Боксшылар қоржыны бос қайтпайды
Жеті Олимпиадада – 15 жүлде!
Тәуелсіздік алғалы бері төртжылдықтың басты додасында қазақ боксшылары өрелі өнерлерімен өз көрермендерін қуантып келген еді. Атап айтсақ, 1996 жылы Атлантада (1 алтын, 1 күміс, 2 қола. Жалпы есепте – 3-орын), 2000 жылы Сиднейде (2 алтын, 2 күміс. 3-орын), 2004 жылы Афинада (1 алтын, 1 күміс, 1 қола. 3-орын), 2008 жылы (1 алтын, 1 қола. 7-орын), 2012 жылы Лондонда (1 алтын, 1 күміс, 1 қола. 3-орын), 2016 жылы Рио-де-Жанейрода (1 алтын, 2 күміс, 1 қола, 3-орын) жақсы жұдырықтасып, үздік командалардың санатына еркін қосылдық. Тек 2021 жылы Токио Олимпиадасында ел сеніміне селкеу түсірдік. Жапонияның астанасында екі боксшымыз ғана қола медальді иеленіп, жалпы командалық есепте қалың топтың арасында қалып қойдық. Күншығыс елінде жерлестеріміз Куба (4+0+1), Ұлыбритания (1+2+1), Ресей (1+1+3), Бразилия (1+0+1), Өзбекстан (1+0+0), АҚШ (0+3+0), Филиппин (0+1+1) және Украинаны (0+1+0) алға жіберді. Нәтижесінде, 9-орын. Парижде сол олқылықтың орнын толтыруға тиіспіз. Жалпы, 1996-2021 жылдар аралығында алауы тұтанған жазғы Олимпиадаларда бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы 22 жүлдеге (7 алтын, 7 күміс, 8 қола) қол жеткізді.
Шыны керек, осы жолы Париж Олимпиадасына лицензия алудың өзі қиын болды. Егер Токио Олимпиадасында ерлер мен әйелдерді қоса есептегенде, 289 былғары қолғап шебері сайысқа түссе, биылғы жарыста олардың саны 248-ге дейін кеміді. Енді «Дүбірлі додада өнер көрсететін жерлестеріміздің әлеуеті қандай?», «Олардың басты қарсыластары кімдер?» деген сауалдарға жауап іздеп көрейік.
Сәкенге сенім арттық
Аса жеңіл салмақта Сәкен Бибосынов ел намысын қорғайды. 26 жастағы қандасымыз Токио Олимпиадасы (2021 жылы) мен Екатеринбургтегі әлем біріншілігінде (2019) қола медальді мойнында жарқыратса, Белградта әлем чемпионы (2021) атанды. Енді Сәкенге жетпей тұрғаны тек Олимпиаданың алтыны. Сол мақсатқа қол жеткізу үшін Мырзағали Айтжановтың шәкірті барын салады деген ойдамыз.
Жанкүйерлердің дені «Сәкеннің осы жарыстағы басты қарсыласы – Хасанбой Дусматов» деген пікірде. Күні кеше ғана, яғни 24 маусымда 31 жасқа толған Өзбекстанның өкілі өте қарулы екеніне еш күмәніміз жоқ. Ол – Рио Олимпиадасы (2016) мен Азия ойындарының (2022) жеңімпазы әрі Баркер кубогінің иегері, әлем чемпионы (2023). Азия чемпионатында Хасанбой үш рет алдына жан салмады. Десек те аса жеңіл салмақта Дусматовтан да басқа мықты былғары қолғап шеберлері барын естен шығармайық. Солардың арасынан франциялық Билал Беннама (әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Еуропа ойындарының жеңімпазы, Еуропа чемпионы), үндістандық Амит Пангал (әлем чемпионатының финалисі, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы), түркиялық Самет Гюмюш (Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының финалисі), доминикандық Джуниор Алкантара (Панамерика ойындарының жеңімпазы) және таиландтық Титисан Панмотты (Азия ойындарының финалисі) бөле-жара атап өтуге болады.
51 салмақта күш сынасатын өзге боксшылар: Патрик Чиньемба (Замбия), Майкл Триндаде (Бразилия), Юсуф Чотия (Аустралия), Алехандро Кларо (Куба), Ниджат Гусейнов (Әзербайжан), Хуанма Лопес (Пуэрто-Рико), Рафаэль Лозано Серрано (Испания), Роско Хилл (АҚШ), Даниэль Варела де Пина (Кабо-Верде) және Омид Ахмадисафа (Босқындар командасы).
Мерейің үстем болсын, Махмұд!
57 кг салмақта Махмұд Сабырханға сенім артылып отыр. Шымкенттің шымыр жігіті небәрі 22 жаста болса да, ірі дүрмектердің талайында дараланып үлгерді. Әлем чемпионаттарында ол екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. 2021 жылы Белградта күміс алса, арада екі жыл өткенде Ташкентте алтын тұғырдан қол бұлғады. 2022 жылы Азия чемпионатының ақтық сынында өнер көрсетті. Махмұд бұл табыстың барлығына 54 кг салмақ дәрежесінде сайысқа түскен кезінде қол жеткізді. Олимпия ойындары қарсаңында ол жаңа салмаққа ауысты.
Қазіргі кезде сарапшылар мен мамандар «Сабырханға 57 кг салмақта атой салу қиын болады. Себебі қарсыластарына қарағанда оның бойы мен қолы қысқа» деген сыңайда пікірлер айтады. Бірақ бабаларымыз «Күш атасын танымайды» деп бекер айтпаған ғой. Алдында қандай мықты тұрса да, Махмұдтың «өліспей беріспейтіні» анық. Өйткені ол – қорқуды, қаймығуды, шегінуді білмейтін рухы биік, намысқой жігіт. Сондықтан да біз Сабырханға сенеміз.
Ілияс Оралбеков баптаған жігіттің Париджегі басты қарсыластары – өзбек Абдулмәлік Халоков (әлем чемпионы, әлем чемпионатының финалисі, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы), америкалық Джамал Харви (әлем чемпионы, Панамерика ойындарының жеңімпазы), кубалық Сайдел Хорта Родригес (әлем чемпионатының күміс жүлдегері), филиппиндік Карло Паалам (Олимпиаданың күміс және Азия ойындарының қола жүлдегері), болгариялық Хавьер Ибаньес Диас (Еуропа ойындарының жеңімпазы, Еуропа біріншілігінің күміс және қола жүлдегері) және бельгиялық Василе Устурой (Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының қола жүлдегері).
57 кг салмақта күш сынасатын өзге боксшылар: Небил Ибрагим (Швеция), Хосе Квилес (Испания), Мұнарбек Сейітбекұлы (Қырғызстан), Долапо Омоле (Нигерия), Шудай Харада (Жапония), Чарли Сеньор (Аустралия), Йилмар Гонсалес (Колумбия), Джуд Галлахер (Ирландия), Луис Оливейра (Бразилия), Айдер Абдураимов (Украина).