Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Бибігүл Ағыбаева. Қоғамдық кеңес мемлекеттік қызмет реформаларына атсалысуда

211

                                          

                                                

 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі (бұдан әрі Агенттік немесе ҚР МҚІА) жанындағы Қоғамдық кеңестің (бұдан әрі – Қоғамдық кеңес) 2024 жылғы жұмысы жыл басында пысықталып, бекітілген жұмыс жоспары шеңберінде іске асырылды.

Қоғамдық кеңес жоспарында Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша жүргізіліп отырған жұмыстар бойынша отырыстар өткізу, мемлекеттік қызмет саласын реттейтін құқықтық номартивтік актілерді қарастыру және келісу, Кеңес мүшелерінің  Астана қаласындағы бірқатар мекемелердің мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстарын мониторингтеуін ұйымдастыру, азаматтардың  құқықтық сауатын көтеруге бағытталған                    іс-шаралар мен дәрістер өткізу, мемлекеттік қызмет саласына қатысты жүргізіліп отырған бастамалар мен жобаларды ақпараттық қолдау бойынша             іс-шаралар көрініс тапты.

Енді 2024 жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқтала кетейін.

Биылғы жылы Қоғамдық кеңестің 6 отырысы ұйымдастырылып, өткізілді.  Қоғамдық кеңестің 9 ақпанда өткен «Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қоғамдық мониторингтеудің 2023 жылғы нәтижелері» тақырыбы  бойынша өткен талқылаулар нәтижесі бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға қоғамдық мониторингтеу нәтижелерін ескере отырып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеру бойынша қажетті шаралар кешенін қабылдауды ұсынды. Атап айтқанда, 1) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жолдаған 2023 жылғы қоғамдық мониторингтеу нәтижелерін ескере отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдау; 2) Агенттікке мемлекеттік қызмет көрсету сапасына жүргізілген 2023 жылғы қоғамдық мониторингтеу нәтижелері бойынша мемлекеттік органдарға берілген ұсыныстардың орындалу мәселесін пысықтау; 3) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мемлекеттік қызмет көрсетудің электрондық түрде қол жетімділігін қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдау және қоғамдық мониторингтеудің 2023 жылғы нәтижелерінің қорытындысын ескере отырып, «электрондық үкімет» порталындағы мемлекеттік қызметтер атауларының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі сәйкестігін ретке келтіру бойынша ұсыныстар берілді.

Қоғамдық кеңестің басқа да отырыстарында Агенттіктің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларының жоспарда көзделген мәселелері жан-жақты талқыланып, олардың нәтижелері бойынша ұсыныстар беріліп отырды. Атап айтқанда, 17 маусымда «Мемлекеттік органдардағы әдеп жөніндегі уәкілдердің

жұмыс нәтижелері», 24 қыркүйекте «Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің басшы және атқарушы құрамының арақатынасын реттеу бойынша атқарылған жұмыстың ағымдағы нәтижелері»,                           31 қазанда «Мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимінің сақталуын және мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс нәтижелері туралы»,  21 қарашада «Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша талдау және мониторинг қорытындылары туралы» және осы күнгі отырыста қаралған «Өңірлік кадр резервіне іріктеу нәтижелері туралы» тақырыптары бойынша қаралған мәселелерде Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан дәйекті ой-пікірлер айтылып, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсуге бағытталған ұсыынстар айтылды.

Жалпы, Қоғамдық кеңестің 2024 жылы өткізілген отырыстарының нәтижелері бойынша әзірленген баспасөз релиздері мен отырыс хаттамалары ҚР МҚІА сайтында орналастырылып, әлеуметтік желілерде таратылды.

Қоғамдық кеңестің қызметінде маңызды орынды алатын жұмыс бағыттарының қатарында Агенттікпен әзірленген нормативті құқықтық актілердің жобаларын қарастыру маңызды орын алады. Биылғы жылы Қоғамдық кеңес мүшелерімен 11 нормативті құқықтық актілердің жобалары қарастырылды. Олардың қатарында Мемлекет басшысы Жарлығының               1 жобасы, бірлескен бұйрықтың 1 жобасы және Агенттік төрағасы бұйрығының 9 жобасына Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан ұсыныстар беріліп, келісілді. Қарастырулар нәтижесінде хаттамалар әзірленіп, олар нормативті-құқықтық актілерді дайындаған Агенттіктің құрылымдық бөлімшелеріне уақытында беріліп отырды. 

Осы орайда, мемлекеттік органдардың нормативті құқықтық актілерін қарастыруда Қоғамдық кеңес мүшелерінің кәсіби әлеуеті маңызды рөл атқаратыны даусыз дер болсақ, Агенттік жанындағы Қоғамдық кеңестің құрамында мемлекеттік қызмет саласында үлкен тәжірибесі бар әріптестердің, елімізге танымал медиаменеджерлер мен журналистердің және білікті заңгерлердің бар болуы, өз кезегінде, нормативті құқықтық актілерді сапалы түрде қарастыруға үлкен сеп болып отырғанын айта кеткім келеді.     

Қоғамдық кеңес мүшелері биылғы жылы Астана қаласының бірқатар мекемелерінің мемлекеттік қызмет көрсетуді мониторингтеуге қатысты. Атап айтқанда, Қоғамдық кеңес мүшелері биылғы 4-сәуірде мониторингтік топ құрамында Астана қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының» мамандандырылған мемлекеттік қызмет көрсету орталығының № 2 филиалына және Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаментінің Кеден орталығына барып, аталған мекемелердің жұмыстарымен танысу нәтижесі бойынша оларға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеру, мемлекеттік қызмет көрсетуге өтінімдер қабылдау және олардың нәтижесін қызмет алушыға беруді ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетуді электрондық түрде қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.

Қоғамдық кеңес мүшелері өзінің биылғы қызметінде Мемлекет басшысының 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 409 жарлығымен бекітілген «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарының» 3-ші тармағына сәйкес, Қоғамдық кеңес мүшелерінің орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметшілерінің, оның ішінде әйелдердің құқықтық сауатын көтеру, ұжымда еңбек заңнамаларының сақталуы, қызметшілердің әлеуметтік құқықтарының қорғалуы тақырыбында тренингтер мен кездесулер өткізуге баса мән бергенін айта кету керек. Осы мақсатта еліміздегі көптеген ҮЕҰ институттарын біріктіріп отырған Қазақстан азаматтық альянсымен бірлесе отырып, осы ұйымның алаңында орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жанындағы қоғамдық кеңес мүшелерінің құқықтық сауатын көтеруге арналған 2 семинар-тренингін өткіздік. Атап айтқанда, «Қазақстан заңгерлер одағының» Астана қалалық филиалының төрағасы Серік Беркамалов биылғы 22-мамырда Қазақстан азаматтық альянсы алаңында «Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамадағы соңғы өзгерістер туралы» тақырыбында семинар-тренинг өткізген болса, өзім заңгерлік саладағы көпжылдық тәжірибелі маман және Қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде «Қазақстан Республикасында жеке еңбек дауларын сотқа дейінгі шешу тәртібі» тақырыбында семинар-тренинг өткіздім.

Осы орайда, аталған іс-шара семинар-тренигтерге қатысқан аудитория тарапынан үлкен қызығушылық туғызғанын ерекше айта кеткім келеді.

Жалпы, Қоғамдық кеңес мүшелері өздерінің осы институт шеңберіндегі жұмыстарынан бөлек, қоғамда туындаған мәселелерге лайықты үн қосып отырғанын мақтанышпен айта кеткім келеді. 2024 жылдың көктем мезгілі еліміз үшін қар суларының еруінен туындаған тасқындарға ұштасқаны бәрімізге мәлім. Сол кездері Қоғамдық кеңестің мүшелері еліміздің бірқатар өңірлерінде орын алған су тасқынының алдын алу және салдарын жою бойынша жүргізілген жұмыстарға белсенді қатысты. Атап айтар болсақ, мен өзім қызмет ететін Қазақ гуманитарлық заң университеті ұжымымен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе қаласындағы аталған жоғары оқу орнының филиалының оқытушыларына қаржы жинап, көмек көрсеттік. Қоғамдық кеңес мүшесі Мірболат Жақыповтың ұйытқы болуымен су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы «Қызмет» кәсіподағының мүшелеріне 1 млн. теңге көмек жіберілген. Сонымен қатар, Астана қаласында тұратын оралдықтар қаржы жинап, Батыс Қазақстан облысына 30 резеңке қайық, оларға моторлар, 50 дана резеңке комбинезондар мен етіктер, 500 дана матрас, төсек орындар сатып алып, оларды жеткізіп берген.

Осы ретте, Қоғамдық кеңес мүшелері Махат Садық, Асылбек Баяжұма, Гүлмира Райсова, Әділет Закиев, Аяжан Қожатаева, Бибігүл Құрманова да су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі тұрғындарға заңгерлік көмек көрсету, қаржы бөлу, тұрмысқа қажетті әртүрлі материалдық көмектер беру, ақпараттық қолдау көрсету іс-шараларына белсене қатысқанын айта кеткен жөн.

Қорыта айтар болсам, мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті орган жанындағы Қоғамдық кеңес өз міндетін абыроймен атқаруда және ол алдағы уақытта да осы қарқынмен жалғасын таба береді деп сенемін.


    Ағыбаева Бибігүл Шәкірбайқызы,


ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттігінің   Қоғамдық кеңесінің төрайымы, заңгер