Munarmedia.kz. 25.06.2025 /Астана/-Қазақстанда көлеңкелі экономиканың ең жоғары деңгейі байқалатын бес министрлік анықталды. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Exclusive.kz Atameken Business арнасына сілтеме жасап.
Тізімге сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салалары кіріп отыр. Әр сала бойынша көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға бағытталған жеке «жол карталары» әзірленген.
Серік Жұманғариннің айтуынша, қазіргі таңда Денсаулық сақтау және Индустрия министрліктері жол карталарын іске асыруға кіріскен. Ал ауыл шаруашылығы мен сауда салалары бойынша құжаттар келісу сатысында. Білім беру саласында нақты жұмыстар айтарлықтай кешеуілдеп жатыр.
Көлеңкелі экономикамен күрес шараларын Үкімет жанынан құрылған арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы үйлестіреді. Бұл топқа тікелей Жұманғариннің өзі жетекшілік етуде.
Айта кету керек, бұған дейін бұл бағыттағы үйлестіру мен бақылау жұмыстары Қаржы мониторингі агенттігінің құзырында болған. Қазір бұл өкілеттіктер Қаржы министрлігіне берілді.
Сарапшылардың пікірінше, көлеңкелі экономиканың тамырына балта шабу үшін ведомствоаралық үйлестіру ғана емес, нақты нәтижеге бағытталған институционалдық реформа қажет. Әйтпесе, "жол карталары" қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін.