«Біз өзіміз таңдап едік, олар қызметтен босатты». Атбасар маңындағы ауылда әкімге байланысты дау ушығып кетті

75

Munarmedia.kz.17.07.2025 ж. /Астана/-Ақмола облысына қарасты Тельман ауылында жергілікті әкімге қатысты кикілжің үлкен жанжалға ұласты. Ауыл тұрғындарының бір бөлігі бұрынғы әкім Оксана Гейдтті қызғыштай қорғаса, енді бірі оны қызметінен заңды түрде босату керек деп есептейді. Екі тараптың арасындағы текетірес ашық қақтығысқа дейін жетіп, ауыл ішіндегі ахуал ушықты.

Даудың басы бірнеше тұрғынның әкімге қарсы видеоүндеу жазып, оны әлеуметтік желілерде жариялауынан басталған. Бейнеролик авторлары Тельман ауылдық округінің әкімі тарапынан «заңсыздықтар орын алып жатқанын» мәлімдеген.

«Ол үшін несие рәсімдеуді әдетке айналдырды – кейбір адамдар әкім үшін қарыз алған, кейін сол үшін әкімдікке жұмысқа тұрды. Бірақ бұл қарыздар әлі қайтарылмаған», — деп айтылған видеода.

Алайда бұл айыптаулар расталмады. Полиция тергеу жүргізіп, нақты дәлелдер мен құжаттардың жоқ екенін мәлімдеді. Яғни, әкім тарапынан ақша алғанын немесе несие рәсімдегенін растайтын ресми құжаттар, келісімшарттар мен қолхаттар ұсынылмаған. Сондай-ақ, мұндай арыз түсірген нақты азаматтар да табылмады.

Бұған қарамастан, 2025 жылғы 4 сәуірде Тельман ауылының 31 тұрғыны аудандық полиция бөліміне ұжымдық шағым түсірген. Олар Оксана Гейдттің өз қызметтік міндеттерін дұрыс атқармағанын, қызмет бабын асыра пайдаланғанын, кейбір тұрғындарға дөрекі сөйлеп, қоқан-лоқы көрсеткенін мәлімдеген.

Сонымен қатар, этика жөніндегі кеңес әкімнің азаматтық некедегі күйеуінің төрт ай бойы ауыл әкімдігіне қарасты аппаратта жүргізуші қызметін атқарғанын да мәселе ретінде қарастырды. Бұл — мүдделер қақтығысына әкелетін факторлардың бірі ретінде бағаланған.

Аталған шағымдар мен этикалық мәселелер негізінде Атбасар ауданының әкімі Кеңеш Әлімжанов 9 шілде күні этика кеңесінің ұсынымын орындап, Оксана Гейдтті қызметінен босатты.

Бұл шешімнен кейін ауыл тұрғындары бірнеше лагерьге бөлінді. Бірі бұрынғы әкімді жақтап, оның іскерлігін, әділдігін алға тартса, екіншілері оны қызмет бабын пайдаланған, халықпен жұмыс істей алмаған адам деп сынға алды. Ал үшінші топ – бейтарап позицияны ұстанып, ешқайсысын ашық қолдамай отыр.

Ауыл ішінде пікір қайшылығы ушыққан. Қарсы тарап өкілдері бір-бірімен тіпті амандаспайтын, ал кейде ауыр сөздер айтып, жанжалға баратын жағдайлар да кездесуде.

Бұл оқиға жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі мен халық сеніміне негізделген әкім сайлауының қаншалықты күрделі және нәзік үдеріс екенін көрсетті. Жергілікті басқару тетіктерінің шынайы тәуелсіздігі мен халықтың таңдауына құрмет – демократиялық дамудың маңызды шарты.