Израильдің солтүстігінде орналасқан Цфат қаласындағы Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін мәлімдеме жасаған Нетаньяху хуситтердің аймақтық және халықаралық тұрақтылыққа елеулі қауіп төндіретінін атап өтті.
«Біз хуситтерге қарсы қуатты операция бастаймыз, дәл Иранның аймақтағы басқа да прокси күштеріне қарсы жүргізіп жатқанымыздай. АҚШ және басқа да елдер біздің пікірімізбен келіседі: хуситтер халықаралық теңіз тасымалына ғана емес, әлемдік тәртіпке де қауіп төндіруде», – деді Премьер-министр.
Бұған дейін, 19 желтоқсанда, Иран қолдайтын хуситтер «Палестина-2» баллистикалық зымырандарын пайдаланып, Израильдің Яффо қаласындағы екі әскери нысанға шабуыл жасағанын мәлімдеген еді.
Осыған жауап ретінде Израиль әскері Йемендегі бес нысанға бомбалық соққылар жасады. Израиль әскери радиосының мәліметінше, операцияға 14 әскери ұшақ қатысқан.
Израиль армиясының ақпараты бойынша, хуситтердің соққысы салдарынан Тель-Авив маңындағы Рамат-Ган қаласында бір мектепке зақым келген.