Ғұсман молда Тілеубергенұлы, 1880 жылы Алтайда туылған, Керей Жәнтекей руының Шақабай тармағынан шыққан Қалықбай отбасынан болады.
Ғұсман молда, тек қана діни білім алған, атақты суырып салма ақын әрі қалжынбас кісі еді. Яғни көрген бір оқиғаны немесе әрекетті не көрмеген тек қана естіген бір жағдайды, табан астында шындай етіп, шебер жеткізе білетіні сонша, аузынан шыққан сөз, халықтың жадында сақталып қалатын. Бүгіндері жүз жасқа келсе де, әлі өлең шығарып жүр. Қалтырап тұрған оң қолын, сол қолымен басып тұрып жазуға тырысады.
Бүгіндері, ел арасында ауыздан-ауызға жатталып жеткен, бірқатар қолжазба туындылары бар. Мысалы: <Әғұзүден> , <Жер су>, <Өз өмір тарихы> және
<Қос тірнек > сияқты туындылары бар. Мұнда, мысал ретінде <ҚОС ТІРНЕК> атты туындысын мысал келтіремін.
1935 жылы, Шығыс Түркістанның Құмыл аймағының, Баркөл ауданының Қарақол деген жерінде отырған едік. Ол жылы, қыс өте қатал болып, қар мол жауды.
Қарақол, Баркөлдің Сары Шоқы тауының солтүстік түбіндегі бір жердің аты.
Қоян, көп кездесетін. Жабайы бүркіттер, қай жерде қоян көп болса, сол жерге жиі шоғырланатын. Сондықтан халық, әртүрлі амал-әдіспен, түз бүркіттерді ұстауға тырысатын. Қазір, еңгімеде айтылғандай, Ғұсман молданың ағасының ұлы болып келетін әкем марқұм Қақып Қаракелеңұлы, екеуі, ауада шүйлігіп самғаған бүркіттердің, екеуін ұнатады. Осылайша бүкіл қыс бойы, бұл екі бүркітті ұстауға ұмтылдық. Ақырында ақпан айында екеуін де ұстадық. Осы себептен Молда Ғұсман, бұл оқиғаны жыр етіп жазады. Бұл туындының аты <ҚОС ТІРНЕК> деп аталады.
Тақырыпқа кірісер бұрын, жақсы түсіндірілу
үшін, <ТІРНЕК, ҚЫРАН ЖӘНЕ ШЕГІР ПАЯН > сөздерін түсіндіремін.
Бүркіттің біріншісі: <АҚ ТІРНЕК>; жүні, ақ аралас бүркіттің екі жасындағысын атайды.
Екіншісі: Жүні, қоңырқай түсті болғаны; <ҚОҢЫР ТІРНЕК> деп аталып, көрген аңын алмай қоймайды да сол себепті мұндай бүркітті <ҚЫРАН> деп атайды.
Үшіншісі: <ШЕГІР ПАЯН> да бүркіттің бір түрі. Бұл сөздер, <Бүркітшілік> бабында түсіндірілген.
ҚОС ТІРНЕК
Бісміллә деп қаламды қолға алайын,
Дүниенің көрдім қызық бір талайын.
Артымнан алдым жақын көрінеді,
Келер деп өткен дәурен ойламаймын.
Мекен жерім Алтайдан көшіп шығып,
Еш қоймадың сөйле деп жиылған көп.
Мекен жерім Алтайдан көшіп шығып,
Қыстадық бірнеше жыл Баркөлді кеп.
Өнерім қолымдағы қалам хатым
Пәнденің кім біледі асыл затын.
Киік аулап, құс салып, әдет қылған,
Сөйлейін еліміздің салтанатын.
Қыстадық сол жылы келіп Қарақолды,
Ой мен қырын араладық оңды солды.
Бар еді Қақып деген немере ағам,
Көп көрген сапар жүріп әрбір жолды.
Қақыбай Қаракелең баласы еді
Адамның көпті көрген данасы еді.
Өзі мерген, бүркітші бір кемеңгер,.
Анық сабаз жігіттің данасы еді.
Бар екен Қарақолда қалың қоян,
Қарлы таудың етегі бұталы ояң.
Қоян тұрған жеріне бүркіт келді,
Қызығын біраз сөйлеп еттім баян.
Мергеннің аң болады жайған қойы
Қоянның болып жатыр әркүн тойы.
Үйге жақын төбеге шығып алып,
Тамашалап қараймыз күні бойы.
Құстардың бірі үлкен, бірі кіші,
Қоян ұстаса жететін түгел күші.
Алладан тілеп құсқа тұс саламын,
Үміткер бір Алладан тірі кісі.
Ішінде екі тірнек құлаштайды,
Тұлғасы басқа құсқа ұнаспайды.
Бір Алла нәсіп етсе ажап емес,
Аспаннан қолы жетіп кім ұстайды.
Қақаң айтты ақ тірнекті мен алайын,
Көп құстың байқап жүрмін бір талайын.
Қоңыр тірнек молда еке сіз алыңыз,
Бір Алла нәсіп етсін айналайын.
Әуелі таңдап, ақ тірнекті Қақаң алды,
Нәсіп қылып аузына Тәңрі салды.
Сол айтқан қоңыр тірнек бізге түсті,
Бұл дүние опасы жоқ кімге қалды.
Ұстады Қақып ағай ақ тірнекті,
Жас балуан сияқты ақ білекті.
Сол тірнек жерге түспес қыран болды,
Қайтпайтын көзел екен тас жүректі.
Біраз күн түспей жүрді қоңыр тірнек,
Біреуді не қыламыз біреу күндеп.
Кімге түссе аламын еш қоймаймын,
Айтамын қоңыр тірнек менікі деп.
Аспанда айналасын қоңыр тірнек,
Болады маған медеу сені көрмек.
Көрдім де сипатыңа ғашық болдым,
Иа Алла осы құсты маған бер деп.
Қырандай желді күнгі аспандайсың,
Кісіден жақын келсе жасқанбайсың.
Егерде шабытыңа жолықтырса,
Қасқырды түлкі түрғой басқандайсың.
Бір күні тілегімді Тәңірім берді,
Түскен соң әр тұлғасын көзім көрді.
Алтай, Қобда әр жердің құсын көрдім,
Ешбірін оқшатпаймын осы теңді.
Құдай-ау айналайын бердің нәсіп,
Барады бек қуанып көңілім тасып.
Түлкінің бір аяғын алқымында
Отырсың бір аяқпен жерді басып.
Қай жерде кім біледі мекеніңді?
Затыңнан қандай құстың екеніңді?
Нәсіп болып кез болдың бақытыма,
Талайым сені көріп көтерілді.
Бұл құстың көрінеді асыл заты,
Мүлтік жоқ тұла бойда там (дәл) сипаты.
Тіршілікте жігіттің жан жолдасы,
Қыран құс, түзу мылтық, жүйрік аты.
Жапырақ сыртқы жүні қоңыр қаздай,
Бағайын тербиелеп ала жаздай.
Қаз жүнді қоңыр құс деген осы,
Аң көрсе ұшатұғын қанат жазбай.
Жануар көзі шегір, жүні қоңыр,
Қыран құс тоймайтұғын болады обыр.
Осындай бір асылды қолына алып,
Аң аулап саясатпен жүрсе болыр.
Жолында шегір паян болдым құмар,
Жүрегім алып ұшқан қашан тынар.
Ақша қар, қара бүркіт, қызыл түлкі,
Қияда ұстап жатса ұмар-жұмар.
Халифа Алтай "Анажұрттан Анадолыға дейін"
Түркия Мәдениет Министрлігі
Анкара 1981, 1998
Түрік тілінен аударған:
Еркегүл Арыққара қызы
Ғұсман молда Тілеубергенұлы, 105 жасқа таяп, Түркияда қайтыс болды. Мекені жаннат болсын. Әмин!