Бішкекте Астана мен Ташкентке берілетін су үшін неге ақы алынбайды деген мәселе көтерілді.

10

Munarmedia.kz 12.02.2026 /Астана/ Қырғызстан парламенті деңгейінде көрші мемлекеттерге ел аумағындағы су қоймаларынан жіберілетін суармалы су үшін экономикалық өтемақы алу мүмкіндігі талқыланды. Жогорку Кенеш депутаты Умбеталы Кыдыралиев 9 ақпанда профильдік комитет отырысында жаһандық климат өзгерісі жағдайында республиканың су ресурстарының шамамен 80 пайызы Өзбекстан мен Қазақстанның қажеттіліктеріне бағытталатынын мәлімдеді.

«Демек, Қырғызстан осы гидротораптарды күтіп-ұстағаны үшін экономикалық пайда көрмей ме? Жөндеу жасау керек, суды ұстап тұру қажет, бөгеттерге тексеріс жүргізіледі. Қысқасы, шығын көп! Тіпті АҚШ Канадаға су үшін төлейді, Германия — Швецияға. Ал Қырғызстан неге өз суы үшін қаржы алмайды? Бұл — халықаралық құқық мәселесі!» — деді депутат.

Бұл сауалға Су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Бакыт Торобаев жауап берді. Оның айтуынша, су ресурстарын бөлуге қатысты мәселелер мемлекетаралық комиссиялар аясында шешіледі.

Министр Кемпір-Абад су қоймасы Өзбекстанмен паритеттік негізде бірлесіп басқарылатынын, ал Киров және Орто-Токой су қоймалары бойынша жыл сайын су жіберу лимиттері бекітілетінін атап өтті. Сондай-ақ көрші елдердің су ресурстарына қызығушылығы Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысына қатысуы арқылы да байқалатынын жеткізді.

Ал өзбекстандық БАҚ қырғыз депутатының сөзін көршілерге суды ақылы негізде сату туралы тікелей ұсыныс ретінде түсіндірген. Кейін Умбеталы Кыдыралиев су сату мәселесі көтерілмегенін нақтылап, көрші елдердің медиасы Қырғызстанның трансшекаралық су ресурстары жөніндегі ұстанымын бұрмалап көрсетіп отырғанын мәлімдеді.