"Бұл – кімнің соғысы? Ақ пен қарасыз майданның ішінде қалып қойған адамзат"

19

Munarmedia.kz. 25.06.2025 /Астана/-Израиль мен Иран арасындағы соғыс – бұл жай ғана геосаяси текетірес емес. Бұл – әр соғыс секілді, ең әуелі, адамзаттық трагедия. Идеологиялар мен зымырандар қыспағында қалған қарапайым халық – қарттар, аналар, балалар – тіршілігін жалғастырып, тыныш өмір сүргісі келетін жандар.

Менің таңғалатыным – айналамызда "сарапшы" атанып, бір тарапты жақтап, өз таңдауын "тарихи әділет", "діни бауырластық" секілді түсініктермен негіздеуге тырысатын адамдардың күн санап көбеюі. Әсіресе, бір қызығы – түркішілдік идеясына берілген кей топтар, бір жағынан Ұлы Тұранды, түркі халықтарының бауырластығын дәріптейді де, екінші жағынан, Иранды қолдап шыға келеді.

Бірақ тарихқа сәл үңілсек, Иран мен Тұран – ежелден бір-біріне қарама-қарсы өркениеттік күштер. Бұл тек ауыспалы мағынада емес, тікелей тарихи шындық. Парсы эпосы Шахнамада айтылғандай, аңызға айналған патша Фаридун әлемді үш ұлына бөліп береді: Қытай – үлкен ұлына, Тұран – ортаншысына, Иран – кенжесіне. Бірақ бұл әділеттілік баянды болмады: ағайындылар бір-біріне қастандық жасап, кенже ұлды – Иран патшасын өлтіріп тынады. Фаридун осы қылмысқа ашынып, ұлдарын қарғайды да, Тұран мен Иранның арасына шексіз ор қазуды бұйырады.

Содан бері Иран мен Тұран – екі түрлі кеңістік, екі бөлек әлем. Бұл алауыздық бүгін де жойылған жоқ – қайта тереңдегендей. Түркия – Иранның ашық қарсыласы саналатын НАТО-ның мүшесі. Мұны Иран ұмытпайды да, кешірмейді де. Түркиядағы мұсылмандардың басым көпшілігі – сунниттер, ал Иранда – шииттер. Оларды жалғайтын жалғыз нәрсе – еврей халқына деген ортақ өшпенділік. Ол өшпенділік бір-біріне деген сенімсіздіктен де басым.

Қазір болып жатқан оқиғаларға жауапты алыстан іздеудің қажеті жоқ. Оның бәрі баяғыда-ақ тарих қойнауында жазылған. Адамзат мыңдаған жыл бойы соғысып келеді, және бұл қақтығыстардың негізі – ешқашан жойылмаған. Әрбір тарихи дау – бүгінгі трагедияның іргетасы.

Сондықтан да егер бүгін бір фанат түрікшіл, өз бауырым деп ирандықты құшағына алуға ұмтылса – жауырынға қадалар пышаққа да дайын болсын. Өйткені тарихтың сабағы – біз ұмытуға бейімбіз. Ал тарих болса – қайталауға.