Munarmedia.kz.10.07.2025 ж. /Астана/-2025 жылғы шілденің басында Ресей Федерациясы әлемде алғашқылардың бірі болып Ауғанстандағы «Талибан» үкіметін ресми түрде мойындады. Бұл шешім, шын мәнінде, Мәскеуге сауда немесе бірлескен жобалардан түсетін нақты экономикалық дивидендтерге емес, символдық және имидждік ұпайларға бағытталған. Ресей соңғы айларда Таяу Шығыстағы одақтастары қатарынан бірқатар жеңілістерге ұшырағаннан кейін, өз-өзін жаһандық держава ретінде танытып, халықаралық тәртіпке ықпал етуші күш бейнесін қайтаруға тырысуда.
Мойындауға апарар ұзақ жол
Мәскеудің «Талибан» билігін ресми түрде тануы көптен күткен әрі алдын ала дайындалған қадам болатын. Бұл үдеріс 2017 жылы басталған еді: Ресей Ауғанстандағы «ұлттық татуласу үдерісін ілгерілету» мақсатында «Мәскеу форматын» ұйымдастырды. Онда Кабулдағы батысшыл үкімет өкілдерімен қатар, «Талибан» қозғалысының мүшелері де шақырылды.
2021 жылдың тамызында тәлібтер Ауған астанасы Кабулға жеңіспен кіргенде, Ресей олардың көзіне «ерекше әріптес» ретінде түсті. Мәскеудің елшілігі бірден қорғауға алынып, елші Дмитрий Жирнов тәлібтермен кездескен алғашқы шетелдік дипломат атанды.
Сол жылы-ақ Ресей президенті Владимир Путин «Талибанды» террористік ұйымдар тізімінен алып тастау мүмкіндігін тұңғыш рет сөз етті. Алайда одан кейінгі процестер күрт баяулады. Тек араға төрт жыл салып, 2025 жылғы сәуірде Ресейдің Жоғарғы соты «Талибан» қозғалысын террористік ұйымдар тізімінен ресми түрде алып тастады. Осылайша шілдедегі ресми мойындауға жол ашылды.
Мәселе бір ғана халықаралық позицияда емес еді – Ресейдің ішкі элитасында да бұрынғы террорлық ұйымды заңды саяси құрылым ретінде мойындауға қатысты біржақты ұстаным болған жоқ. 2021 жылдың өзінде Федерация Кеңесінде тәлібтер тарапынан ҰҚШҰ елдеріне қауіп төнген жағдайда оларға қарсы зымыран соққысы жасалуы мүмкін деген ұсыныстар айтылған. Ресей Сыртқы істер министрлігі «Талибанды» тізімдерден алып тастау қажет деп мәлімдесе, арнайы қызмет өкілдері бұған күмәнмен қарады.
Сонымен қатар тәлібтер халықаралық қауымдастықтың ұсынған шарттарына көнбейтінін ашық аңғартты. Ресей мен Қытай бастаған елдер Ауғанстанда инклюзивті үкімет құруды талап еткенімен, тәлібтер бұл үндеулерді елеусіз қалдырды. Осы себепті олардың билігін мойындау – ештеңеге кепілдік бермейтін, біржақты қадам болып көрінді.
Алайда уақыт өте келе Мәскеуде «шынайылықпен жұмыс істеу керек» деген көзқарас басым түсті. Логика қарапайым: тәлібтер билікте ұзақ уақыт қалады, демек, олармен байланыс орнатуға тура келеді.
Бұл шешімді жеделдеткен тағы бір фактор – 2025 жылы Сирияда Асад режимі құлағаннан кейін Батыс елдерінің жаңа исламистік билікті жылдам мойындауы болды. Осы жағдай Кремльге халықаралық қатынастарда моральдық қағидалар емес, күш пен факт басым екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей. Ресейдің «Талибанды» мойындауынан бірнеше күн өткен соң, АҚШ та Сириядағы жаңа билікті террористік ұйымдар тізімінен алып тастады.
Экономикалық мүдде ме, әлде символдық қадам ба?
«Талибанның» билікке келуінен кейін Ресей мен Ауғанстан арасындағы экономикалық қатынастар жанданғандай көрінді: Ресей дүкендерінде ауғандық Coca-Cola өнімдері пайда болды. Алайда жалпы сауда көлемі аса әсерлі емес – 2024 жылдың қорытындысы бойынша бар-жоғы 323 млн долларды құрады. Ауғанстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ әлем бойынша ең төменгі көрсеткіштердің қатарында екенін ескерсек, бұған таңғалуға да болмайды.
Әрине, бірлескен жобалар туралы әңгімелер жүріп жатыр. Ең ірі бастама – Түрікменстаннан газ құбырын өткізіп, оны Ресейдің газ жүйесімен және Пәкістан мен Үндістан нарығымен байланыстыру. Сонымен қатар Ауғанстанды әртүрлі транзиттік дәліздерге қосу, жолдар мен тоннельдер салуға көмектесу мәселелері қарастырылуда. Ең батыл жоба – «Солтүстік–Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізіне кіретін Трансауған темір жолын салу.
Дегенмен бұл жобаларға қатысты басты мәселе – қаржыландыру. Ауғанстан кез келген көмекке қуанады, бірақ оны өтеуге қауқарсыз. Яғни Ресей бұл жобаларды тек өз есебінен жүзеге асыруға мәжбүр болады. Оның үстіне бұл инвестициялардың қайтарымы екіталай. Сириядағы «жоғалған миллиардтарды» еске алсақ, тәуекелдің жоғары екені анық.
Аймақтық қауіпсіздік те – үлкен сұрақ. Иә, қазіргі Ауғанстан американдық оккупация кезіндегі азамат соғысы кезеңімен салыстырғанда біршама тұрақты. Бірақ бұл – салыстырмалы ұғым. Ауғанстанның тұрақтылығы көрші елдерге, әсіресе Израильдің соққыларына ұшыраған Иранға тікелей байланысты.
Сол себепті Ресей «Талибанның» экономикалық әлеуетіне немесе олардың тұрақтылығына аса сеніп отырған жоқ. Бұл – экономикалық прагматизмге емес, символдық дипломатияға негізделген қадам.
Прецедент жасау саясаты
Мәскеу тәлібтерді дәл қазір мойындауды Таяу Шығыстағы ықпалынан айырылып жатқан сәтте жүзеге асырды. 2024 жылдың соңында Сириядағы Асад режимінің құлауымен Ресей стратегиялық серіктесін жоғалтты. Бұл – Ресейдің аймақтағы әскери базалары мен инфрақұрылымының тағдырына да тікелей әсер етті.
Тағы бір соққы – Израильдің Иранға жасаған әуе соққылары. Әзірге Иран Ислам Республикасы күйреп кеткен жоқ, бірақ әскери қақтығыстың қайта жандану қаупі бар. Бұл оқиғалар Ресейдің Иранды нақты қолдай алмайтынын, тіпті қажетті қару-жарақ та бермей отырғанын көрсетті.
Осының бәрі Кремльдің Таяу Шығыстағы ықпалы әлсіреп бара жатқанын білдіреді. Мысалы, Әзербайжанмен болған соңғы жанжал – ресейлік арнайы қызметтердің өкілетін асыра пайдалануы салдарынан, Бакуде ресейлік азаматтардың жаппай тұтқындалуына алып келді. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған еді.
Осы тұрғыда Мәскеуге өзінің жаһандық ойыншы ретіндегі бейнесін қайтару үшін батыл қадамдар қажет болды. «Талибанды» ресми мойындау – сондай қадамдардың бірі. Бұл – аймақтағы қауіпсіздік мәселелерінде Ресейге көшбасшылық рөл беруге бағытталған әрекет.
Жалпы алғанда, жаһандық держава болудың бір белгісі – халықаралық ережелер мен нормаларды өз қалауыңмен өзгерту. Ресей тәлібтерді мойындау арқылы дәл осы бағытта қадам жасады. Бұл бастамаға басқа елдер де еріп кетуі ықтимал.
Кабул билігінің туы енді Мәскеудегі ауған елшілігінің үстінде желбірейді. Бұл – Ресейдің Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы жаңа тәртіп орнатуға ұмтылысын бейнелейтін символ. Алайда бұл қадамды аймақтағы басқа елдер қалай қабылдайтыны белгісіз. Мүмкін, бұл нақты серіктестерге емес, басқа, ұзағырақ ойлайтын аудиторияға арналған сигнал болар. АҚШ-тың Сириядағы исламистік билікті тізімнен шығаруымен қатар, Ресейдің тәлібтерді мойындауы – радикал исламшыл топтарға: «егер сендер билікке келсеңдер, ерте ме, кеш пе, бәрібір мойындалады» деген месседж іспетті.
Никита Смагин