Бұл туралы адвокат Данильхан Шағатаев өзінің Telegram арнасында хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы кәмелетке толмаған жолаушыны Астана әуежайында жалғыз қалдырып кеткен соң, даулы жағдайдың ортасында қалған еді.
20 шілдеде Зере және Зауре Ғалиевтер есімді егіз қыздар АҚШ-тан Оралға Астана арқылы қайтып келе жатқан. Тіркеу кезінде FlyArystan қызметкерлері тек бір қызды рейске тіркеп, Зереге отырғызу талонын бермеген. Мәселені шешуге уәде етілгенімен, бала әуежайда қараусыз қалып, ұшақ Оралға ұшып кеткен. Қыз үйіне тек келесі күні, ересек адамсыз, жалғыз ұшып жетті.
«Сотта жердегі қызметкердің айтуынша, FlyArystan сыйымдылығы 188 орындық ұшақты 180 орындық ұшаққа ауыстырған, нәтижесінде Зере 181-ші болып, бортқа кірмей қалған жалғыз жолаушы болды», – деді адвокат.
Қыз өз орнын 19-20 шілдедегі рейстерден қалып қойған басқа ересек жолаушыларға берген.
Әуе компаниясы баланы қаладағы қонақүйге орналастыруды ұсынғанымен, анасы оны қауіпсіз деп санамай, бас тартты. Сонымен қатар, компания анасының өтінішімен келген туысқанына қонақүй беруден бас тартты, себебі ол рейстің жолаушысы болмаған.
«Бастапқыда біздің талабымызды елеусіз қалдырды, бірақ іс қоғамдық резонанс тудырғаннан кейін мәселе назарға алынды. Бұл бірінші жағдай болмағандықтан, баланың анасымен бірге кәмелетке толмаған жолаушылардың құқықтарын қорғау бойынша нақты өзгерістерге қол жеткізуге бел будық», – деп бөлісті Данильхан Шағатаев.