Munarmedia.kz 22.09.2025 /Астана/ Азия елдері мен Үндістан арасындағы тауар айналымы тұрақты өсіп, 2 млрд АҚШ долларына жақындады. Еуразиялық даму банкінің (ЕДБ) мәліметінше, бұл көрсеткіш екі өңірдің экономикалық ықпалының артуын білдіреді және Еуразия кеңістігіндегі ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын ашады.
ЕДБ төрағасы Николай Подгузовтың айтуынша, Орталық Азия мен Үндістанда әлі толық пайдаланылмаған зор экономикалық әлеует бар. Банктің жеті қатысушы елінің төртеуі — Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан — осы үдерістің бел ортасында тұр және Нью-Делимен өзара іс-қимылдың негізін қалыптастырады.
Мұндай серіктестікке негіз болатын экономикалық база жеткілікті. Орталық Азия жылына шамамен 4,5% деңгейінде тұрақты өсімді сақтап отыр, ал Үндістан экономикасы одан да қарқынды – жылына 6% шамасында дамуда. Ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретін жобалар қатарында «Солтүстік–Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі мен Үндістанның Ирандағы Чабахар портының дамуына қатысуы атап өтілуде.
Қазақстан — негізгі серіктес
Үндістан мен Орталық Азия арасындағы жалпы сауда көлемінің жартысынан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Екіжақты сауда көлемі 1 млрд АҚШ долларынан асып отыр. Астана Үндістанға уран, мұнай және болат экспорттаса, Үндістан Қазақстанға фармацевтика өнімдерін, тоқыма және тұтыну тауарларын жеткізеді. Сонымен қатар, 2024 жылы «ҚазИнд-2024» атты бірлескен әскери оқу-жаттығулары өтіп, ынтымақтастық стратегиялық салада да дами түсті.
Өзбекстан — өсіп келе жатқан нарық
Үндістанмен тауар айналымы 500 млн АҚШ долларына жақындаған Өзбекстан Үнді өнімдері үшін маңызды нарыққа айналуда. Импорт көлемі 1,3 млрд доллардан асады. Өзбекстан Үндістанға жеміс-жидек, минералды ресурстар мен мақта жеткізсе, Үндістаннан дәрі-дәрмек, техника және ауылшаруашылық өнімдері импортталады. Ынтымақтастық «Үндістан – Орталық Азия» диалог алаңдары арқылы белсенді дамуда.
Тәжікстан — көлемі шағын, маңызы зор
Тәжікстанмен сауда айналымы 100 млн АҚШ доллары шамасында болғанымен, бұл ел қауіпсіздік саласында маңызды рөл атқарады. Мұнда Үндістанға тиесілі жалғыз шетелдік әскери нысан — Фаркор әуе базасы орналасқан. Саудадағы негізгі бағыттар — алюминий, фармацевтикалық өнімдер және тұтыну тауарлары.
Қырғызстан — көрсеткіштері шағын, байланыстары берік
Қырғызстан мен Үндістан арасындағы сауда көлемі шамамен 50 млн долларды құрайды. Алайда білім беру саласындағы ынтымақтастық ерекше дамуда: мыңдаған үндістандық студенттер Қырғызстандағы медициналық жоғары оқу орындарында білім алуда. Бұл байланыстар болашақтағы экономикалық әріптестіктің іргетасы ретінде қарастырылады.
Жалпы алғанда, Орталық Азия мен Үндістан арасындағы сауда-саттық көлемі әзірге басқа жаһандық әріптестермен салыстырғанда төмен, дегенмен өсім қарқыны жоғары. Ынтымақтастықты дамытуда негізгі бағыттар – энергетика, инфрақұрылым және цифрлық технологиялар болмақ.