Munarmedia.kz 01.10.2025 /Астана/ Ақмола облысындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі курорт аймағындағы ауаның ластануы туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
Бұған дейін шетелдік IQ Air онлайн-ресурсына сілтеме жасаған кейбір әлеуметтік желі қолданушылары Бурабайдағы ауаның сапасы санитарлық нормаларға сәйкес келмейтінін, яғни "ластанған" екенін мәлімдеген еді. Алайда, ұлттық парк әкімшілігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
Парк өкілдерінің айтуынша, 2023 жылы «Бурабай» ұлттық паркі аумағында заманауи метеорологиялық станция орнатылған. Бұл станция тәулік бойы түрлі көрсеткіштерді, соның ішінде ауа сапасын бағалауда негізгі рөл атқаратын PM 2.5 ұсақ бөлшектерінің деңгейін үздіксіз тіркеп отырады.
IQ Air деректеріне сәйкес, 2024 жылдың тамыз-желтоқсан айларында Бурабайдағы ауа ластануының деңгейі нормадан 3–5 есеге дейін асып кеткен делінген. Алайда парк әкімшілігі бұл мәліметті жоққа шығарып отыр.
«2024 жылғы ресми өлшемдер бойынша ауа сапасының санитарлық нормадан асып кету фактісі тіркелмеген. Бурабайдағы ауа санитарлық талаптарға толық сәйкес келеді және адам денсаулығына қауіп төндірмейді», – деп мәлімдеді «Бурабай» МҰТП баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, парк мамандары IQ Air сайтында жарияланған мәліметтердің шынайы жағдайды дәл көрсете бермейтінін түсіндірді. Олардың айтуынша, бұл халықаралық платформа ауа сапасы туралы деректерді көбіне үшінші тараптағы датчиктерден немесе статистикалық модельдеулер арқылы (орташа мәндер) алады, бұл ресми экологиялық өлшемдермен сәйкессіздікке әкелуі мүмкін.
«Бурабай — қайталанбас табиғаты бар курорттық аймақ. Біздің жүргізген өлшеулеріміз көрсеткендей, мұндағы ауа таза», – деп нақтылады ұлттық парк қызметкерлері.