Соңғы жылдары COVID-19 туралы аз айтылатын болды. Әлемнің 10 млннан астам тұрғынын жалмаған бұл індеттің шығу тарихы әлі де болса толық зерттелмей келеді. Дегенмен алдағы уақытта бұл індетті таратқандар белгілі болуы мүмкін. Себебі оның нақты пайда болу себептері әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. Жағдайдың құпиялануы мен саяси астарлануы және ұзаққа созылған үнсіздік көптеген сұрақтарды жауапсыз қалдырып отыр.
Шын мәнінде, бұл мәселенің көптеген қырлары бес жыл бұрын-ақ белгілі болған. Ал қазір бұрын күдік тудырған жайттар айқындала бастады. Өйткені осы жаһандық апаттың түп-тамырына терең үңілмесек, он миллионнан астам адамның өмірін қиған пандемияның қайталануы әбден мүмкін.
Германия баспасөзі COVID-19-дың шығу тегі туралы Германия барлау қызметінің (BND) баяндамасын жария етті. Бірақ оған көшпес бұрын, пандемияның басталуына қатысты жүргізілген зерттеулер мен 2020 жылы әлемдік баспасөз беттеріне жазылған кейбір маңызды материалдарға назар аударуды ұсынамын:
"Қытайлық матрешка","Қытай және Чернобыль стилі", " Чернобыль стилі","Айдаһар үшін ақиқат бомбасы""COVID-19: Қытай зертханасынан тарады ма?"
Германияның федералдық барлау қызметі (BND) COVID-19 пандемиясы Қытайдың Ухань қаласындағы зертханадан тараған болуы мүмкін деген қорытындыға келген. Бұл тұжырымға барлау қызметі 2020 жылы жариялаған, деп хабарлайды Süddeutsche Zeitung және Zeit басылымдары.Бұл зерттеуді Германия канцлері кеңсесі тапсырған. Алайда алынған деректер кейін құпияланып, қоғамға ашық жарияланбаған.
BND-нің зерттеуі "Saaremaa" деп аталған арнайы барлау операциясының нәтижелеріне негізделген. Бұл операция барысында Қытайдың ғылыми институттарынан, соның ішінде Ухань вирусология институтынан алынған деректер талданған. Жинақталған материалдарда қауіпті эксперименттердің жүргізілгені, табиғи вирустардың зертханада жасанды түрде өзгертілгені, сондай-ақ қауіпсіздік ережелерінің жүйелі түрде бұзылғаны туралы деректер бар.
Журналистердің мәліметінше, Германия канцлері болған Ангела Меркель тұсында BND басшысы Бруно Каль канцлер кеңсесін зерттеу қорытындылары туралы жеке өзі хабардар еткен. Барлау қызметінің есебінде вирус зертханадан тараған болуы мүмкін деген ықтималдық 80-95% аралығында деп көрсетілген. Алайда канцлер кеңсесі бұл ақпаратты ресми жарияламауды ұйғарған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) соңғы төрт жылда SARS-CoV-2 вирусының шығу тегіне қатысты барлық болжамдар өз күшінде екенін бірнеше рет мәлімдеді. Ұйым сарапшыларының Уханьға жасаған сапары бұл зерттеудің тек бастамасы екенін айтқан.
2024 жылдың желтоқсанында ДДСҰ Қытай билігін "COVID-19-дың пайда болу себептерін анықтау үшін барлық деректерді "ашық жариялауға" шақырды. Ұйым бұл әрекетті "адамзат алдындағы ғылыми әрі моральдық міндет" деп атады.
Дереккөз: Тимур Сейтмуратовтың Facebook парақшасы.
Фото: Chinatopix, Associated Press.