Munarmedia.kz /Астана/ 4 шілде 2025 жыл-Энергетика жүйесіндегі бақылаудың әлсіздігі мен қаржының бейберекет жұмсалуы тағы да мемлекеттік аудиттің нысанына айналды. Жоғары аудиторлық палата жариялаған соңғы есеп Қазақстандағы энергетика секторының күрделі жүйелік дағдарысын паш етті.
Аудит нәтижесінде келтірілген нақты шығын көлемі — 66 миллион теңге, ал бюджетті жоспарлау мен пайдаланудағы кемшіліктер 2,2 миллиард теңгеге жеткен. Бұған қоса, 104,8 миллиард теңгенің активтері мен қаражаты тиімсіз пайдаланылған деп танылды.
Осының өзі ғана мемлекеттік қаржының бақылаусыз жұмсалуы қаншалықты жүйелі сипатқа ие болғанын айғақтайды.
Аудит барысында мына ұйымдарда заңбұзушылықтар тіркелген:
-
ҚР Энергетика министрлігіне қарасты департаменттер;
-
«Ereymentau Wind Power» ЖШС — жел энергетикасы жобаларының операторы;
-
«ЖЭК қолдау жөніндегі есептік-финанстық орталық» ЖШС — жаңартылатын энергия көздерін субсидиялайтын ұйым;
-
«Алматылық электр станциялары» АҚ — еліміздегі ең ірі энергия өндіруші кәсіпорындардың бірі.
Жалпы саны 16 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында:
-
Энергетика министрлігінің құрылымдық бөлім басшысы,
-
Ұлттық компаниялар мен серіктестіктердің директорлары мен есепшілері бар.
Кейбіреулер қызметінен босатылған. Алайда нақты кімнің қандай жауапкершілік арқалағаны — ашық айтылған жоқ.
Бұл аудит нәтижесі — тек шенеуніктердің салғырттығы емес, жалпы энергетика саласының басқару жүйесіндегі дағдарысты көрсетеді. Жоспарлау мен бақылау тетіктерінің тиімсіздігі, жобалардың сапасыз орындалуы, жаңартылатын энергия көздерін қолдау тетіктерінің ашық еместігі — бұның барлығы елдің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп.
Айта кету керек, бұл аудитке дейін де салада кемшіліктер көптеп айтылған болатын. Электр энергиясы тапшылығы, тарифтердің өсуі, жел мен күн энергетикасына бөлінген қаражаттың нақты нәтижеге айналмауы — осының барлығы ұзақ жылдан бері шешімін таппаған түйткілдер.
Егер мемлекет шын мәнінде жасыл энергетика мен энергетикалық тәуелсіздікке ұмтылса, онда қаржыны тиімсіз жұмсауға жол бергендерге тек тәртіптік жаза емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылуы тиіс. Себебі бұл тек бюджетке келтірілген залал емес — халықтың энергияға, жылуға, жарыққа деген құқығына тікелей әсер ететін қауіп.
📌 Munarmedia.kz энергетика саласындағы ашықтық пен тиімді басқару мәселелерін назарда ұстап отырады.