Газа мәселесі бойынша «Бейбітшілік кеңесінің» алғашқы отырысы 19 ақпанда өтуі мүмкін

10

Munarmedia.kz 11.02.2026 ж. /Астана/ Газа секторына қатысты құрылған «Бейбітшілік кеңесінің» алғашқы отырысын 19 ақпанда өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Axios басылымы америкалық шенеунікке және кеңес құрамына кіретін төрт елдің дипломаттарына сілтеме жасап хабарлады.

Ақ үй «Бейбітшілік кеңесіне» мүше мемлекеттердің көшбасшылары қатысатын кездесуді ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Дереккөздердің мәліметінше, қазіргі уақытта саммиттің форматы мен шақырылатын көшбасшылардың қатысу мәселесі талқылануда.

Кездесуді өткізу алаңы ретінде жуырда Дональд Трамптың аты берілген «Бейбітшілік институты» қарастырылып жатыр.

Сұхбат бергендердің бірі жоспарлардың әзірге алдын ала сипатта екенін, алайда АҚШ әкімшілігі мемлекет басшыларының қатысуға дайындығын нақтылап жатқанын атап өткен.

Еске сала кетейік, 22 қаңтарда Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында 19 елдің өкілдері «Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына қол қойған болатын.

Қатысушы мемлекеттердің қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа елдер бар.

Сарапшылардың пікірінше, бұл құрылым Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу мен халықаралық дипломатиялық бастамаларды үйлестіруге бағытталған жаңа алаң болуы мүмкін.