Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Мақидолда- алыстаған ағайынды табыстыратын елші

157


Тағдыр тәлкегімен дейміз бе,тарихи жолдармен дейміз арғы бетке ауа көшкен қазақтың Алтай асып, алдына салған малдың қыстауы мен жайлауын жайғастырып жүріп, атамекеннен алыстап кеткен қанқұйлы тарихы 500-жылдан асады.

Осы уақытта бөтен елде қаншама қиындықтарды көрсе де ата салтын, әдет-ғұрпын ана тілін ұмытпай, діні мен тіліне берік қазақ халқының өр мінезі мен өшпес тағдыры үлгі боларлықтай.

Өзге елде жүрсе де ешкімге басындырмай, басынан сөз, денесінен таяқ өткізбей, ұлы мен қызын қорғап өткен батырларымыз қаншама? Біреулері әділ бағасын алып жатыр. Біреулері әлі ала алмай жүр. Алайда уақыт төреші. Ең бастысы, келешек ұрпақ басы бір бірікпей кеткен қазақты іздеп, бауырына басып жүрсе екен деп тілейміз.

Сондай адуынды ақсақалдарымыздың бірі Қинаят ұлы Мақидолда. Орта жүз,  Керейдің «Ботақара» руынан. Жасынан ауыл ақсақалдарының салиқалы әңгімесін тыңдап өскен ағамыз бүгінде жасы жетпістің сегізіне келсе де тың. Мақидолда ақсақалдың басы елдегі бір орталық тарихи музеймен пара-пар дерсің. Иә, барында жақсының қадірін білмейтін халықпыз. Өңшен өлген соң мақтап жататынымыз бар.

 Ешкімге зәбірін тигізбей, өмір сүріп келе жатқан Мақидолда ағамыздың білмейтіні жоқ. Қарт шежіреші талай өмірді басынан өткеріп, тарихта бұрмаланған шындықты айтып бере алатын қазына.

Керейден шыққан хас батыр, Қабанбай, Бөгенбайлармен иық тіресіп, жонғардан қазақтың жері мен елінің бүтіндігі, жарқын болашағы үшін жан аямай күрескен, батыр Қожамжарұлы Ботақараның ұрпағы.

Керей қазақтарынан арғысы Ер Жәнбек, Қожаберген, Ботақара, Айтымбет бергісі Оспан батыр сынды ұлты мен халқы үшін туған даралар көп болған. Міне, солардың жұрнағы Мақидолда ағамызда анда-санда атамекенге келіп тұрады. Ағамыздың адуын мінезі барын білгенімізбен, ата тарихымызды, шежіремізді түгендеп алғымыз келгендіктен, сөзін бөлмей тыңдап, дидарласып қалуға тырысамыз. Өмір деген өлшеулі ғой. Ертең көреміз бе? Жоқ па? Бір Алланың құзырында.

Талайдың шымбайына бататын шындықты жайып салатын, ақсақал қазақ түгілі монғолдардың да шежіресін тарқатып бере алады.

Біз үшін Мақидолда ағамыздың ішінде айтылмаған тарихи шындықтар мен сыр көп. Қасында отырып қаламға түсіріп, қазақтың арғы-бергі тарихын түгендеп алса деген ой келеді.

Мақидолда ағамыз туралы жазу өте қиын. Күрделі тұлға. Сонау 1991 жылы қазақ көші ат басын атажұртқа бұрған сәттен бері 33 жыл болды. Алтайдың ар жағындағы қазақ пен Қазақстанның түкпір-түкіріпіне келіп қоныстанған қазақ ағайын, туысынан ажырап қалды.

Жастардың ой формациясы өзгеріп, саналары заманауи ақпараттармен нығарланып жатқан кезде екі елдегі ағайынның ортасын да әрі елші, әрі шежіреші, тарихшы Мақидолда Қинаятұлы пайда болды. Ата тегін білгісі келетін талай адамдар Мәкең ақсақалды іздеп жүреді. Түп-тұқиянына дейін таратып, жатқан жерінде айтып беретін ерекше қасиет иесіне қалай таңқалмайсың.

Ащы шындықты есітігісі келмегендер мойындамай жатады. Кімнің асыранды, кімнен асырап алды түгел бетіңе былш еткізетін әдеті бар. Тіпті діні бөлек монғолдардың шежіресін  айтып бере алатын адам деп еститінмін. Біреулер мұндай қасиет иелерін пір тұтып, біреулері алаяқ деп жатады.

Өткенін біліп, болашағын болжағысы келгендер осындай адамдарға жүгінеді. Жалпы көріпкелдік қасиеті бар адамдар қай ғасырда болмасын мойындалмаған. Тек замандар өтіп, айтқаны дәл келген кезде ғана бас иетін. Мақидолда ағамыз аса терең тарихи білім бар адам.

Иа, ол Оксфорд, Кембридж бітірген жоқ. Алайда дала философиясымен тәрбиеленіп, ауыз әдебиетімен сусындап, ел аралап, көрген, естіген, білген аңыз, әфсаналарынан жинаған білімі бар. Қазақта «көп оқығаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген даналық тегін айтылмаса керекті.

Мақидолда ағамыз кезінде оқып, білім алса қазір академиктің «академигі» болар еді. Болмыс бітімі бөлек Мақидолда ағамыз тірі жүрген ғылыми обсерватория десем артық айтқандық болмас. Бұл ағамыызбен бірге жүріп, бірге тұрып, айлап апталап жатып білетіндерін жазып алса том-том кітаптар шығып, қазақ тарихында өзгерістер болары сөзсіз.

Себебі тарихтың өзін реттеп, ыңғайына келтіріп шындықтар өшіріліп жазылатынын білеміз ғой.

Әлемді мойындатқан 11 көріпкел бар екен. Оның алғашқысы  Эдгар Кейси (Edgar Cayce), Джин Диксон (Jeanne Dixon), Мишель Нострадамус,  Джон Эдвард (John Edward) Джеймс Ван Прааг (James Van Praagh),  Вольф Мессинг,  Стюарт Уайльд (Stuart Wilde), Хелен Дункан (Helen Duncan),  Даниэль Дунглас Хьюм (Daniel Dunglas Home), Джордж Андерсон (George Anderson) Ванга (Вангелия) сынды ерекше қасиет иелері өздері өмір сүрген қоғамда бағаланбай кеткен тұлғалар.

Алайда олардың сан ғасырлар бұрын айтқандары айнымай келіп жатқандығына қалай таң қалмайсың. Сондай адамдардың қатарына Алтай қазақтарынан шыққан шежіреші, тарихы Мақидолда ағамызды айтуға әбден болады.

Сонымен  Мақидолда ағамыз Монғолиядан Қазақстанға батыр бабалары Қожамжарұлы Ботақара мен Айтымбеттің 360- жылдық мерейтойына келді деп естіген соң амандасып қалайық деп бардық.

Көптің ортасынан көзге түсердей ескі курткасын жамыла салған, жеңін салбыратып, аяғындағы саптама етігі мен басына қисайтып киіп алған шляпасынан бірден көзге ұрып тұрды. Аса көп адамды мойындамайтын, асау мінезі бар екенін байқалып тұрды.

Оңтайлы сәтті пайдаланып, суретке түсіп алдым. Айтыстың ортасында ботақара руының белді ұлдарының бірі Бекен Қайратұлының шақыртуымен шәй ішуге бардық. Алты қанат ақорданың төрінде Мақидолда ағамыз әңгімені жіберіп, тартып отыр екен. Тура қасынан орын бұйырып, сөздерін қалт жібермей тыңдап отырдым.

 Атаның айтуынша, Ботақара батырдың тойына  360 емес 385 жыл толды дейді. Бір дорба күміс түймесі мен күміс аяқтарын алып жеткен атамыздың көңілін Ресейдегі «Ташанты» шекара постының қызметкері Қобдабаев Нұрдос деген қызметкері түсіріпті.

Мақидолда ағамыз «Жалпы құны 4 миллион тенгеден асатын 73 күміс белбеуді контрабандалық зат деп тәркілеп алды. Қай заңға сүйенгені белгісіз. Қашаннан бері қазақтың салт-дәстүрінің айшықты белгісі домбыра, күмістелген ат әбзелдері, түйме, кеселері мен шапандары, белдіктері заңсыз зат болып саналып қалған. Бұл менің ғана басымнан өткен оқиға емес, Монғолиядан Ресей шекарасы арқылы арлы-берлі өтіп жүрген ағайынның басынан да өтіп жатыр.

Тіпті жолға алған ет, құрт, майларын да заңсыз ғып тәркіленіп алатын көрінеді. Қосағашта тұрып, «Ташанты» шекара бекетінде қызмет істейтін өзіміздің қазақ бауырларымыз тәркілеп жатқан заттардың құнын білгендіктен заңды белден басып, қаны бір қазақ бауырларына қиянат жасап жатқан жоқ па» деді.  Ой саларлық ауқымды мәселе.  

Міне, осы тұста мен Мақидолда ағамызға көмектескім келді. Мемлекеттік қызметте 20 жыл істеп ауылдың маманынан, министрліктің басқарма басшысына дейін көтерілген аралықта талай үкіметаралық хаттарды жаздық ғой. Осы тәжірбиемді пайдаланып, Мақидолда ағаның мәселесін мемлекеттік және халықаралық деңгейде көтерейін деген ой келді.

 Сонымен Астананың іргесінде Қоянды ауылында Бақыт деген ағамыздың үйінде жатыр дегенді естіп, папкілерім мен қаламсабымды алып бардым. Ақсақалдың тапсырмасын түгел қаттап жазып алып, үйге келген соң,  Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевқа, Ресей Федерациясының президенті В.Путинге, Еуразия экономикалық одағының төрағасы, Армения премьер-министрі Н.Пашинянға және Монғолияның Қазақстандағы елшілігіне хат жаздым.

Сонымен Мақидолда ағамыз тек белбеуін жоқтаған жоқ. Барша қазақты толғап жүрген ауқымды мәселелерді қозғады.

Біріншіден, Өскемен мен Баян-Өлгей арасын жалғайтын 40 шақырымдық Қатон-қарағай ауданы тұсынан өтетін жолдың Ресеймен келісе отырып, Баян-Өлгей аймағына баратын халықаралық асфальт жолын ашу;

Екіншіден, Еуразиялық экономикалық Одақ аясында Қазақстанның мүддесін ескере отырып, ортақ «Кедендік кодексті» әзірлеуді;

Үшіншіден, Қазақстанға ауылшаруашылық өнімдерін тасымалдауды ретке келтіруді;

Анықтама: Қазіргі  таңда, Монғолия мемлекеті мал шаруашылығы дамыған мемлекет. Алайда Ресей шекарасынан Монғолияның асыл тұқымды малдары өткізілмейді. Өздеріне ет ретінде мал өнімдерін алады. Ал Қазақстанға өткізбейді. Нәтижесінде Қазақстан Венгрия, Канада сынды Еуропа елдерінен мал алуға мәжбүр. Монғолияның малдары Қазақстанның ауа райына бейімделген, тез өсетін, аса күтімді қажет етпейді.

 Бұл шараның барлығы Қазақстанның 20 миллион халқын ет, сүт, тері өнімдерімен қамтамасыз етуге, жабылып жатқан ауылдардың дамуына, Астана, Шымкент, Алматы сынды мегаполистердің халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуге таптырмас шара болар еді.

Төртіншіден, Қазақстанның Ресейдегі арқылы шекара бекетінінен алып өтетін халық тұтынатын тауарлар тізімін қайта қарауды;

Бесіншіден, қазақ халқының сан-ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан ұлттық мұраларын екі ел арасына еш кедергісіз алып жүру мәселесін қарастыруды;

Алтыншыдан, Қазақстан-Монғолия арасына әуе қатынастарын көбейтуді сұраған хатты жазып электронды пошта арқылы салып жібердім. Ең бірінші болып,  Монғолияның елшілігі ақсақалға хабарласыпты.

Одан кейін іле-шала РФ Президенті әкімшілігінен, ЕЭО кедендік қызметінен, ҚР Президенті әкімшілігінен хатыңыз қабылданды, тиісті шара қолдану үшін арнайы қызметтерге жолданды деген жауап келді.

Бекерде осындағы министрге жазған хатын өтпей жатқанда, сонау ЕЭО құзырлы орғандардан жауаптың лезде келуі Мақидолда ақсақалдың қасиетінің арқасы шығар деп жорамалдамым.

Бір апта өткен соң «Айқын» республикалық газетінде Президент Қ.Тоқаев қазан айында Монғолияға арнайы іссапармен барады. Онда Қазақстан мен Монғолия арасында асфальті жол салу және екі ел арасындағы әуе қатынастарын көбейту мәселелерін қозғайды дегенді оқып тіптен таң қалдым.

Егер жақында Ресей «Кедендік кодексін» қайта қарап, Монғолиядан келетін және баратын қазақтарға жеңілдіктер жасалып жатса Мақидолда ағамыздың еңбегі деп білерсіздер.

Қашанда қазақтың қамын ойлап жүретін, адамзатқа зәредей қиянаты жоқ, Алланың берген қасиетін ағайыннан адасқан ағайынын тауып алуына себепкер болып, үзілген үміттерді жалғап, тарихтың біз білмейтін ақтандақ беттерін ашып жүрген ақсақалымыз аман болсын.

Бұл да болса Алтайдан асқан аз қазақтың басына бұйырған тұлғалардың бірі деп қабылдағанымыз дұрыс болар еді.