148 мың дәлелін таппаған қылмыстық іс: Сенат пен Үкімет арасындағы үнсіз текетірес

128

Munarmedia.kz /Астана/ 4 шілде 2025 жыл-Қазақстанда құқық қорғау органдарының азаматтарға қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғауы әлі де жүйелі сипатынан айныған жоқ. Бұл жолы алаңдаушылықты Парламент сенаторлары білдіріп, Премьер-министр Олжас Бектеновке нақты ұсыныспен жүгінді: құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне заңсыз іс қозғағаны үшін жеке жауапкершілік жүктеу қажет. Алайда Үкімет бұл ұсынысты айналып өтті.


Құрғақ сандардың артында — тағдырлар тұр

2021–2022 жылдары Қазақстанда 148 мыңнан астам қылмыстық іс "қылмыс құрамы болмағандықтан" тоқтатылған. Бұл — тек ресми дерек. Бұл сандардың артында бизнесін жоғалтқан кәсіпкерлер, қудалауға ұшыраған азаматтар, бұғатталған есепшоттар мен заңсыз тінтулер, моральдық күйзеліс пен репутациялық соққы тұр.

Сенаторлар осыған орай нақты талап қойды:

«Негізсіз басталған қылмыстық істер үшін, оның ішінде азаматтарға келтірілген моральдық, материалдық және репутациялық шығындарға байланысты құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғаларына дербес жауапкершілік бекітілуі тиіс».


Бектеновтің жауабы

Премьер-министр бұл үндеуге бір айдан кейін ғана жауап берді. Алайда жауабы мәселенің түп-тамырына жауап бермеді:

«Лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қызметтік және тәртіптік рәсімдермен реттеледі», – делінген Үкіметтің ресми хатында.

Іс жүзінде, бұл — ұсынысты елемеу. Себебі сенаторлар айтып отырған персоналдық-құқықтық жауапкершілік — әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы еді. Ал қазіргі тәртіптік шаралар көбінесе ескерту немесе сөгіспен шектеледі.


Сенат неге дабыл қақты?

Қазақстанда кәсіпкерлер мен азаматтар арасында құқық қорғау органдарының қысымына жиі тап болу — кең таралған үрей. Іс қозғау — бақылау тетігі ғана емес, кейде бопсалау құралына да айналған. Сенаторлар бұл мәселеде реформаның кезек күттірмейтінін айтып отыр. Бірақ дәл осы сәтте Үкімет тарапынан саяси ерік жетіспейтінін аңғарамыз.


Жүйелі мәселеге жүйесіз жауап

Проблема тереңде: қылмыстық қудалау жүйесі көп жағдайда тергеушінің жеке ұстанымына, жоғарыдан келген тапсырмаға немесе ішкі ведомстволық «жоспарға» сүйеніп құрылып отыр. Мұндай жағдайда нақты шенеунікті жауапқа тарту — азаматтар құқығын қорғаудың жалғыз сенімді жолы.

Бірақ Бектенов Үкіметі бұл бастаманы қолдауға ниет танытпады. Бұл тек сенаторлар ұсынысына салғырт қарау емес, құқықтық реформаға деген жүйелік қарсылықтың көрінісі.


Моральдық сұрақ ашық қалды

Бүгінгі таңда бизнес иесі жалған айыппен ұсталып, есепшоттары бұғатталып, ақыр соңында іс жабылған күннің өзінде — ол шеккен шығын ешкімге жүктелмейді. Тергеуші сол орнында қалады. Жауап жоқ, әділет жоқ. Сенат сол әділетті талап етті. Бірақ атқарушы билік әлі де үнсіз.


📌 Munarmedia.kz құқықтық мемлекеттің құрылу жолындағы кедергілерді назарда ұстайды.