Munarmedia.kz 01.10.2025 /Астана/ Көкшетау қаласындағы жаңа техникалық мектеп-лицейіне отандық ІТ-мамандар әзірлеген бағдарламалық қамтылыммен жабдықталған 170 «ақылды» бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұл білім ордасы «Комфортты мектеп» ұлттық бағдарламасы аясында салынған.
Мектептегі бейнекамералар тек жазба жүргізіп қоймай, сыныптарда, дәліздерде немесе аулада туындайтын кез келген даулы немесе конфликтті жағдайларды автоматты түрде анықтап, сол мезетте мектеп әкімшілігінің смартфонына оқиға орнының нақты координатасымен (қабат пен блок көрсетіледі) бірге бейнеүзінді жібере алады.
Эмоцияны талдайтын жасанды интеллект
Аталған жүйенің ең басты ерекшелігі — эмоцияны талдау мүмкіндігі. Жасанды интеллект оқушының не мұғалімнің көңіл-күйін — күлкі, ашу немесе бейтарап күйін жүзінен танып, барлық мәліметті мектеп психологына жеткізіп отырады.
«Камера бір оқушыны немесе мұғалімді күніне ондаған рет бақылап, олардың бет-әлпетіне қарап эмоциялық жағдайын бағалай алады. Жақында бір мұғалімнің күйзеліске түскені байқалды. Кейін сөйлескенімізде оның отбасылық мәселелері бар екені анықталды. Ал басқа бір мұғалім күні бойы күліп жүрді — ол күні туған күні болып шықты», – деп бөлісті лицей директоры Тілеген Амангелді.
Мектеп қауіпсіздігі — жоғары деңгейде
Жүйенің тағы бір маңызды функциясы — сырттан рұқсатсыз кіру әрекеттерін анықтау. Мектепке кіреберісте орнатылған камералар бөгде адамдарды немесе іздеуде жүрген тұлғаларды бірден танып, бұл туралы полицияның жедел әрекет ету орталығына және мектеп күзетіне сигнал жібереді.
Сонымен қатар, камералар қарусыздандыру жүйесімен де жабдықталған — холодное оружие (пышақ, басқа да қауіпті заттар) алып кіруге талпынысты бірден тіркейді.
Балалар камераға бейімделіп үлгерді
Директордың айтуынша, оқушылар бейнебақылау жүйесіне тез үйреніп кеткен. Дегенмен, жүйе күніне орта есеппен бес даулы жағдайды автоматты түрде тіркейді. Бұл оқиғалар кейін әкімшілік пен педагогтар тарапынан сарапталып, тиісті шешімдер қабылданады.