Қазақстан су апатының алдында

26

Қазақстандағы су саласы ондаған жылдар бойы мемлекеттік назардан тыс қалып келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында инфрақұрылымның басым бөлігі жекеменшікке беріліп, іс жүзінде ұмыт қалған еді. Саланың басқару жүйесі де әр тарапқа бөлшектенді: ирригациямен – Ауыл шаруашылығы министрлігі, су қоймаларының жағдайымен – Экология министрлігі, ал су ресурстарын пайдаланумен – энергетика саласы айналысты. Саланың біртұтас және жүйелі басқару тетігі мүлде болмаған.

Құтқару шаралары қаншаға түседі

Су ресурстары жөніндегі жеке министрлік тек 2023 жылдың соңында қайта құрылды. Араға бірнеше ай салып, 2024 жылдың көктемінде елді жаппай су тасқындары шарпыды. Бұл апатты жою үшін республикалық бюджеттен 137 млрд теңге бөлінді. Дәл сол кезде Қазақстанның су апатының табалдырығында тұрғаны анық байқалды.

Министрлік деректеріне сүйенсек, фермерлер суармалы судың жартысына жуығын тозығы жеткен инфрақұрылым кесірінен жоғалтады. Қазіргі таңда елдегі су арналары мен бөгеттердің 70%-ы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ресми түрде 300-ден астам нысан (бөгеттер, дамбалар мен су қоймалары) апатты жағдайда деп танылған.

Әсіресе Сырдария өзенінде бөгеттердің бұзылу қаупі жыл сайын тіркеледі. Бұл Қызылорда облысындағы ондаған ауылға тікелей қауіп төндіреді. Жамбыл облысында да ирригациялық желілер күйреудің алдында тұр. Тіпті ел астанасына маңызды стратегиялық нысан саналатын Астана су қоймасы да апатты жағдайда екені анықталды. Ғалымдар бұл нысанды тазарту мен бөгеттерін нығайтуды 15 жыл бұрын ұсынған. Ауқымды жұмыстар тек биыл ғана басталды. Жобаның аясында су қоймасының түбінен 50 мың тонна тұнба шығару жоспарланған.

Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, салада тәртіп орнату үшін шамамен 2 трлн теңге қажет.

Жасанды интеллект – қолмен басқарудың баламасы

Министрлік ахуалды жақсарту үшін 2025 жылы толық іске қосылатын Ұлттық ақпараттық жүйеге үміт артып отыр. Бұл жүйе – цифрлық «ми» іспетті: ол су тасқындарын болжауға, су шығынын бақылауға, гидротехникалық нысандардың жай-күйін тіркеуге және фермерлермен әділетті суару келісімшарттарын жасауға мүмкіндік береді.

Қазірдің өзінде жүйенің жекелеген модульдері пилоттық режимде жұмыс істеуде. Гидрологиялық болжам үлгілері Нұра, Есіл, Сырдария және Жайық өзендерінің бассейндерінде дайындалған.

Алайда, мәселелерді түбегейлі шешу әзірге кейінге шегерілуде. 2030 жылға қарай тек 40% су нысанын цифрлық бақылауға алу жоспарланған. Қазіргі реконструкция жұмыстары негізінен зерттеу мен есептеуге ғана негізделген. 2028 жылға дейін шамамен 370 су арнасын жаңғырту көзделуде, бұл су шығынын азайтуға бағытталған.

Судың сапасына қатысты да сын-ескертпелер көп. Қазақстандағы өзендер мен су қоймалары өнеркәсіптік кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы және коммуналдық қызметтер тарапынан ластануды жалғастыруда. Министрліктің мәліметінше, елімізде сарқынды сулардың небәрі 29%-ы ғана екінші реттік тазартудан өтеді. Салыстырмалы түрде айтқанда, Ұлыбританияда бұл көрсеткіш – 94%, ал Израиль мен Сингапурда – 100%-ды құрайды.

Бүгінде Қазақстанда суы тіпті суаруға да жарамсыз 15 өзен мен 5 су қоймасы бар. Тағы 37 су нысаны терең тазартуды қажет етеді. Алайда бұл жұмыстардың нақты қашан және қалай жүзеге асырылатыны әзірге белгісіз. Қазіргі таңда негізгі үміт – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке артылып отыр. Себебі тәжірибе көрсеткендей, суды қолмен басқару тәсілі өзін-өзі ақтамаған.

Фото: iStock

Munarmedia.kz 22.09.2025 /Астана/