Дэлүүн мектебінің іргетасы
МХРП VI съезі (1926) шешімі бойынша социалистік ұлы жорықтың екінші кезеңінде яки 1930 жылдары Моңғолияға арнайы жолдаумен Кеңестік КИМ-нің (Коммунист Интернационал Молодёжный) өкілдері Абай Қасымов (1896-1939) (зайыбы Тәшіңке Мирқасымқызы) Шәріп Өтепов (1906-1981) (зайыбы Ділнұз Қасымова), Бердіқожа Жолтаев (1910-1975), Қайырбай Тілеубердиндермен (1905-1943) бірге Қазақстандық ұстаздардың алғашқы легі келуінен кейін шеттегі этникалық аз ұлттардың білім игеру мәселесіне өтпелі өкімет тарапынан амалсыз көңіл аударылып, өткендегі өкінштерді өшіру үшін өзгеше мәндегі идеологиялық жаңа науқандар басталды.
Сталиндік жүйенің қансоқта алаңы қаймана жұрттың қаймақтарын қасапхана болғызған жыртқыш барыстың 1938 жылы сұмындық алғашқы бастауыш мектептің іргесі қаланған. Дэлүүн жалпы аумағы 559 499 шаршы шақырым. Күн шығысы Ховда мен Дуут, Батысы Шыңжаң Өр Алтай және Алтай, Толбо сұмындарымен шектесетін түңкелі ұйық. Көктөбенің миялы баурайы, Шегіртай өзенінің қияқты жағасы. Қошақ қошуыны Қобданың құзырына бағынышты тұрған тұстағы тұңғыш тартылған білім ошағы, руһанияттың тас тағаны – кешегі оқу орны. Ұлт серкелері түгел құрықталған, «есіркуге» ұсталған жұрттың қалғандарын ұршықтай иіріп, ұйыстырып Партия ұясын құрған. Партия ұясының құзыреті негізі Шымшырұлы Ноғай (1902-1974)-да еді. Тұңғыш қоршан (хоршоо), адам мен малды қатар сауықтыратын бірнеше кигіз үйдің қасына биік сырыққа қызыл жалау ілінген – бұрынағы заты жұпыны көмескі қошуын Дэлүүнге Ленин көсемнің көменістік мектебі келді.
1938 жылы маусымда Мемлекеттік Кіші Құрылтай басқармалары (МКҚБ) және Министрлер Кеңесінің біріккен жинынында Ховда аймағына қарасты ұлт азшылығы қазақтардың тағдыры қарастырылды да әйгілі 50-ші қаулы қабылданды. (Улсын Бага Хурлын Тэргүүлэгчид, Сайд Нарын Зөвлөлийн хамтарсан тогтоол, дугаар 50. 1938 оны 6 дугаар сар) Үрейленген халықты тыныштандыру яғни олардың сауатын ашуға арналған – «ағарту үйі» – осы мектеп құрған елдің есебінде. Мектепке басшы захирал немесе хакімі көне Ховдадан тура тағайындалған көменес Жылбаагийн Гагаа (1914-1987) деген қазақшасы әжептәуір туба азаматы. Ол, 1926 жылы Ховдада бастауыш, 1930 жылы Улан-Удэ қаласында Рабфакті (Жұмфак) бітірген, 1932 жж. Моңғолияның Ағарту министрлігіне қарасты Ховда бөлімінде істейтін зиялы еді. Жылбаагийн Гагаа Ховдадағы әкімшілік хатшысы Бәжіұлы Қабидың нұсқауымен келтірілді. Өкіметтің арнайы мақсаты – Дэлүүнде тұңғыш қазақ мектептің тағанын тарту, жаңаша социалистік білім һәм қызыл мизамға жас-өспірімдерді шұғыл бейімдеу болды. Қобда аймағы Таранның шебер үйшілері әзірлеген мектептің баспанасы мен шағын мүлкін оншақты түйемен кіре тартып, шілденің ми қайнаған аптабында көшіріп әкелген азамат руы қарақас – Толықбайұлы Мәукетан (1902-2002). Сонымен қатар дейтін руы саңырау – «алтын тісті» Мәмиханұлы Қабас (1900-1973) деген тұңғыш ұстаз. Ескіше арабша, ұйғыржың латын, әріптерін толықша, сәбеттік жаңа кириллді жартылай ғана танитын Қабас өте ширақ жігіт болса керек. Кезінде ұшақтан парашютпен секірген («Залуу үе» сэтгүүл» // 1923.1962 он) қазақ.
Ел-жұрттан алым-салықтан жиналған азынаулақ несібе қазына, қазан-ошақ, азық-түлікке арналған қосалқы мүкәмал, аз мал, мүлікке: руы найман – Нұрсейітұлы «шұбар» Жақып деген кісі ие. Сол кезде «шұбар» Жақып 70-тер шамасында болған. (Жылбаагийн Гагааның естелігінде де солай жазылыпты – РС.) Шежіреші Мақидолда Қинаятұлының айтуынша «щұбар» Жақып Нұрсейітұлы 1880 жылдарда туған, найман ішінде қаратай, жалғызбасты, жақсы сауатты болған жан. Қой бағып жүрген жерінен кенет саясатқа байланысып, қолды болған құрбан, тағдыры дүдәмал бейбақтың өзі туралы тың дерек табылмады, бәрі түп-тамырымен құртылып, түгел түгесілген сықылды... Сонымен «есірку-эсэргүү» деп байлар мен молдаларды түгел қудалап, ұстап біткен сталиншіл баскесер кезде 1938 жылы 25 тамызда Шегіртай өзенінің жағалауына мектептің үйлері тігілді де Қошуынға қарасты жиылған қауымның 29 өкілдерінің алқауымен елуге жуық оқушылары бар ескінің жалғасы – жаңа мектептің шаңырағы көтерілді. Бұрынғы әулие қарттардың ату мен айдалудан қалғандары көңіліндегі өкініш пен көкірегіндегі жарақатты жазып, орынын оңауына елдің ертеңін болжаған ой таласымен мектептің әужайын кеңескен. Кеңеске тән келісім мәміле ұзаққа созылмаған.
Талайды басынан өткерген Қамқаш Исаұлы (1885-1965): – Мынау белдің арғы жағындағы Өр Алтайда баяғы – «Абақия» мектебінің (1907) болғаны бізге үлгі болмай ма, деп иегіндегі жиреннің тікеніндей сақалымен кірен жақты нұсқап, көз-кірпігін қиястап Балбағайдың Ажығына қарай лақтырған... Табиғатынан әзілқой Ажық төбе құйқасының оймақтай тақыр жерін саусағымен нұсқап, «анау біледі...» дегендей Тақырға қарата көзін қысып, бетін тыржитқан!? Ұраңқайдың балалары қай тілде оқиды, деген сыңай танытқан!? Қошуын мөртаңбасына ие (1939-1940) өршіл нұсқаушы, өкіметшіл белсенді басшы Тақыр Халифа: – Біздікі ол социализмнен бөлекше. Ол, оқу уәзіриятымен дүңгеннің соғысы шарпыған тауық жылы (1933) біржола құрығаны қайда?! дейді... Шешендігінде шек болмайтын руы ителі Көксінбайдың Қайсасы басын жалма-жан көтеріп: – төренің тұқымы Шәріпхан Көгедай ол ішкөлді (школ) «Үлгі» етіп қайта тірілткен жоқ па еді, мына Шотпақтың қатыны ұл тапқан ит жылы (1934) деп мырс еткен... Тұнжырап үнсіз отырған Түнғатар Халифа: – мынау ителі Қайса дұрыс айтады, Тарбағатайдағы – «Шәуешек» кимінәзиясы да жұрттың арқасында аяғынан тұрды ғой...» деп ағасы Тақырға жақтырмай қараған. Қабағы түйілген Қайдар Маңғұлұлы: – Іледегі «Жабықбай» оқуы да өткен тауық жылы жаңадан ашылған... Кеңестің ауаны нашарға шабатын кезде: «үй менікі демегін, үй артында кісі бар...» деп шорт қайырған бай Қамқаштың уәжімен дау созбақтап барып бітсе керек. Сөз тәмәм болып, тек іскерлікке қарай әңгіме өрби жөнелген.
Осылайша айтыстан кейін ардақты сауапкер ғұлама жаңа хакім Жылбаагийн Гагааны арнайы еңселі арабша зилүһр раһман үйі секілді оқшаулау ортаға тігілген отаушаға орналастырды. Өзге лашық үйлер оқушылар оқитын көшпелі класстарға арналды! Өкініштісі, жаңа хакімнің қызметі осы жылдың қараша айына дейін толық бір тоқсанға ғана жалғасты. Ол, қазақ, ұраңқайлардың арасында ұзақ уақыт тұруды қаламады, әлде басқа саяси себебі болды ма, әйтеуір анау, мынауды сылтауратып, партиясы жүктеген қияметті хакімдіктен мұрсат сұрап, кейін қайтқан... Дэлүүн мектебінің іргетасын қалаған хакімнің есім, сойы қалың бұқараның жүрегінде қалған тобасы – тұба Жылыбайұлы Қағай (Жылбаагийн Гагаа) деген жарықтық осы кісі! Оның қасындағы серіктері Себетұлы Шолтай және «алтын тісті» Қабас Мәмиханұлы дедік. Тарихи күрделі тұлға, дэлүүндіктердің бастапқы 50 шәкірттің ұстазы – Қабас Мәмиханұлының болмысы туралы аңыз әңгіме өте мол. Шекаралық әккі барлаушы болыпты, нақтысы қай жылы екені беймәлім әйтеуір атақты парашотист. Балаларының есімдерін де түрліше берген баһадүр: Түн Хуа (Тоңхан), Кәрой (Гүлжамал), Мао Цзэдун (Мауқан), Жоу Эньлай (Жұпархан), Хошимин (Қожа) тт.
Көктебеден Бортыға – көне араб, ұйғыржыңнан латынға...
Көктөбенің баурайы өзге маусымдарда жайлы болған мен қыста суық, отын-су, азық-түлікке де мұқтаждық басым, әр көлемнен келетін білімгерлер үшін жер біршама шалғай. Бұрынағы Жәнтекей мен Қошақ қошуыны мен жаңа құрылған партия ұясының тұрағы әубастан қолайсыз жерлерге орналасқан. Әмбесінде ескі мен жаңаның қайшылығына тап болған, айдалып, атылып, адаланған аз ұлттың руһы шала сөнгендей қапас басқан ауыр халде еді. Бұндай бұлағай да ауыр сәтке толы отызыншы жылдар ойраны ойсыратқан, әкімгерліктің әуіресі мен әлегі жетіп, біріне екіншісінің сенімі әбден кеткен өңшең мөңмезілік ақуалы өлмелі жұртты әбден титықтатып, сенделтіп тастаған еді. Баланы мектепке беру деген – қара іске жан бергеннен қиын шақ! Ұзын саны екі-үш мұғалім, бес-алты көмекші, 50-60 оқушыға Көктөбедегі Қоршан да, жүн жуатын Мөйке де түбеселікті жайлы орын бола алмады. Осынау алмағайып тұста Көктөбенің баурайын шала-пұла қыстаған мектеп: ендігі кезекте (1939 жылы) Борты өзенінің өргі жағасына қарай жұрт жаңалап, жыла-қонақтауға мәжбүр болған. 1940 жылға дейін жәдитшілдік һәм жаңа араб, 1941-1942 жылдары латын, бұдан кейін кириллге көшетін науқан күтіп тұрған. Бессаладағы ел-жұрттың аманаты бойынша «бәрімізге бірдей жақын, оңтайлы ортақ ұрымтал тұсымыз, межеміз осы болар» деп таңдаған абыздар мен ішінара белсенді кешуіндер келмеске кеткендерден қалған бірлі жарымды кемел қарттармен іштесіп, кеңесіп, кермалдаса келе кеңірек ақыл қосып, келешек кең аралдың қақ ортасы – жаңа Дэлүүннің түп орталығы болады деп түгел мақұл көрген деседі. Адамзаттың ақыл ойын үрлеген аралдағы соц-мектебі осылай гүлдеген. Біз үшін Лев Толстойдың Ясная Полянасы секілді – балалық шақ, ересек кездің, бозбалалықтың боз аралы болған кешегі – жаңғырған жаңа заманауи Дэлүүн, бүгінгі – қаңыраған даладағы ескі түп осы! Күркіреген бұлты, сарқыраған бұлағы, бұрқыраған түтіні бар руһ түбі – Дэлүүн! Көңілдегі арылмас – киелі «түп». Төменгі «түп» – Көктөбе! Орта «түп» – Көксерке! Төбедегі «түп» – Көк тәңірі!
Беу, уммиа Шолтай хакім
Мектептің етек-жеңін тез жинап, есеңгіреген елдің еңсесін көтеруге сонау Қызылқайыңнан түйемен көшіріліп, келтірілген Шыңғыс Айтматовтағы «Алғашқы ұстаз» һәм шеруші – бақат атаның ардасы небәрі 27 жасар көне самгардидегі уммиа Себетұлы Шолтай (1911-1974) еді. Ежелгі бір мектепте хакімді «уммиа» деп атаған. Оқу мен тұрмыстың тауқыметі тура қабаттасқан бүткіл бір кезеңдік күрделі науқанға тікелей араласуға міндет жүктеген Шолтайдың еңбек жолы осы оқыс уақытта опырылған ортада басталды. Онымен бірге Улаанбаатардан 1935 жылы мұғалімдер мектебін тұңғыш бітірген түлек – руы қангелді – Жапарұлы Рүстем (1905-1993) зауыштық (заведующий учебной частью) қызмет етті. Осымен екі бірдей отты жас кадрдың екпінді іс – қызметінің арқасында 1939 жылдан кейінірек ұнжырғасы түскен жүдеулеу көшпелі мектептің іргесі сәл кеңіп, ілкіні сәл көтеріліп, араб төте мен ұйғыржыңмен қоса латын қаріпіне көшті.
Шолтай хакім шорланған түйінді шешуге бар күш-жігерін салып талаптанғанымен оның қызмет мерзімі небәрі үш жылға жуық шамада ғана жалғасыпты. «Баласы Себет зәңгі, аты Шолтай, ұрғанда балаларды қолы да оңқай...» деп құрдасы Шәмер Нәрінұлы деген ақын арнайы әзіл өлең де шығарса керек!? Ұрса ұрған шығар! Несі бар!? Бірінші классқа келгендердің көбісі өзімен тұрғылас болса! Бірінші класқа келген шәкірттерінің кішісі 14-18, ересегі 18-20 жаста, көбі ауқаттылардың сотқар, еркелері болса – хакімннен кейде шапалақ жеуінің өзі заңды құбылыс еді. Алайда, хакім Шолтайдың орасан игілікті еңбегінің нәтижесін дэлүүндіктер кейінгі жылдарда өте көп көрді. Біздің руһанияттың зүмбір сүмбесі һәм сүлдесі Шолтай хакім! Оның отбасы Шіңгілбайқызы Шөкей және тұңғыш кішкентай қызы Мәрияш, 1940 жылы Дэлүүнде бір қызды болды да есімін Күлияш (кәдімгі қазақтың жазушы қызы, белгілі педагог Күлияш Шолтайқызы) деп қойды. Сол Күлияш қыз 1963 жылы Абай атындағы Педагогикалық Институтты (ҚазПИ) бітіргеннен кейін келіп, осы Дэлүүнде 1969 жылдары көп еңбек етті. Қызы Жанна Қатранқызы осында туды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында: «...Кім білсін, оқу адамды қайта тудырады...» деген бір уәжіп осыған қатысты айтылған болар...
Кілең кірмембестердің діңгірі
Дэлүүн деген елді мекеннің мектебінен оқып білім алғандарды түгел түгендеу мүмкін емес: дейтұрғанмен қарадан шыққан арлы даралардың, даңқы даңғайыр елге мәшһүр, деңгеуір төрге бас болған өңкей кірмембес дөкейлер һәм кілең өрелілердің өмірдегі тағылымды үлгі өнегелері өзалдына бір өсиет, түмен тауыриһатқа ғибрат. Олар отты жылдарда туды, оқты жылдарды бастан кешті әрі жиһандық ауқатсыз пролетарлардың (proletarii) қанымен келген халық революциясының даң құрдастары! Мысалы, алғашқы ұстаздардың бірі, руы ботағара – «ұзын» Қисаұлы Арыққара (1920-1978), руы қарақас – Бұлықбайұлы Кәмерия (1920-1990), алғашқы шеріктердің бірі, руы машан – Көкбасұлы Құдабай (1920-1981), руы молқы – Бәлшекуұлы Дөрбетхан (1920-1997), Қобдада шерікте жүріп қыршын кеткен руы машан – Жәнімханұлы Қапай (1920-1939), Моңғолияның Еңбек Ері, руы машан – Темірханұлы Нұқ (1921-2000), Моңғолияның Халық жазушысы, руы қарақас – Мағауия Сұлтанияұлы (1921-2009), Қарапайым қамшыгер аңызи азамат, руы қошақ – Темірханұлы Қажекбер (1921-2004), Құсбегі, суырыпсалма – импровизатор, руы ботағара – Кегенұлы Әшімхан (1921-1991), Партия қызметкері болған, руы қошақ – Мәдиұлы Мұхтархан (1921-2005), Сауаттанудың жанама сабағынан жаңаша хат таныған, балуан руы машан – Сәтішпанұлы Шерияздан (1921-2003), Бірлестік тұсында ел басқарған тұлға, 13 рет депутат болған, атанжілікті әйгілі балуан, руы ботағара – Мұратханұлы Тоқтарбай (1922-1998), Моңғолия қазақтарының көсемі аса дарынды тұлға, руы машан – Құрманхан Мұқамәдиұлы (1923-1964), алғашқы мал сауықтырушы, руы ботағара – Секейұлы Матай (1923-1990), партизан, қошақ – Мақұлханұлы Сейітқауан (1923-1993), руы атантай – Адырханұлы Батай (1923 – 1965), ел басқарған тұлға, руы ботағара – Мұратханұлы Тоқтархан (1924-1999), осы мектепте хакім (директор) болған және ел басқарған тұлға, машан – Әлімханұлы Шайзада (1924-1991), сауатсыздардың мұғалімі, атақты тұлға, қангелді – Ахмерұлы Орынбай (1924-1986), сауда саласының үздігі, қошақ – Мұқаметұлы Қапыш (1924-2001), Тұңғыш шопыр Қуандықұлы Қапсемет (1925-2003), қатарлылардың қанаттанған құрсағы, қара таныған қайнар бұлағы, құйма алтынға тең ұйықты ұясы – Дэлүүннің мектебі. Тұңғыш рет 1-ші класқа енген оқушылардың орташа жасы ересек 14-18 жаста көбісі тұрмыс құрған, бірлі екілі сәбилі болған жас жеткіншектер болса керек... Бұлар Көксеркенің баурайында өсіп-өнген үштен төрт кластық дәрегейімен ғана жүріп, болашақ аз ұлттың санасына жарық саңылау құйған, жанына нәр ұялатқан құлықсанасы зақымсыз саңылақ ұлағаттылар, кілең бейнетқор бірегей баһадүрлері болды. АҚШ-тың 16-шы президентін (1861-1865 ж.ж.) төрт жыл атқарып төрткүл әлемге мәшһүрленген небәрі 3 класстық білім игерген Кентуккидің кедейі Авраам Линькольні секілді кейіннен Дэлүүннің түмен тауқыметін түгел осынау теңдессіз ар-ұятты елу оқушы арқалады.
Он, он үш жасар оқушылар һәм біздің оғыландар
Бұдан кейінгі бір топ үкілі үміт жетегіндегі жеткіншектердің легі жеткенде мектептің тізе бүгер үйі сәл молайып, тізімдегі оқушыларының саны да сәл білімге қарай арта бастаса керек. Мектепке отшы мен қасапшының бір-бір орыны бекіген! Он үштегі отау иелері топ-тобымен оқуға ұмтылған. Құлықсанасы тұмадай таза бұлағай ұрпақтың тағы бір легі құдайдай сенген жаңа қоғамының тарихын жалаң қолымен жасай бастаған. Осы топтағы бүтін бір шоғыр жастар – жоғалған күндер мен омалған тұрмысты оңауға тәңірден жіберілген зейінді перуайлар секілді еді.
Бақ бастығынан социалистік саудаға дейін басқарған Секейұлы Шәпеш (1926-2005), Дэлүүннің алғашқы шопырларының бірі, таукен саласында шахтёр болған кенші, руы қарақас – Шақарұлы Бөкей (1926-1987), Малдың бақташысынан сәнтеріне (санитар) көтерілген руы қошақ – Мәдиұлы Көкенай (1926-2019), Адуын азамат, айтулы мерген, алғашқы зеректердің бірі руы қошақ – Түнғатарұлы Қаби (1926-1984), Қарадан туған қағылез (МХР Еңбек Ері Ұлболған Шегірткеқызының күйеуі) руы ботағара – Асқанбайұлы Райхан (1926-1973), Қарапайым ұстаздан Ұлттық қауіпсіздік саласына дейін барған руы машан – Мешпетұлы Ұлықпан (1926-1967), әр салада қызметте болған руы қошақ – Бұқарұлы Әдият (1928-1990), Тұңғыш дэлүүндік шопырлардың бірі руы қарақас – Құмарханұлы Бұқарап (1928-1992), Аймақтық деңгейге дейінгі жауапты лауазымдарда болған, қоғам қайраткері руы атантай – Түселбайұлы Қадыр (1928-1971), Сұмындық әкімшілік саласында сөз бостандығын ұсынған, өткен жүйедегі өктемдіктің құрбаны, руы қошақ – Тұлымханұлы Қанай (1928-1960), Сауатшыл ұстаз, Еңбек Ері, руы ботағара – Әренұлы Зәйтін (1928-1992), Қарапайым ұстаздан сұмынаралық сот, құқықтық прокуротуралық қызметтерге де ылайықталған руы машан – Бұқатанұлы Серікбай (1929-2003), Есеп-қисап саласында еңбек еткен тұлға руы ботағара – Жиреншенің Көмекбайы (1929-2008), Көп жылдар бойы мал дәрігері болған, руы ителі – Боқайұлы Таңқай (1929-1978), Білім, денсаулық салаларында қызмет жасаған руы қошақ – Әліпләмұлы Әбілтай (1929-1951), Ертеректе молдадан оқыған, есепке жүйрік, бригаданың сан тізімшісі Молдағұмарұлы Есірке (1929-1992), Мектеп хакімінен өзге өңірлік шекаралық қауіпсіздік ұйымында ұлты үшін ұлағатты қызметтер атқарған арда, сері, өмірден ерте қайтқан қайраткер руы машан – Борсықбайұлы Базархан (1930-1969), Ұстаздықтан бастап, ұзақ уақыттарда ел басқарған аға, руы шәку – Кәмелұлы Шәріпхан (1930-1996), Өмірі ұстаздықпен өткен тұлға, руы қошақ – Зияданұлы Сағи (1930-1998), Сұмындық хатшыдан бастап көп түрлі қызметтер атқарған, көпті кешкен зиялы жан, руы қошақ – Шабақұлы Нығмет (1930-1994), Керейдің тегене құйрық қызыл қойының тұқымын сақтап, өсірген даңқты шопаната, руы қарақас – Бұлғынбайұлы Қоншық (1930-2000), Халықтың өскін жастарын сауаттандыру, бірлестіктер шаруасына белсене ат салысқан тұлға руы ботағара – Райханұлы Арапхан (1930-1999), Моңғолияның халық әртісі, руы ботағара – Арғынбайұлы Моңғолхан (1930-2004), Қазақтың нағыз нар жігіті, саналы ғұмыры ұстаздықпен өткен өрен сымбатты тұлға машан – Қалдеұлы Мұқибат (1931-1983), Өмірі ғибратқа толы, әулие текті, мүштегінің шоғын сарғайып күйген бас бармағымен бүркеп қойып, сабырлы салиқалы кейіппен сан түзеп, есеп үйретін ұстаз руы қошақ – Шыңшайұлы Қыстаубай (1931-1990), Бригадалар мен бақтың басшысынан сұмын хатшысына дейін ғадел еңбек еткен едел-жедел істің елпегі, руы машан – Жұмаханұлы Қапыш (1932-2013), Шебер, кестеші ұстаз, керім өнерлі әнші руы машан – Қамқашұлы Шобай (1932-2011), Мектеппен бірге жасасқан ардақты ұстаз руы – молқы Тұрдыханұлы Ләтіп (1932-1993), Өзі иықты, сөзі білікті жұрттың сүйікті ұстазы руы ботағара – Степанұлы «ұзын» Көкенай (1932-1995), Сыбызғышылыр руы нұра - Сауыржанұлы Тотай (1932-1993),руы сәрік - Құмақайұлы Кәлек (1935 жт.), Баян-Өлгийдің сарабдал идеологі, ұлт жоқшысы, ақпейіл арша азамат, руы ботағара – Баянбайұлы Мақан (1933-1996), Қара сөздің желқайығы, қазақтың үнімен Улаанбаатар радиосы арқылы жарты әлемге құйқылжыта жар таратқан әңгір ділді диктор, көсемсөзші, ел басқарған аяулы тұлға Қанақияұлы Ауғанбай (1933-1994), Басшылықта қыруар міндет, қызметтерді атқарған руы ботағара – Азанбайұлы Сағидолда (1933-2006), Тырқай тәйжідей тектінің тұяғы, алғашқы аға дәрігерлердің бірегейі зиялы, руы қарақас – Жәкейұлы Есмағызам (1934-2022), Мал дәргерінен әкімшілікке, әкімгерліктен мәмілесіз күдір жүйені басқару жолында жүйелі еңбегімен елге танылған тұлға руы қарақас – Жүнісханұлы Асқар (1934-2023), Жалғыз өзі бүтін концерт, түп көлептің түтінін түтетіскен өнерпазы, жалынды жарқа ақын, руы қарақас – Шотпақұлы Шынасыл (1934-2023), Руһани өмірдің көшбасшысы, ұстаздардың ұлығы, руы ботағара – Мәмилеұлы Қаман (1935-1985), Қазақ тілі пәнінің хас шебері, сөз іліміне өзін шыңап жеткерген, өрен өнегешіл, Телжан Шонанұлының «Оқу құралы»-ымен сусындаған, руы қарақас – Тоқтарханұлы Жапархан (1935-2004), Өмірі ұстаздықпен өткен, қазақ тілі пәнін үйретудің кемеңгері Қабылдаұлы Қамел (1937-2017) қатарлы қайрақ әрі қаймақ тұлғалардың әрқайсысы – бір-бірін толықтырған, әр бірі ірі шежіреге, іргелі тауариһатқа татитын тамыры кең, тарамысы берік, ынтасы зор, ықылас санасы недәуір зерек, ерек тағылымгерлер.
Сол кездегі осыларды оқыған толық 4-7 кластық оқудың игілігі қайтадан қайырымен – «кадр» болып оралды да халықтың ой санасын самалдатып, қаламын ұштап, көлемін көгерткен. Бұлар зәуде құмға көмулі жәуһерлер сынды сыны асыл, іші білгір шіркіндер-ді. Тоталитарлық көзқақты жеккөрінділеу, құдайсыз жүйеден шынайы мейірімді өте аз көрген жүптері мүләйім ләйім, түпке шырмаулы, мүдделі һәм мүлде өңге өмір кешкендер. Ілімге іріктеліп – МГИМО-да (Московский государственный институт международных отношений) миларын езбеген, иманы мен иллаһи имани иланымын шірітпегендер. Өзге жүйенің идеологиялық зіліне көп ілінгенімен құлықсанасы құлантаза сау жандар еді. Көзқарастары да қыңыр заманға қарап қылиланбай жөнімен төл қалпында мұқалмай сақталған. Қайран ағалар қаймана халықпен тынымсыз бірге болған, ең керемет – ел сөлді ілкінді ірілер есебінде!
Қазақ қыздары – сауаттанды
Жаңа соц-заманға амалсыз бейімделген қыздар Дэлүүн мектебінен білім ала бастады. Бастауышта оқудағы орташа жасы 10-20 аралығындағы бейкүна арулар. Замананың салған ағысын жақсы талдап, таңдаған қыздардың ата-аналары да олардың жолдарын кес-кестеп еш шектемеген деседі. Революцияның алғашқы 20 жылында тек ауылда ғана өмір кешкен ару қыздар – жаңа заманға лайықтанып кеңестік жүйенің дүрмекті, ілгекті іс әрекеттеріне икемделіп, үйренісе бастаған. Солардың бірі – ардақты ана, руы ботағара – Рүстемқызы Сынап (1918-1980) 7-ші класта, Боз даланың боз бикеші, руы қарақас – Үйірбайқызы Кәукәр (1921-1995) 4-ші класта, Сұмындық мектептің шағын кітапханасында өмір бойы қызмет еткен руы молқы – Тұрдыханқызы Шәуен (Нұрғиза) (1927-2006) 7-ші класта, Дэлүүндегі тұңғыш дәрігер, руы шыбарайғыр – Әбілмәжінқызы Тония (1927-2006), Әлеуметтік әр салада қызметтеген ардақты ана, руы машан – Қамқашқызы Тоға (1928-2002) 7-ші класста, Атақты сұлулардың бірі ардақты ана, руы қарақас – Ұтыбайқызы Кәусәрхан (1928-2005) 4-ші класта, Ардақты ана, руы қарақас – Жиындықызы Қоян (1928-1956) 4-ші класта, Қазақ аруының таңғажайып мінезімен үлгі болған руы жәдік – Әукенқызы Әймен (1928-2001) 4-ші класта, Мәдениет пен өнерді және көшпелі өркениеттік, азаматтық қоғам тынысын ерте сезінген, талантты ару руы машан – Рәпілқызы Әлімхан (1930-1996) 7-ші класта, Тұңғыш жоғарғы маманды білікті дәрігер, руы қошақ – Өмірзаққызы Шура (1930-2008) 7-ші класта оқыды.
Алғашқы оқу қабылдаған 10 арудың екеуі ғана ЖОО-ын бітірді. Құстардың қос қанатымен ұшатыны – табиғи құбылыс. Адам да өз қосағымен өмір сүрмек заңды. Жас арулар тұрмыс құрды да туған жеріне ту тікті, тұғырға қонды, отау көтеріп, от жағып, түтін түтетті, ұрпақ туып, бала өсірді. Исрайл Сапарбай ақын жырлағандай: «Қыз өссе – елдің көркі» деген сөзді, қапысыз қалай айтқан қайран бабам!». Сымбатты ару Сынап – ителі Тамтықұлы Мусаға; Балғын ару Кәукәр – баһадүр жігіт Адырханұлы Батайға; шәлкемдеу мінезді Шәуен қыз – қойдан қоңырқай шәңгі жігіт Бұқайұлы Кәбдиге; дәрегей, дәрігер қыз Әбілмәжіннің Томпышы (Тония) – шебер нобайшыл, дәруіш текті Қамқашұлы Шобайға; Төңіректің көрікті аруы Кәусәрхан – Көксеркенің еңселі азаматы Көкбасұлы Құдабайға; бай Қамқаштың пәңқырмызы қызы Тоға – қыран жігіт Қожамсейітұлы Қырықбайға; Жалғызағаштың ерке қызы Қоян – Жаматының серке жігіті Жиреншеұлы Көмекбайға; гүлдей әсем де ерке қыз Әукенқызы Әймен – әдепті де білдей бозбала Әнтайдың Күлиласына; аяулы ару Әлімхан – кәдімгі Кәмелдің Ықанбайына; су жаңа дәрігер ару Шура (Шуақай) – жастардың жаңа басшысы Қақанұлы Жәнімханға бұйырды! Сауатсыздарға сабақ үйрете жүріп, қыр сұлуларына қыран көзі түскен Арғынбайұлы Моңғолханға – Миқыбайқызы Сәмиян сұлу, Әренұлы Зәйтінге – Аттыбайқызы Күләш ару бұйырыпты! Исрайл Сапарбай ақын ағам былай депті: «Мен қазақ қыздарына қайран қалам...» деп рас айтыпты!? «...Жігіттің жампозына теңдесе алар, Батыр да, Баһадүр де, Ер де солар! Ел басына күн туса... Белін буып, Жүйріктің пырағына ер де салар!..». Беу, қайран ару апаларым!
Жаңа серпіндер
1940 жылы Дэлүүнге руы қангелді – Қожамсейітұлы Қырықбай (1911-1985) басшылыққа келді. 1940 жылдан бастап мектеп жаңа замандық үдеріспен
біртіндеп өркендей берді. Көршілес Құжырты (Хужирт), Тұлба маңындағы (Толбо) сұмындардың оқушылары дәріс ала бастады. Алғашқы оқушылар араб (төте) әліпбиімен, соңғылары бүткіл Еуразияға тараған латын әліпбиі және кирилл әрпімен сауаттанып, қара таныды. Сол жылдары Моңғолияның қазақ диаспорасы (ирреденттері) маман тапшылығынан оқу сапасы алғашқы кезеңде жаппай сауатсыздықтың салдарынан айтарлықтай тырбанып, тым суыт арыла алмады. Шетелдегі этникалық қандастардың сауаттылығын арттыру мақсатында Советтік Қазақстан КП ОК-ның бюросы бұл мәселені екі рет талқылап, 14 кәсіби мұғалімдерді Моңғолияға жолдау туралы шешім қабылдады. (Моңғолия Кіші Хурал Басқармаларының №137 қаулысы, МХР Министрлер кеңесінің 1940 ж. Қараша 04, МХР Министрлер кеңесі 1940 ж қараша 22 күнгі №44 қаулысынан: Үнэн газеті, 1942 ж. №102) Осы шешімдер негізінде Қазақстандық ең таңдаулы 12 маман сұрыпталып 1940 жылы шілдеде келтірілді. Мұнда: Семей Абыралыдан Төлеубай Қордабаев 1915 ж.т, (Цагаан голда тұрды), Сауранбай Тілеуберді (Баяннуурда тұрды), Қарағандыдан Сейтахмет Есмағанбетов, Батыс Қазақстан Теректіден Қожақметова Рашида 1920 ж.т. және Шүкейұлы Нұқтар (Улаанхуста болған, бұл туралы Махфуз Қ. «Кәрі апамның мұғалім баласы» естелігінде жазады «Тұрғылас түлектер» 2020. 325-338 бб.), Жамбыл – Қордайдан Мұғди Қадыкенов, Алматы Іледен Жомарт Шынықұлов 1914 ж.т, Ақтөбе – Орал ауданынан Иманали Ораз, Жамбыл Меркеден Құрбанәли Сәмбет, Павлодардан Айдарбек Қайыргелді 1913 ж.т, (Дэлүүнде тұрды), Алматыдан Жапар Тыналин 1916 ж.т, Шыңғырлаудан Сұлтан Аймұқанбетов, Батыс Қазақстан Чапаевтан Қайролла Молдағалиев 1911 ж.т, қатарлы мамандар Моңғолияға аттанады. (Қинаятұлы З. Моңғолиядағы қазақтар. ІІ кітап.- Алматы: Дүниежүзі Қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы. 2007. 143 б. //Қозғанбаева Г.Б. Баян-Өлгий аймағы қазақтарының мәдени және ағарту саласының тарихы.халықаралық ғылыми – практ. конф. материалдары. - Алматы, 2013. – 203 б.) Бұлар ең күрделі кезеңдегі һәм 1940 жылы Баян-Өлгий аймағы құрылғанда бүткіл көлемде небәрі 11 бастауыш мектепте оқитын 970 оқушыларды баулыды және шала, толықша сауатты тұңғыш 25 мұғалімдерге көмектесіп, олардың қатарын толықтырып, білім саласында жақсы қызмет атқарды. Өкініштісі алыстан келген ағалардың өзара қарым-қатынасы бірін-бірі аңдумен астасып, сонша қайырлы, оншама жақсы болмаған секілді.
Рүстемнің үлесі, Қайыргелдиннің қайырлы ісі
1940 жылы Кеңестік Қазақстандық арнайы өкіл-мұғалім, ерекше еңбеккер маман Айдарбек Қайыргелдин Дэлүүнге жоғарыдан бөліспен келіп, ғылыми негіздегі тәлімдік дәрістерін бек шұғыл әрі тың тәсілмен үйретті. Оның руһани көмегімен оқушылар М.Нұрбайұлының «Қазақ әліппесі» және Зәкерия Ерғалиұлының «Әліппесі»-мен (1910-1921), Ахмет Байтұрсыновтың оқу құралдарымен, Молдағали Жолдыбаевтің (1887-1938) «Шала сауаттылар үшін» (1926) оқулықтарымен танысты. Осы кезден бастап, шеттегі қалың бұқара қазақтың жаңа замандық жазба әдебиетінің үлгісімен танысу мүмкіндігі туды. Солар арқылы жалпы қазақтың ағартушыларының, ақын-жазушылардың шығармалары шет жүрген қазақ жас-өспірімдерінің ынтасын тартып, сал ұйқысынан оятты. Алайда, 1941 жылы Дүниежүзілік ІІ қанды соғыс басталды да жалпы бұқараның тұрмысы күрт қиындады. Жаңа құрылған Баян-Өлгий көлемінде ұн, шай, күріш, бидай, шам, сіреңке, киімдік пұл, көйлек-көншектікке кездеме пұл атаулы тауарлар тіптен тапшыланды. 1940 жыл Моңғол елі үшін шаруашылық пен мәдениетті дамытудың бір жылдық жоспарлы науқаны жасалғанымен шағын экономикасы ішкі, тысқы салдарлардың әсерінен әдепкі қадамынан ауытқып, дағдарысқа ұрынып, ұмытылмастай қатты күйзеліске душар болды.
Көзір шай, бір қадақ ұн, көйлек-көншек үшін
Әсіресе 1941-1942 жылдарда тұрмыстық жағадай күрт ауырлады, жұрт ұн мен шай, күріш бидай т.б. халыққолды тауарлардан қатты тарықты. Кіре тарту арқылы ұн мен шайды Ресей Бейскден түйелі керуенімен таситын шұбырынды науқан жүрілді. Орыс өлшемімен 1 пұт ұн 16 келіге тең немесе 40 қадақ салмаққа пар еді. Осы кезеңде мектептегі балаларға беретін тағам мен отынның мәселесі апаттық деңгейге жетті. Ел-жұрт жаппай ашыға бастады. Осынау «тар жол, тайғақ кешуде» мектепке хакімдікке Жапарұлы Рүстем (1905-1993) тағайындалды. Барлығы 4 мұғалім, 120 оқушы, 7 қызметкері бар мектеп 12 кигіз үйде малдас құрып отырып сабақ жүргізді. Әліппе, қазақ тілі, ауыз әдебиеті пәндері, жаңа жағырафия, жаңа есептің төрт амалдары, жиһани дүниетану, кескін-бейнелеу дәрістері жүйеленді. Арифметика (arіthmos – сан) – сандар (бүтін түбір бәлки жай бөлшек) және оларға қолданылатын амалдар туралы ғылыми алғашқы санау мен өлшеудің (мысалы, қашықтықты, уақытты, ауданды, т.б. өлшеу) тәсілдері үйретілді. Советтік социалистік елдің оқулықтарына негізделген Қазақстанның оқулық, кітап-құралдары: Ғабит Мүсіреповтің «Жаңа ауыл»-ы (1930), Бейімбет Майлин мен Сәбит Мұқановтың «Жаңа кеңшар»-ы (1930), Мұхтар Әуезовтің «Жеткіншек»-і (1930) аз мөлшерде болса да осы өлкеге келтіріле бастады. ХХ ғасыдың ұлы ағартушысы жаңашыл ғұлама, күллі қазақтың руһани көсемі, текті (гений) ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ
хрестоматиясына» енген халық ауыз әдебиетінің байырғы үлгілері Қобда бетінде кең көлемде оқытылды: Мысалы, Өр Алтай өңірінен келген Ақыт қажы Үлімжіоғұлынан үйренген жыршы тақкулардың бірсыпырасы жатқа білетін көне хиссалар, қара өлеңдер немесе аңыз әңгімелер: «Лұқпан Хәкім», «Таза бұлақ», «Жиренше шешен» т.б. Сондай-ақ, аса зерделі әруақты қазақтың санасындағы таңғажайып қисынды қиялымен жанданған ертегілері – «Қара батыр», «Тазша бала», «Алтын айдарлы» т.б. қазақтың қаймақ ілімдері. Ежелгі көшпенді қазақтың эпостық, мифтік шығармалары – «Қобыланды батыр», «Алпамыс», «Тау көтерген Толағай», «Керқұла атты Кендебай» т.б-лар жас-өспірімдердің жадында қайта жаңғырды.
Бажай келген, кеткен...
1942–1943 жылқы жылында руы төлек – Аққазақұлы Бажай (1910-1944) деген жігіт мектептің хакім директорлығына келді де бір жыл бойы әжептәуір қызметтер атқарды. Жадау жұрттың ауанына жаңа мизамдық қызыл рең еніп, баяғы сең қозғала бастаған кезең. Өзгеше тәртіппен қосыла әсірежаңаша ойлау жүйесі келген келелі белес. Білім беру үлгісі өткендерден өзгешелеу революциялық лепелі өзгерістерге бейімделе бастаған өтпелі шақ. Бірақ та түрлі пыш-пыш наразылықтар, наразылықтар етек алып, үздіксіз үрей бүркей түскен уақыттың да кесірі бар. Құжыртының екі ірі бағы бүлініп, үркіп Өр Алтайға көшті. Әлеуметтік тұрмыстағы жоқшылық, түрлі қиыншылықтар күн санап жалғасты. Асудан ары асып көшкендер, азғырындылар көбейді. Ашыққан оқушылар мектептен қаша бастады. Ақыры Аққазақұлы Бажай ұстаз арызданып жүріп, азабы көп хакімдіктен бас тартты да Тұлбадағы Жәнтекей қошуынына қарасты өзінің ауыл мектебіне қайтып кетіп, кешікпей ішкі өлке жаққа қарай шерікке кетірілді де қайта тірі оралмады.
Ендірме үшін – бір уәж
Осынау тарихи кезеңде тек қана Дэлүүн емес басқа өлкелерде де Қазақстаннан оқитын жастарға саналы түрде жол ашылды. Мысалы; 1943 жылы 7 жылдық мектепті бітірген алғашқы 7 қазақ оқушысы Қазақстанға жоғарғы оқу орнына алынды. Бұлардың қатарында: Жапархан Расолұлы – математика, Кәлмік Әбілғалымұлы – физика, Боқыбай Байыншағанұлы – химия-биология, Базыкей Нориұлы – тарих-жағрафия, Әпенді Жеңісханұлы – орыс тілі, Кәбди Боқайұлы, Жапақ Көпірбайұлы қатарлы білімгерлер – тіл әдебиеті мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнын бітіріп, 1946 жылдан бастап елдегі қазақ жастарына жаңа түрдегі, социалистік мазмұнда тың формада пысықталған білім жүйесін үйрете бастады.
Тарихи куәгер аңыз Құрманбай хакім
Бұдан кейін 1943 мешін жылы әйгілі ұстаз Қобдабайұлы Құрманбай (1920-1987) келді. 1943-1951 жылдың арасында мектеп ұжымы иесізденіп, басқарушысыз шаруашылық жағы тұралап қалды. 1944 жылы шілденің 1-і күні Дэлүүндегі жаңа бастауыш мектебіне келген Қобдабайұлы Құрманбай мұғалім өз естелігінде былай деп жазды: «...1944-1951 жылы мешіннен барыс жылдарының арасындағы арпалыста Дэлүүн бастауыш мектебінде оқу ісінің меңгерушісі және хакімдікке келдім. Бұл кезде Дэлүүн мектебінде бар-жоғы 9 мұғалім, 250 оқушы болды. Кигіз үйлер қыста пана болмады да мектепке арналған жатаған тамдарды Ноғайтыдан (Моғойты) әкелген дөңбек, сырғауылмен қалап, батпақтан кірпіш соғып, шым ойып, қора - қопсы қопалап, жинап, жоқтан барды құрастырып, әйтеуір қарапайым тұрғылықты халықтың күшін асарлап, «лениндік субботникпен» әзер жасап алдық. Мектепті 8 жыл басқарғанымда мыңнан астам зерек шәкірттерім оқыды. Мысалы: Зияданұлы Сағи, Шыңшайұлы Қыстаубай, Кәлдеұлы Мұқибат, Жүнісбекұлы Қапсамет, Тоқтарханұлы Жапархан, Мәмилеұлы Қаман, Степанұлы Көкенай, Тұрдыханұлы Ләтіп, Қамқашұлы Шобай, Қанақияұлы Ауғанбай, Жұмаханұлы Қапыш, Бұқайұлы Қысыран, Әміреұлы Бақырған, Аманбайұлы Аятхан және 1945-1953 жылғы ең кішісі Қабылдаұлы Қамел (Қалақша) қатарлы өрен талантты шәкірттер оқып шықты да қайта айланып, өзі оқыған ұясы, қасиетті орыны болған ортасына оралды...» деп жазды. «Зәкіріліміз Құрманбай, айтқан сөзі имандай, дөкейлігі бір төбе, төбеден құдай ұрғандай» дейтін хакім осы Құрманбай еді. Бұл туралы Сиыршыбай Рахметұлы (1936-2008) «Мен 1944 жылы 1-ші классқа енген едім, қасымда Хайдавын Базар (1936-1999) деген қазақ тілді ұраңқай баламен 1949 жылға дейін Құрманбайдан оқыдық...» деп жазады. Дэлүүн мектебінің корифейлері бүгінгі көзі тірі Құсықбайұлы Адасқан, Шымбатұлы Ағараптар да осы алтындардың қатарынан орын алады. Бұл кезде 1944 жылы Қазақстаннан Қалымтай Бижанов деген баспагер жорналшы әрі кеңесші азамат келіп «Өркендеу» газетін барлық мектептерге жеткізу жолындағы іс-әрекеті жақсы қолдау тапты. Барыс жылы Дэлүүннің төлтумасы, әйгілі жазушы, тәржімашы, драматург Құрманхан Мұқамәдиұлы Баян-Өлгий аймағына басшылыққа келді де дереу сол бетте Дэлүүннің «ауырсынған» ахуалына назар аударып, Әлімхаұлы Шайзаданы – «өзің оқыған төл мектепті қолма-қол жөндеп, ұтымды уақаппен ұжымды бағыттауға барасың» деп арнайы жолдамамен жіберді. Сол кезде сұмынның 1945-1953 жж. басшылық тізгіні руы қарақас – Үйірбайұлы Мәнбардың (1916-2006) қолында болды.
1949 жылы Мемлекеттік ІХ Ұлы Құрылтай шақырылып аз ұлт қазақтардан 5 өкіл қатысты. Солардың қатарында Шымшырұлы Ноғай, руы төлек – Дүзелбайұлы Жеңісхан, руы ботағара – Санатбайұлы Ілияс (1919-1956), руы машан – Таңжарықұлы Риян, руы көнсадақ – Балтабайқызы Камерия (1893-1989)-лар болды. Ең ақырғы Мемлекеттік Кіші Құрылтай (МКҚ) мәжілісінде Ш.Ноғай, С.Ілияс, Т. Рияндар қалды.
Шайзаданың шарапаты
1951-1952 жылы немесе қоян жылғы жұтта дэлүүндік қалың бұқараның арнайы ұсыныс, тілегімен жергілікті жердің тумасы, аймақтық деңгейде жақсы танылған, жалын, жайлы зиялы 26 жасар Әлімханұлы Шайзада (1924-1991) директорлыққа тағайындалып, қайта серги бастаған мектептің 4 жылдық дәрежесін 7 жылдыққа дейін көтерді де оқудың аясын сәл кеңейтті. Ауыл мектебі ұлттық салт-санаға ден қоюмен бірге өз кезегінде білім игерудің ғылыми үлгісіне қарай біртіндеп бейімделді. Дэлүүн және Далакөл делініп жан-жаққа тартып, жақ-жақ болған жартыкеш мектептерге жоғарғы класстағылар бірігіп – жалпы білім беретін тәп-тәуір орынға айналды. Шайзада хакімдікке келген 1 жыл уақытта мектептің базалық жағы әжептәуір деңгейге жеткен. Қош! Қарапайым ауылдағы дала мектебі яки шым мен тастан жинаған түсі бөлек болса керек... Моғойтының бозсөңке қарағайы, Қарасудың сағасындағы сарлықтың сұрғайықы жапасы, қалың жылқының қарақұмақ тезегі, ақтылы қойдың көмірдей көк құмалағы шыңарған көкшетім қу қидың шоғымен жылитын зерхана! Көлмің қаңылтыр пештің көгілжің түтіні көлбең, пішіні доғал жұпыны жатаған тамдардың ескі жұмақи жұрты жатыр әлі. Қоңыр қазақтың қолымен орнаған бәдізді руһани баспана – дала минимализмі сықылды көңілге еңкіл жылы, біз үшін ең ыстық ұя, шың биік, тым тұңғиық, киелі сәулет осы болатұғын! Алақандай аралдағы Дэлүүн мектебі біз үшін ғаламдағы ең ғажайып кітапхана еді.
Улаанбаатардан ұлу жылы – Рыстан хакім келді
Жарқынбайұлы Рыстан (1918-2000) мектепті басқарған тұңғыш жоғарғы білімді хакім. Ұлу жылы яғни 34 жасар Рыстанның 1952-1954 жылдары жасаған еңбегі – орнауына 14 жыл ғана болған мектептің қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс жалғасты. Руы найман – Тауданбектің шөбересі Рыстан Жарқынбайұлы Улаанбаатардағы Мұғалімдер мектебінің түлегі (1941-1943) және Моңғолияның Әскери мектебін бітірген тұңғыш қазақ офицері (1945-1948) еді. Ол 1952-1953 оқу жылында Дэлүүннің мектебін 7 жылдық оқу жүйесіне толық көшірісті. Осынау қиын да қиыр жолда Дэлүүн мектебінің оқу ісінің меңгерушісі зауыштыққа өте зейінді зиялы 24 жасар Түселбайұлы Қадыр тағайындалды. Ұлу жылжып өтіп, жылан жылы келгенде Далакөл, Хужирт (Құжырты), Бұлғыннан біршама оқушылар келіп, білім алатын дәрежеге жетті. Содан кейін Дэлүүннің өзінен 7 жылдық мектеп бітіргендер түгелдей өрлеп оқыды, кейбірі қайта білім жетілдіру мен оқытуларға қамтылды және көршілес басқа да сұмындарға мұғалімдікке т.б. жауапты қызметтерге біртіндеп тағайындала бастады. Солардың бірі – атақты мал дәрігері Мәдиұлы Соңғырып (1939-2002) 1954 жылы 7 класты бітірді. Осынау әп-сәтте өткен 1953 жылы Әлімханұлы Шайзада туған жері Дэлүүн сұмынын басқарды. Қазақ тіліндегі оқу, ағарту құралдары және алыс, жақыннан баспасөздері жиі келетін болды. Дэлүүн мектебіндегілер тұңғыш рет Чадраавалын Лодойдамбаның «Біздің мектептестеріміз» (1950) повесін 1954 жылы мемлекеттік сыйлық алысымен қазақша аударма арқылы оқып танысты.
Кәбди хакім – күйеу бала
1954-1958 жылқыдан ит жылы арасында директорлық қызмет атқарған Бұқайұлы Кәбди (1921-1985) келгеннен кейін мектептің білім сапасы өрледі. Сонымен қатар «Өркендеу» газеті «Жаңа талап» (1957) жорналы арқылы кейбір тартымды мақалалар мен жүйелі танымдық ақпараттар жарияланып, оқушылардың білімге деген ынталарын недәуір жоғарғы деңгейге жеткізді. Кәбди осы еңбек жолында 1943-1946 жылдары өзімен бірге Қазақстанда білім алған физика пәнінің мұғалімі әйгілі тәлімгер зауыш Әбілқалымұлы Кәлмік мұғалімді (1954-1956) оқу ісінің меңгерушісіне шақырып, екеуара бірлесіп, қарқынды жұмыстар атқарды. Революциялық білім берудегі қызыл идеологиялық, технократтық парадигма идеясы көрінді. Төремінезділікке салынған қасаң тәсілмен күш көрсете ілгерлеген тоталитарлық жүйе әсіре әкімгерліктің нағыз ушыққан лаңды, шырқаулы шулы кезеңінің тұсы осы кез еді. Бұл кезде мектептің отшысы әрі аспазы аса адал, момын азамат Құдашұлы Шақа (1917-1989) болды. «...Қызыл Шақа кем иек, көжеңді құй көбірек, осы көже болмаса кетер едім еңіреп...» деген оқушының әзіл өлеңі осы кезде шықты! Марқұм Шақа мектептің ошағын (1954-1964) 20 жыл бойы күзеткен аспаз. Осынау 1954 жылы сұмын бастығы руы молқы – Қалқымаұлы Шәріпхан (1925-2010) болды. Сондайда жолдамамен уақытша келген жас ұстаз, белгілі ғалым, тіл танушы 22 жасар Базылхан Бұқатұлы және Архангай Мұғалімдер техникумына 1955-1959 жылы оқуға түсіп бітірген 4 қазақтың бірі 22 жасар Қабылдаұлы Қамел (Қалақша) Дэлүүн мектебінің болашақ ұлттық тұғырнамасын жасасып, оны жүзеге асыруға шама-шарқынша атсалысты. 1955 жылы Миқыбайұлы Аятхан (1940-2015) 7-классты үздік бітіріп, техникумға кетті. 1957–1959 жылдары оқу ісінің меңгерушісі зауыштыққа келген белгілі математик, жақсы маман Цэвэгжавийн Хорхой (Алтанцөгцлік) мектептің оқу үлгерімдерін біршама жақсартты. Қазақ өспірімдермен бірге ұраңқай ұлысының қыздары Ядамжавын Хандаа, Очирбат, Алгаагийн Бямба қатарлы оқушылар оқуға келді. Осы кезде жаңадан ұсақ бірлестіктер (нэгдэл) орнап мектепке қолдау болды. Мысалы; «Ахунтын мандал» (Аққұр айдыны 1955), «Шинэ алхам» (Жаңа қадам 1955), «Харгант» (Қарағанды 1955), «Қызылқия» (Улаан хад 1955), «Ургашаа» (Алға 1956), «Хөгжил» (Дамыс 1957), «Алтайн өргөө» (Алтай өлке 1958) секілді ұжымдықтардың құрылуы – салауатты көксақалдар мен ескі ақсақалдардың арасында әредік итіс-тартыс, дүрдеараздық, ептеп билікке таласушылық белең алғанымен іс-қимылдарының сәтті нәті де болошаққа болжамды, келешекке мелжемді болған. Осы бір руһаниятқа азды-көпті себі тиген шағын бірлестіктерді руы шыбарайғыр – Қанатбайұлы Жәнімхан, шәку – Секейұлы Шәпеш, машан – Темірханұлы Нұқ, қаражан – Санатбайұлы Ілияс, қаражан – «ұзын» Қисаұлы Арыққара, тайлақ – Шағиұлы Жәкей, қошақ – Жәнімханұлы Шаңия, ботағара – Мәуебайұлы Тотила, урианхай Даржаагийн Хөвш қатарлы мықтылар басқарды.
Демократ хакім Әбдікерім
Руы ұзынмылтық – Байтайлақ батырдың ұрпағы Біткенбайұлы Әбдікерім 1958-1959 жылдары белгілі демократ директорлық қызметке келді. Оның кейбір әділетті бастамалары жоғарыдағы диктаторларға жақпады. Осы жылдары Дэлүүнде бір топ азамат әділетсіздікке қарсы наразы жұртпен бірге, әкімгерліктің жөнсіз әрекеттеріне үндей бастаған уақытпен – хакімнің әрбір ширақ қимылы тұспа-тұс дөп келді. Осы сұмындағы жікшілдік пен рушылдық, азынаулақ өкіметтік саудадағы тең емес бөліс, тіпті сұмында болған әрқилы кемістіктерді сынағандар «саяси ұшынған бұрыс көзқарастағылар» делініп, «әділ сайлауға қарсы» ретінде танылып, асыра сілтеуші болды. Сондағы жүйені қатты сынға алған жастар тобы Әбдікәрім хакімге ниеттес жуық болды. Соның тура салдарынан, 1959 жылы қазан айының 1 жаңасы күні аймақтық МХРП ОК-ің бұйырасының (бюро) көшпелі отырысы сұмынға жиналып, «өкіметке қарсы топты әшкерелеп», қатаң шара жүктетті де Әбдікәрімді бірнеше бұйрықпен босатып, біржола аймақ орталығына қайтарды. Соңынан 1959-1960 доңыз, тышқан жылдары арнайы жолдамамен қызмет атқарған Шагдаржавын Цэдээ есімді зауыш немесе оқу ісінің меңгерушісі бір жылға жуық уақытпен ғана оқушыларға моңғол тіл әдебиетін үйрету жағын ерекше қадағап жүрді де онша нәтиже шығара алмай ол да кейін қайтарылды. Осы жолы қудалауға іліккен Тұлымханұлы Қанай, Секейұлы Шәпештердің саяси әрекеттері Жоғарғы соттың шешімімен толық ақталды. Өкінішке орай қудалау көрген тұлғалар бұл «ақтауды» көре алмай кеткен еді.
Біткенбайұлы Әбдікерім Дэлүүн сұмындық мектеп директоры. 1959 жылы қарашаның 2 жаңасында Аймақтық Парт Ком Бюро жиналысының 46/322 шешімімен оған «Жергілікті сайлауға қарсы болды» деп партиядан қууды ескертіп шара қолданылған. Баян-Өлгий аймақтық Ағарту бөлімінің бұйрығы (1959.11.05), тағы сол ұйымның (1961.08.25) бұйрығымен қызметінен қуылған. 1999 жылы шілденің 02 жаңасында ақталған. (Улс төрийн хэлмэгдэгсдийн дурсгал «Цагаан ном» ІҮ боть УБ,2014 он. 1027 х.154 дэхь тал)
Секейұлы Шәпеш (1926-2005). Дэлүүн сұмыны Октябрь-39 бірлестігі 4-ші бригада бастығы. Шәку. Бәйбішесі Жұмаханқызы Күлшекей. Балалары Дүрия, Жақсыбай. 1959 жылы қарашаның 2 жаңасында Аймақтық Парт Ком-нің Бюро жиналысының 46/322 шешімімен сайлауға қарсы өзге көзқараспен партия саясатына кереғарлығы үшін партиядан қуылып қызметінен босатылған. 2002 жылы шілденің 16 күні Баян-Өлгий аймақтық сұмын аралық соттың 519 санды үкімімен ақталған. 2005 жылы дүниеден өткен. (Улс төрийн хэлмэгдэгсдийн дурсгал «Цагаан ном» ІҮ боть УБ,2014 он. 1027 х.167 дэхь тал)
Тұлымханұлы Ханай (1928-1960) Дэлүүн сұмынының ХДХ-ның депутаты, сауда ұйымының бастығы. Баласы Нұрбат. 1959 жылы қарашаның 2 жаңасында Аймақтық Парт Ком-нің Бюро жиналысының 46/322 шешімімен «Жергілікті сайлауға қарсы болған» деп партиядан және қызметінен қуылған. 1999 жылы қарашаның 29 күні Баян-Өлгей аймақтық сұмынаралық соттың 2/302 қаулысымен ақталған. (Улс төрийн хэлмэгдэгсдийн дурсгал «Цагаан ном» ІҮ боть УБ,2014 он. 1027 х.165 дэхь тал)
Әдияттың тұсында
Байдың біткен малын бірлестікке кәмпескілеген «нэгдэл» деген құрыған нирвана ұйым құрылған жыл осы еді. Осылайша 1938 жылы «эсэргүү»-ге ұсталып 6 ұлымен бірге атылған Болатұлы Нәжітпан молланың шөбересі, Бұқарұлы Әдият 1959 жылы Дэлүүнде сұмын, бірлестікке уақытша басшы болды да оның тұсында барлық байдың малын тартып алған бірлестіктер (нэгдэл) құрылды... Малдың нілі, байдың құны кеткен, бұрынғы жалшының жаңа атауы – «нірбі» мен «қалшы» болған өтпелі дәуір осылай өтті!
Құсайын басшы құт болды
1959-1960 доңыз бен сиыр жылдары, руы төре – Бекейұлы Құсайын (1925-1986) саяси жағдайға шейін ушыққан, хаһи расы әдейі қолдан жасалған әрекетті жағдайды реттеуге арнайы тапсырма, жолдамамен сұмын мектебіне хакімдікке тағайындалып, отбасы Мешітбайқызы Қоян (1929-2016) әр пәндерден дәрістер берді. Көнсе – сөзімен, көнбесе – өзімен жеке сөйлесетін Көгедайдың ізбасары – «май жемейтін» төре Құсайын осылай 1960 жылы мектеп хакімдігінен кетіп, сұмын әкімдігіне төрелік етті! Оның тұсындағы істелген шаруалар өз алдына, ал, ол кісі өз кезегінде біршама өзгерістер әкелді. 1958 жылы 1- классқа енген жергілікті ұраңқай ұлысының ұл, қыздары түгелдей қазақша оқи бастады. Балжингийн Олзоо, Нямдэлэгийн Сурхбаяр, Намчингийн Энэбиш, Хэнзхүүгийн Батнасан, Самдангийн Цэрэнжав, т.с.с. жастар түгелдей қазақша оқып, білім алды.
Ұқыпты хакім Байдолда
1960-1962 жж. сиыр мен барыс арасында мектептің хакімдігіне руы секел – Сәдуақасұлы Байдолда (1921-2003) келді. («Білімнің қарашаңырағы» Дэлүүн 2018. 22-23 бб.) Сәдуақасұлы Байдолда марқұмның өз жазбасында: «мен 1962 жылы 5-айдың 5-і күні әкем Сәдуақас өмірден өткенде Дэлүүнннің мектебінде басшы едім...» деп жазылыпты және аймақтық ағарту бөлімінің Байдолда хакімді тағайындаған бұйырық та бар. Мектептің зауышы Арапұлы Жұпархан, шаруашылықтың меңгермешісі Дүйсенбіұлы Бөкі (1918-1997) болды да оқушыларының қағаз, қарындашы, сия сауыты сәл жинақыланды да жазу тақтасы мен жозасы қойылды. Жалақылы ұстаздардың саны өсіп, әл-ақуалы әжептәуір деңгейге жеткен-ді. Мектептің шағын кітапханасы әжептәуір байытылып, оқушыларға оңтайлы даяшылық жасалды. 1959-1962 жылдары көршілес Ховдада орнаған мұғалімдер техникумына 1962 жылдары Асқар (Қасқыр) Атығайұлы, Әскер Атығайқызы, Ядамжавын Очирбат (қыз), Зарқұмқызы Күлән, Күлән Тұрысбекқызы қатарлы білімгер ұл қыздар қамтылды. Осыдан кейін үздіксіз бастауыш мектептің мұғалімі мамандықтары бойынша қазақ балалары Ховдада оқытыла бастады. Осы жылдары Бұлғынан келіп оқығандардан «5» оқитын тентек руы молқы – Сейітпанұлы Можа, руы сарбас – Масайытұлы Қоңыр, руы молқы – Сапақұлы Нұрқұспан, әйгілі «клоун» Ләтіп Төлегенұлы (1946-1991), атақты ақын Кәкей Жаңжұңұлы (1947-1993) Дэлүүнде 7 класты үздік бітірді...
Қаман хакім болды
1962-1964 барыс, ұлу жылдары хакімдікке келген киелі Дэлүүннің тұмсығынан сыпырған төлтума баласы Мәмилаұлы Қаман осы туған жердегі мектептің қалыптасуына зор үлес қосты. Бұл кезде Бекейұлы Құсайынның қызметі өсіп, Сұмын басшысы (1963-1964) болған уақыт еді. Білім берудің кешенді тәсілдерін міндетті түрде жетілдіруге ден қойған өжет Қаман сұмындық деңгейде су жаңа жолдары қарастырылды. Ізденіс пен ілгерлеудің бір кезеңі басталды. Алайда жастықтың қызуымен сәл тәртіп бұзған Қаман хакім орнынын кетірілді. Осы кезеңде 1963 жылы Қанжекеұлы Шкал (1932-2019) мұғалімдікке келді. Оның баласы әйгілі ғалым Қалтай Шкалұлы 6- класты Дэлүүнде оқыды. 1960-1964 жылы Мұғалімдер институтын бітірген тұңғыш физ-мат, ғалым Қабдыразақұлы Қобдабай (1942-2021) Өлгийге мұғалімдікке келді, 1963-1965 жж. Ховдадағы Мұғаімдер техникумында оқыған Шайзадақызы Рыс Кәмерияқызы Бағай, Молдкейұлы Ықан қатарлы ұстаздар Дэлүүнге жолдама алды. 1964-1967 жж. бітірген Дөрбетханұлы Қуаныш, Ақажайұлы Рым екеуі Қобда сұмыны – Сарыбұлаққа оралды.Осы аралықта Моңғолдың полиция тарихында аты аңызға айналған Жұқан Мәулітұлы (1949-2012) 1957- 1964 жылы Дэлүүнде 7 класс бітірді де 1968-1972 жылы Әскери ЖОО-ында оқыды.
Дәуітбайұлы Бұқабайдың қарымы
Дәуітбайұлы Бұқабай хакімдікке келді де 1964-1966 жылдары еңбек етті.
Ұлттық деңгейдегі саяси қайраткер Тауданбекұлы Дәуітбайдың баласы Дэлүүндегі оқушылардың санасының көкжиегін кеңейтуге көп еңбек атқарысты. Тарихи куәгер Қобдабайұлы Құрманбайдың жеке мұрағатында сақталған естеліктерінде: «...1963 жылы 7 айда Дэлүүн бастауыш мектебіне қызметке келгенімде: 1964-1966 жылдары Дэлүүн мектебінде 10 мұғалім, 160 оқушы болды. Жаңа хакім жаңашыл Бұқабай Далакөл бастауыш мектебіндегі ересек класстағы оқушыларды Дэлүүнге қосып оқытуға белсене кірісті. Осы тұста Тұмсыханұлы Костер (жазушы, полиция полковнигі) ұраңқайдың қыздары Мишигийн Хорхой, Самдангийн Баянтүвшиндермен бір класста оқыды. Класстан класстарға көшкен оқушылар мақтанышқа айналды да Сол жылдары туған балаларға – «Мектепхан» «Класхан», «Мұғалімхан», «Есепхан» деген ерекше есімдер қойыла бастады! Соның нәтижесінде аталған жылдардың соңғы үш жылдық көрсеткіші бойынша жуық шамамен 360 оқушы тек қана ұлттық қазақ тілінде жаңа замандық білім игерді... Бұлғыннан келіп оқыған оқушылардың арасындағы ең үздік оқушы әлемдік деңгейдегі шыңаугер, суретші, мүсінші, философ руы арғын – Сағиданұлы Жанатхан (1950-2002) оқыды. 1965 жылы аймақтық математика олимпиадасы жүрілді де Дэлүүннен тұңғыш рет 7-класс оқушысы Кәмерияұлы Қасилан, 6-класс оқушысы Мағадиқызы Кәлимаш, 5-класс оқушысы Біләлұлы Жәнімхандар қатысып аймақтан ата-аналарына жұлдызды алғыс хат жолдатты...» деді.Осы 1966 жылы Бұлғыннан келген үздік екі оқушы: талантты ғалым Сәйт Зақанұлы және руы секел – Сіләм Рахатұлы еді. 1966-1969 жж. Ховдадағы мұғалімдер мектебін Қабылқақұлы Құпыр, Мағадиқызы Кәлимаш, Бөкіұлы Мұрат, Біләлұлы Жәнімхан және Мал дәргері техникумына Қайдарұлы Әлейхан, Матайұлы Укан қатарлы жас білімгерлер оқып оралды. 1961-1966 жылы руы машан - Нәбиханұлы Базарбай (1943-2023),1964-1969 ж. Қайдарұлы Дәлелхандар (1945-2015) Мемлекеттік Унивеситетті үздік бітірді. Нәбиханұлы Базарбай Ломоносов атындағы Мәскеу университетінде оқыды да (МУИС) университетте оқытушы болды. Руы атантай - Қайдарұлы Дәлелхан Моңғолияның топ 5 геологы қатарынан орын алып, соңыра "Сүхбаатар" орденімен сыйланды. Бұл кезде Дэлүүнге өзге жақтан келген басшының бәріне қандайбір мін тағылып, түртпектелді де айырықша береке-бірлік бола алмады. Сол кездегі сұмын басшылары 1964-1965 жж. Улаанхустық руы құрман – Мұхтарханұлы Ахмет (1918-2006) және де 1965-1968 жж. руы машан – Зуқаұлы Қайсар (1921-1980) деген азаматтар еді.
Ұстаздың қайта оралуы
1966-1972 жылда Бұқайұлы Кәбди қайтадан осы мектепке жолдама алды. Кәбдидің қайта оралғандағы тұсында жасалған ең үлкен шаруа 1968-1969 жылдары сегіз жылдық мектеп дәрежесімен білім жүйесі тұрақтана түсті. 1967 жылы Кәмерияұлы Қасилан Улаанбаатар қаласында өткен Республикалық математика сайысында 9-шы сыныптар арасынан алға шықты. 1970-1984 жылға дейін Дэлүүн мектебінде істеген Қобдабайұлы Құрманбайдың естелігінде: «...Дэлүүндегі 8 бөлмелі оқу құрылысы 1970 жылы пайдаға берілді...». Осы жылдары мектепке аяулы жас ұстаз Әнтайқызы Нәзиран апай келіп жемісті қызмет етті. 1968-1972 жылға дейін Дэлүүн сұмынын белгілі мал маманы Орынбайұлы Қатран (1935-2014) басқарды. Осы жылдары Шолтайқызы Күлияш мұғалім Дэлүүн мектебінде ұстаздық етті де мектептің әдеби, мәдени өмірінің өрістеуіне өлшеусіз өзгерістер әкелді. Дэлүүнді басқарған қос сабаз – Орынбайұлы Қатран мен Бұқайұлы Кәбди хакімнің отырған орындары – алтын тақтан еді! Мектеп хакімі болу үлкен мәртебе. Мектептің отшысы руы молқы-қошақ Шөдеұлы Ақмәдидің немересі Тәшекенұлы Мұтылап атамыз Кәбди зәкірілдің лауазымын тергеп, «Зәке» дейді екен!?
Тоқтаухан Сұлтанияұлы
1972-1975 жылдары әйгілі математик белгілі ұстаз Солтанияұлы Тоқтаухан мектеп тізгінін қолға алды. Белгілі математик Тоқтаухан Сұлтанияұлы Улаанбаатардағы Мұғалімдер даярлайтын ЖОО-ның түлегі (1961-1965). Орта мектептегі ұстазы Құсықбайұлы Адасқан аға. Тоқтаухан Сұлтанияұлының алғашқы шәкірттері Дөрбетхан Тотилаұлы (экономист, ғалым), Кәни Кәбдиұлы (ғалым, Иркутск ПТУ 1971, Патрис Лумумба (Lumumba) 1978, Чехия асп. 1983), Қасилан Кәмерияұлы, Ақан Қабдылұлы, Төлебай Нығарбайұлы, Батай Мақабылұлы, Мағыш Аятханұлы (академик), Ұлықпанұлы Бекет (ғалым, биолог). Дэлүүнге келгенде Зүлкәпіл Мәулітұлы (ғалым, ақын, жорналшы), Ғылымхан Әйіпұлы (авто-инженер-экономист), Шәріп Тұрапұлы (математик) т.т. озық ойлы озаттарды оқытты. Жалпы білімі мен зердесі мүлдемге өзгеше талант Сұлтанияұлы Тоқтауханның тұсында оқу сапасы күрт жақсарып, Дэлүүннің ұл-қыздары ішкі-сырттың техникумдары және жоғарғы оқу орындарына (ЖОО) жолдама алып оқыды. Тоқтаухан хакімнің өз кәлемі бойынша «сығып отырып» даярлаған шәкірттері бүгін шоң зиялылар қатарында жүр. Сол тұста ұстаздар құрамы да жайлап сапалана түскендей. Әсіресе қазақ тілінің дыбыс жүйесі (фонетика), сөз жүйесі (лексика), сөйлем жүйесі (грамматика) қатарлы қазақ тілінің мәртебесін білікті лингвистлер аға маман Тоқтарханұлы Жапархан, Шымбатұлы Ағараптан кейінгі жастар: Молдағұмарұлы Наурызбай, Құрмандолдаұлы Тойлыбай, Кәмерияұлы Қасилан, Шәпешұлы Жақсыбай, Тоқанұлы Қаулан, Тоқанұлы Бодаухан, Жұмаханұлы Қуанған, Қабисатұлы Қадан, Ыбырайханұлы Депухан, Қабданқызы Шукан, Мәнейқызы Уәзиралардың тікелей араласуымен жақсы нәтижелерге көтерілді. 1971-1973 жыл моңғол тілі пәні ұстазы Ұлықпанұлы Қайрылыстың (1938-2022) оқушыларды ресми моңғол тіліне баулу еңбегі нәтижелі болды. Ұлттық таным, тауырих және ана тілінің мүмкіндігін жетілдіріп, математикалық пәннің әдістемесі шеберлікпен сараланды. Сұлтанияұлы Тоқтауханның қоғамдық өмірдегі қызметін сәтті арттыруға: осы сұмынды 1970-1974 жж. басқарған Әлханұлы Тойлыбай (1972-1974) және таңдаулы ұстаздар қауымы тарапынан қисапсыз еңбек сіңірді.
Мәней мұғалімнің мәнері
1975 – 1979 жылдары мектепке руы төлек – Рахметұлы Мәней келді. Ерекше қағылез қағидатшы, ұқыпты, шынайы педагок, табанды тағылымгер, көрнекті көсемсөз зергері еді. Бұл кісі де Дэлүүнге күйеу бала есебінде! Рахметұлы Мәнейдің тұсында жаңа орынға көшірілген сұмындағы жаңа мектеп ғимаратының іргетасы қаланып, мектептің оқу менеджменті есе жақсарды. «Октябрь-39» бірлестігі тараптары кейде әкімгерлікпен ұстаздарды (дайчилгаа) деп төл туғызуға, малдың қора-қопсысын салуға жұмылдырарда – «ұстаздың қоғамдық міндеті – дұрыс дәріс үйрету, қолжаулыққа қоя бере алмаймын, олар қойшының торы аты емес...» деп атқарар ағартушылық міндетінен ажыратпау үшін қарсыласқан табанды менеджер осы – Мәней хакім болса керек. Өзі көсемсөз өнеріне шебер болғандықтан қазақ тілінің хал жағдайы сынға түскен тарихи бір кезеңде үндемей ғана атқарған үлкен бастамаларымен есте қалды. Қазақстаннан «Қазақстан пионері», «Ара», «Қазақстан мұғалімі», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Қазақстан әйелдері», «Білім және Еңбек» қатарлы газет-журналдары мейлінше көп келтірілді. Бұл кезде 1974-1980 жж. Дэлүүнді Әжіханұлы Болат (1944-2005) басқарған тұс.
Зардыхан хакімнің өшпес ізі...
1979-1990 жылдар аралығында Әбікейұлы Зардыхан директорлыққа келіп, мектептің білім жүйесі, оқу орнының материалдық базаларын ең жоғарғы деңгейге жетті. Дэлүүн мектебі ел көлемінде жоғарғы санаттағы білім ордасына айналды. Бірақ, бұрынғы Борты мен Шегіртайдың кең аралында емес – жаңа орында! 1980 – 1981 жылдары Дэлүүн сұмындық 10 жылдық орта мектебі дәрежесін алды. Мектептің ғимараты, жатақханалар бой көтерді. Барлық пәндердің 96 пайызы кабинеттік жүйеге көшті. Мектепте физика, химия, биология, музыка, мамандық бағдар, моңғол тілі, математика, ұстахана және ағаш өңдеу, түрлі сервис – даяшылықтар мағлұматы, қазақ тілі, тарих, жиһантану һәм жағрафия, орыс тілінің кабинеттері техникалық базасымен, көрнекі құралдармен 100 пайыз қанымдалды. Мұндайда Молдағұмарұлы Наурызбайдың физика кабинеті өз кезегінде білім беру жүйесінің жаңа үздік тәжірибесі деп аталды. Мектептің ұстаздары Әдепбайұлы Байдолда, әйгілі физик Әлімбетұлы Әсихан, Шалапұлы Дәлел, Бөкіұлы Мұрат, Қабисатұлы Қадан, Әбілғазыұлы Шәдеттердің жасап үлгерген жаңа-жаңа бастамалары – оқушылардың ұлғаюына парық, әр класстар болашақ ұрпақтың ұлағаттар алатын «алтын ұстаханасына» айналды. 1988 жылы мектеп қасындағы 13-топ ел көлемінде озып алға шықты. Әбікейұлы Зардыханның тұсында бұ мектепте 34 кабинет, 1518 оқушы, 82 мұғалім, 75 жұмысшы, қызметкерлермен ептеп іс-қызмет жүргізді. Әскери ұғыммен алсақ – мысалы, бүткіл бір дивизия секілді! Жатақханаға жылына 780 бала қабылданып, 100 пайыз ауылдағы шопандардың балаларына оқуға мүмкіндік жасалған-ды. Қажымас, талмас қайран ұстаздардың ерен еңбегі – «Ұлы Күн көсем, қайырымды үкімет пен партияның арқасында» деген ұранмен жүріп жатқанда: МХР Білім министрлігі, МРЖО 1984 жылы наурыздың 31 күні ел бойынша қуанышты хабар таратты. Жалынды салтанатты үндеуде: «МХРП ХVIII съезі шешімдерін жүзеге асыруда... Дэлүүн сұмынының қазақ орталау мектебі социалистік жарыста алға озып шығып, «Еліміздің озат мектебінің» барлық түрлі талаптарын орындады» деп жазылды. Әрине Зардыхан хакімнің ұқыпты ұжымының ұланғайыр еңбегі осылай бағаланды, қалай десек те!? Мектептің оқу-тәрбие жұмысы, ұқыпты, тың бастамалы шаруашылығы да нығайды. Ел көлемінде үлгі болатын кемелденген қазақ мектебі қалыптасты бәрінен де беу биігі! Сол тұрғыда МХР Білім министрлігі, МРЖО, ОПК біріккен мәжілісінде Дэлүүн мектебін – «Моңғолияның озат мектебі» дәрежесімен сыйлады. (БНМАУ-ын Ардын Боловсролын Яам, МХЗЭ-ийн төв хороо, ҮЭ-ийн байнгын зөвлөл. УБ,1984.03.31)
Өтпелі заман келді
Бұдан кейінгі Дэлүүн мектебінің нарықтық қатынас жылдарындағы оқу бағытнамаларын осы заманға сай қалыптастыруға Ховда мұғалімдер мектебінің түлегі, Мәскеуден арнайы ілім көрген, Улаанбаатарда ЖОО-ын озық бітіріп білім игерген ұстаз, руы ботағара – Біләлұлы Жәнімхан хакім 1990-1994 жылдары әжептәуір жұмыстар атқарды. Осынау өтпелі соц-жүйе және күрделі жабық қоғамнан ашық сықпыты һәм баяғы жаяу-жалшы үндістерді түгел жалмаған жабайы капитализмінің тұрпайы бір ұшығы жеткен. Жаппай жинаған мүлікті жаулай бастаған өтпелі 1980-1992 жылдары сұмынды басқарған бұрынғы зиялы, руы ботағара – Ілиясұлы Құлыбек (1947-2008) еді. Дэлүүннің экономикасы тұралап, қал-жағдай әбден қалжыраған тұстарда 1992-1998 жж. нарықтық қатынастың ауыр кезеңінің зіл салмағын арқалаған атпал, айбарлы азамат, атақты балуан, білікті мал маманы, руы қошақ – Қойлыбайұлы Сауырбай (1948-1998) азапты дәуірді басынан кешті. Бұдан кейінгі Жорж Соростық үлгідегі ғаламдық банк тонаушылардың тағы бір «измі» келіп жайпап өткен кездегі сүренді, сүреңсіз жағдайларды келесі кезекте жазармыз... Алайда, демократиялық тұңғыш басқару жүйесі, сөз бостандығы дәуірлеген бір кезеңде – сұмындық АӨХ-ның төрағасы қызметіне руы қошақ – Төкейұлы Баянхан дәрігер, Сұмын Әкіміне руы машан – Сағиұлы Бұлғынбай ұстаздар келді, мектептің қиын да күрделі менежментік шаруалары осылай жайлап жалғаса берді.
PS:
1981 жылы яғни, 43 жылдан кейін ұядай жылы орны бұзылған – ұйықты Дэлүүн мектебінің ескі орнында сынық инедей бір сынтас белгі қалмады!? Жекіргені – нақылдай, зекіргені – ақылдай, ақырғаны – алғыстай, шапалағы – сары майдай дәмді, шапағаты – маң даладай мәңгі, ұлағаты ұлы Абайдай хакім – данадан кем емес қайрандырым! Олардың «5» деген жоғары бағалауы – кәдімгі бесті атты жүлдеге мінгізгендей немесе өзгеше біртүрлі күменнің тәңір жүзік мөріндей-ді... Ал, қос көзіңнен сораңды ағызар «2» деген бағалауы – еңбекпен түзеу түрмесінен де қиын жаза, нағыз ауыр сын! Қызылмен дұрысталған сәтті диктантың – ғазалмен жазылған ғажабыңдай нәтті, тәтті естелік... Апталық бақылау есептен құлап бұрышқа тұрғаның – тажал дүниенің азабындай қатты сескену һәм құдай төбеңнен ұрған ескертулі күнек пен түнек! Тақыр басыңа тиген гаса таяқтың ұшы – көне батырлардың найзаларындай үнемі көзіңе төніп тұратын аян сиықты, өмірлік жадыңның түрткіші! Есіл де есіл жетекшіңнің ең киелі қолтаңбасы қалған тілдей жұлдызды құттықтау хатың – Нобель сыйлығынан да биік, құнды! Жұлдызды алғыс хаттың шекесіндегі – «барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» деген ұраны болатұғын! Солардың ғұмырияты туралы еді бүгінгі бұ жазба!
Мұрағатсыз - мұра
Бір аяғымен ескі феодализмді – екінші аяғымен социализмді басып, ескіден елес болып қалған куәлер, жаңа капиталистік қоғамға көшірілген есті тақуалар. Күштеп жегілген нәубетке бәрінің бабалары іліккен, торға да түскендердің қуғынды ұрықы. Бірақ, өткен жандардың руһына, бүгінгі үмітке сүйеніп, ертеңмен өмір сүрген өрендер мен өрелі жандар тек осылар емес пе!? Олар бір кезде ешкімге керексіз болып қалғандай еді. Енді мінеки 100 жылдар ширегінде кері айланып өзімізге жаңғырып келе жатыр. Өз кеудесіне өгей қоғамның бояуын жағып, беймәлім өркениеттің сүлдерін жаңғыртып, өзіне бейімдеп келген: тіпті «өлгеннен өзгенің бәрін көргендер» де осы өнегелі ұстаздар. Ақиқатқа жарымаған жарымбақ тұста жаһұттай арды ғана жыртық жанына жылы сақтаған асылдар еді. Арыстандай айбарлының қасында алдамшы түлкідей жылмаңдамаған, асқазан қамын ардан төменге лақтырған абыройлылар да солар. Олар идеологиялық қапаста қаншама жылдар бойы қамалса да ішкі шырағын өшірмей өңгемен өң бөліскен, тіні шірімеген тірі білтелі шырағдандар. Өздерін күлгін қоғамның қырғын ырғынынна бөлеп, сау, саламат қоғамды армандаған, өмірлік жарқын бостандықтың бәрін тек өзіңе сыйлаған өрендер. Ұжымақты ұры қоғамнан іздеп, дүние қуып дені арамдалмаған олар пәк еді. Царское селода мәңгі қалған Ұлы Пушкиндей тауыриһаттағылар сықылды бұлар, Праганың ескі кентінде мәңгі ұлықталған Франц Кафка сынды ғайыптар дейікші!? Дэлүүннің ескі жұрты, ескі аралында мәңгі жанық күйінде жарқыраған жұлдыздардың ра руһы қалды. Біз оларға мәңгі қарыздармыз... Адамзаттың ақыл-ойын билеген таза социализмге де! Ежелгі Тигр мен Евфрат өзенінің аралында жоғалған Шумерлердің ең көне мектебінің тағдырына ұқсас – Шегіртай мен Бортының аралындағы жоғалған алтын мұқабалы тауыриһат – Дэлүүннің мұраһанасына!!!
Атақты «Майкрософт» компаниясын құрған әйгілі Билл Гейтс, американың сәуегейі кәсіпкер-магнаты Стивен Пол Жобс, Әлеуметтік желінің бағдарщы ақиесі Марк Цукерберг секілділер бізде әлі туған жоқ... Мейлі... Демек, Дэлүүннің жаны таза таң-ғайыптары: бітіктастың білгірі Қаржаубайды, кербез ақын Жақсыбайды, керемет шайыр Тойлыбайды, сері ақын Солдатханды, кең пейілді ақын Бодауханды, ерен еңбеккер Қуанғанды, тың ұсыныстарымен Депуханды, нақты іскер Наурызбайды, жайсаң да жандүниесі байсалды Жанайды, ғаділ ұсатаз Қаданды, бүткіл БАҚ, жорналдың жол, жобасымен Зүлкәпілді берген жарылқаушы тәңірге шүкір! Бұндай бұлалар тобы алақандай арал былай тұрсын: бұ дүниенің өзінде де аз екені күмәнсіз.
СҮГІРЕТТЕР СӨЙЛЕЙДІ
Мына бір топ сурет ерекше тарихи сурет еді. Дэлүүннің мектебінің тарихын жасап берген саналары самалды ғұламалар.
Бірінші қатарда, солдан отырғандар: Солдан оңға қарай: Жұпархан Арапұлы, Кәбди Бұқайұлы, Қалиасқар Қапышұлы, Нәзиран Әнтайқызы, Күлияш Шолтайқызы, Әсу Қалиасқарқызы, Шәуен Тұрдыханқызы, Қазима Өсерқызы, Кәсима Өңгенбайқызы. Екінші қатарда, түрегеп тұрғандар, солдан: Әутәліп Темірбекұлы, Жапархан Тоқтарханұлы, Мұқибат Кәлдеұлы, Ләтіп Тұрдыханұлы, Адасқан Құсықбайұлы, Ағарап Шымбатұлы, Шаймұрат Әбділдаұлы (цэнгэлдік), Шәпи Әміреұлы, Бекбай Әбдолдаұлы. Артқы қатардағы биіктегілер, солдан: Құмар Әбиұлы, Есімхан Біләлұлы (сагсайлық), Ықан Молдкейұлы, Төлеген Әстемиұлы, Жауа Тұлымханұлы.
Екінші суреттегі ұстаздар:
Алдыңғы қатарда солдан: Мағыраж Қамзақызы, Беделхан Рәпілқызы (руы найман – Сәменұлы Сейілдің жары), Қанипа Мәмилақызы (Дәулетханұлы Қабдидың жары), Қағазхан Молдабайқызы (1935-2014) (Мәмилеұлы Қаманың зайыбы), Қоян Мешітбайқызы (Бекейұлы Құсайынның зайыбы). Ортанғы қатарда солдан: Ләтіп Тұрдыханұлы, Қаймолда Уәнбайұлы, Қыстаубай Шыңшайұлы, Нұри Көжебайұлы, Қаман Мәмилеұлы, Қалиасқар Қапышұлы. Артқы қатарда солдан: Бұраң Әбілханұлы, Адасқан Құсықбайұлы, Мұқибат Қалдеұлы, Ауғанбай Қанақияұлы, Серікбай Бұқатанұлы.
Үшінші суретте:
Алдынғы қатарда солдан: Қоян Мешітбайқызы, Байдолда Сәдуақасұлы, Нұқ Темірханұлы (МХР Еңбек Ері), Сангийн Дампил (Соғыс ардагері, МХР қаһарманы), Нұри Көжебайұлы, Ләтіп Тұрдыханұлы, Қаман Мәмилеұлы. Артқы қатарда: Адасқан Құсықбайұлы, Марқай Қуанышұлы, Қыстаубай Шыңшайұлы, Қалиасқар Қапышұлы, Көкенай Степанұлы, Бекбай Әболдаұлы. Дэлүүн, 1962.04.24.
Суреттер: Құлыбекұлы Ертайдан алынды.
Мәдениет порталы