Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) алты халықаралық деректер жиынтығына сәйкес, 2024 жыл бақылау тарихындағы ең ыстық жыл болғанын растады. Сонымен қатар, соңғы онжылдық түгелдей ең ыстық жылдар ондығына кіріп, температуралық рекордтарды жаңартты.
2024 жылы Жер бетіндегі орташа ғаламдық температура 1850–1900 жылдар аралығындағы орташа деңгейден 1,55 градус Цельсийге жоғары болды. Бұл көрсеткіштің қателік мөлшері 0,13 градус деп есептелді, деп хабарлады ДМҰ-ның біріктірілген талдауы.
Бұл әлемнің, шамамен, алғаш рет орташа жылдық температурасы өнеркәсіпке дейінгі кезеңнен 1,5 градусқа жоғары болған күнтізбелік жылды бастан кешіргенін білдіреді.
«Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның бүгінгі талдауы тағы да дәлелдеп отыр: ғаламдық жылыну — бұл қатал шындық», — деді БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш.
Барлық алты дереккөз 2024 жылдың ең ыстық жыл болғанын растады, дегенмен олардың барлығы температураның 1,5 градусқа аса жоғары болғанын көрсете бермейді, себебі әдістемелерде айырмашылықтар бар.
«Жекелеген жылдардағы 1,5 градус Цельсий межесінен асу бұл мақсатқа ұзақ мерзімді перспективада қол жеткізу мүмкін емес дегенді білдірмейді. Бұл бізге дұрыс жолға түсу үшін одан да көп күш салу керектігін білдіреді. 2024 жылдың рекордтық температуралары 2025 жылы климат бойынша төңкерістік шаралар қабылдауды қажет етеді.
Климаттық апаттың ең ауыр салдарларынан аулақ болуға әлі де мүмкіндік бар, бірақ көшбасшылар әрекет етуі керек — әрі қазір әрекет етуі қажет», — деп қосты БҰҰ басшысы.