім. Ол діннен бұрын табиғат өзі сыйлаған табиғи сезім. Мысалы: торғайлардың балапандарын аялағаны ата, аналық сезім. Табиғатта және адамзат баласында одан асқан шынайы сезім болуы мүмкін емес тәрізді. Одан қазақ халқының байырғы "ұят болады, обал болады " деген қағидаты тамыр алған. Бұл қазақи көне ұғымы ұрпаққа, ата тегі, ұлтына, байырғы жеріне деген сүйіспеншілігі сал-дәстүр болып бүгінге жеткен. Шыққан тегіне деген сүйіспеншілігі, тектілігі обалына қалмай құрметтеп, үлкеннің жолын сыйлап ізеттілік көрсетуі ата-баба аруағын ардақтап пірі тұруға еріксіз мойын бұрғызған. Қазақ қасиетті, Аруақты халық. Аруағына арқаланбайтын қазақ болмаған. Сондықтан да бабаларымыз Алла мен Аруағын қатар айтып, салт-дәстүрі мен дінін қатар ұстанып ұрпағына жеткізіп келген, әрі жеткізе береді. Қазақ даласындағы дін ұстанымын ғылыми, заңдық тұрғыда "Дәстүрлі дін " дейтіні сондықтан. Өкініштісі соңғы жылдарды дінің атын жамылып, дін арқылы пайда табушы топтар қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығаруы белең алуда. Білмейді емес біледі. Бірінші пайда табу және арандатушы ретінде жоспарлы түрде жүріп жатқан ұйымдасқан топтың жұмысы десе боларлық. Әйтпесе Алла тағала он сегіз мың ғаламды қос-қостан жаратқанын барлық дін ұстаушылар біледі. Алла салт- дәстүрді және дінді жаратты. Олар бір - бірін толықтырушы
элементтер. Дін ақыреттік жолдың ережесі болса, салт- дәстүр өмір сүру қарым-қатынастың - ережесі. Қазақтың "Ұят болады, обал болады" деген қағидатынан мақұрым, шеттен оқып, білім алып келіп өзге елдің салт-дәстүрін дінмен араластырып уағыздап, қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық руханиятына қысым жасаушыларға тосқауыл қоятын уақыт жетті. Қазақтың " Ұят болады, обал болады" көне қағидаты адамгершіліктің алтын қазығы. Ал, адамгершілікте жұмаққа жетудің барлық жолдары қамтылған. Қазақ иманды осы қағидаттан іздеуі, үйренуі керек.