Munarmedia.kz 12.02.2026 /Астана/ Президенттің конституциялық реформа жөніндегі мәлімдемесінен бері (9 қыркүйек) алты ай өтті. Осы уақыт аралығында арнайы жұмыс тобы мен Конституциялық комиссия ауқымды жұмыс атқарып, азаматтардан түскен бірнеше мың ұсыныс пен өтінішті сараптады.
Талқылаулар барысында Парламент құрылымын ғана өзгерту жеткіліксіз екені белгілі болды. Нәтижесінде Негізгі заңның ондаған бабына түзету енгізу, тарихи сабақтастық мәселелерін қайта қарау, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытына сәйкес нормаларды енгізу, сондай-ақ Конституцияны жаңа геосаяси және геоэкономикалық ахуалға бейімдеу жөнінде шешім қабылданды. Осылайша қолданыстағы редакцияны жаңғыртумен шектелмей, жаңа мәтін әзірлеу қажеттігі туындады.
Көптеген отырыстарда бірқатар прогрессивті бастамалар жария етіліп, қоғамдық талқылау барысында тараған сан түрлі алыпқашпа әңгімелерге нүкте қойылды.
11 ақпанда комиссия өз жұмысын аяқтап, қорытынды нұсқаны Мемлекет басшысына ұсынды. Президент жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Құжат мәтінімен ел азаматтары жуық арада таныса алады.
Референдум 31 күннен кейін — 15 наурыз, жексенбі күні өтеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, референдум Президент жарлығы шыққан күннен бастап бір айдан үш айға дейінгі мерзімде ұйымдастырылуы тиіс.