Черногория Қазақстанға іздеуде жүрген кәсіпкерді экстрадициялады

29

Munarmedia.kz 21.02.2026 /Astana/ – Черногория билігі Қазақстанның сұрауы бойынша іздеуде жүрген түркиялық кәсіпкерді елге экстрадициялады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы хабарлады.

Қадағалаушы органның мәліметінше, 2022–2024 жылдар аралығында ол Алматы қаласында тұрғын үй кешенін салуға бөлінген қаржыға қатысты жалған келісімшарттар жасасып, 6 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген деген күдікке ілінген.

Күдікті халықаралық іздеуге жарияланып, Интерпол арнасы арқылы іздестірілген. Ол 2025 жылдың наурыз айында Черногория аумағында ұсталған. Қазір Қазақстанда тергеу изоляторына қамалды. Айып дәлелденсе, оған мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.

Image


Кейін белгілі болғандай, сөз түркиялық кәсіпкер Тарык Волкан Оскай туралы болып отыр. Ол NEF Qazaqstan компаниясының басқарушы серіктесі саналады және кәсіпкер Қайрат Боранбаевпен байланысты болған. Екеуі бірқатар активтерге, соның ішінде Comfort Hotel Astana қонақүйіне иелік еткен.

Айта кетейік, 2023 жылы NEF Qazaqstan 4 млрд теңге көлеміндегі облигациялық міндеттемелерін орындай алмай, Astana International Exchange (AIX) тарихындағы алғашқы дефолт тіркелген еді.

Тергеу жалғасып жатыр.