Мыңдаған адам Тбилисиде парламент алдында наразылық акциясына жиналды. Қаладағы басты көшелердің бірі Руставели даңғылы жабылып, полиция көліктері күзетуде. BBC мәліметінше, құқық қорғау қызметкерлерінің саны көп емес.
«Күшті Грузия» оппозициялық коалициясының көшбасшысы Мамука Хазарадзе митинг бейбіт сипатта өтіп жатқанын және іс-шара барысында алдағы әрекет жоспары жарияланатынын атап өтті.
«Үкіметпен болатын жалғыз келіссөз жаңа сайлауды халықаралық бақылаушылардың көмегімен өткізу мәселесіне қатысты болады», – деп мәлімдеді оппозициялық «Бірлік – Ұлттық қозғалыс» партиясының жетекшілерінің бірі Георгий Вашадзе.
Жиналғандар алдында Грузия президенті Саломе Зурабишвили де сөз сөйледі.
«Біз сіздердің дауыс беру құқығыңызды қорғау үшін күресеміз. Қазір пессимизмге орын жоқ, сабырмен және басымызды тік ұстап, дауыстарымызды қорғау маңызды», – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Грузиядағы парламент сайлауында билеуші «Грузин арманы» партиясы 53,92% дауыс жинады. Сайлау нәтижесімен келіспеген оппозициялық партиялар жаппай наразылық акцияларын өткізетіндерін мәлімдеді.