Kazatomprom Словакияға уран жеткізу жөнінде келісім жасады

20


Munarmedia.kz.15.07.2025 ж. /Астана/-Қазақстанның ұлттық уран өндірушісі — «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК пен Словакияның жетекші энергетикалық компаниясы Slovenské elektrárne a.s. (SEAS) ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Құжат Қазақстаннан Словакияға атом энергетикасы үшін уран концентратын жеткізуге қатысты тараптардың өзара ниетін бекітеді.

Жеткізу көлемі мен мерзімі әзірге нақты жарияланған жоқ. Алайда тараптар серіктестікті кеңейту мүмкіндігін жоққа шығармайды. Болашақта уран диоксидін (UO₂) экспорттау мәселесі де қарастырылуы мүмкін.

SEAS — Словакиядағы негізгі электр қуаты өндіруші компания. Ол елдегі электр энергиясының 70 пайыздан астамын шығарады және Богунице мен Моховце қалаларындағы екі атом электр станциясын басқарады. Бұл станцияларда ВВЭР-440 типіндегі бес ядролық реактор жұмыс істейді.

Келісім Қазақстан уранының еуропалық нарықтағы орнын нығайтумен қатар, Еуроодақтың энергия қауіпсіздігі мен жеткізілім жолдарын әртараптандыруға қатысты стратегиясымен де үндесіп отыр.