Орталық Азияда жемқорлықпен күреске не кедергі? CPI-2025 индексінің қорытындылары

19

Munarmedia.kz 11.02.2026 ж. /Астана/ -Transparency International ұйымы 2025 жылға арналған Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін (CPI) жариялады. Құжатқа сәйкес, Орталық Азия елдерінде ашықтық деңгейі әлі де төмен күйінде қалып отыр.

Ұйым сарапшыларының бағалауынша, азаматтық қоғамға және тәуелсіз бақылау институттарына қойылатын шектеулердің күшеюі өңірдегі жемқорлыққа қарсы реформалардың тиімділігін төмендетіп отыр.

Биылғы рейтингте әлем бойынша 182 мемлекет пен аумақ қамтылған.

CPI-2025: Орталық Азия елдерінің көрсеткіштері

  • Қазақстан — 38 балл, 96-орын;

  • Өзбекстан — 31 балл, 124-орын;

  • Қырғызстан — 26 балл, 142-орын;

  • Тәжікстан — 19 балл, 166-орын;

  • Түрікменстан — 17 балл, 167-орын.

Қазақстан. Сарапшылар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті қайта ұйымдастыру және оның бірқатар функцияларын Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беру мәселесіне алаңдаушылық білдірген. Олардың пікірінше, бұл тәуелсіздік, есептілік және бақылаудың тиімділігіне қатысты сұрақтар туындатуы мүмкін.

Қырғызстан. Transparency International дерегінше, үкіметтік емес ұйымдарға қойылатын талаптардың күшеюі қоғамдық бақылау мүмкіндіктерін шектейді.

Өзбекстан. Есепте формалды реформалардың белгілі бір ілгерілеу бергені айтылғанымен, жемқорлықты зерттеп жүрген журналистер мен блогерлер әлі де қысымға ұшырайтыны атап өтіледі.

Тәжікстан мен Түрікменстан әлсіз институттар мен репрессивтік тәжірибелердің жоғары деңгейіне байланысты рейтингтің соңғы орындарында қалып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, тәуелсіз сот жүйесін күшейтпей, журналистерді қорғау тетіктерін қамтамасыз етпей және мемлекеттік шешімдердің ашықтығын арттырмайынша, Орталық Азиядағы жемқорлыққа қарсы реформалардың әсері шектеулі болып қала береді.