Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Камала Харрис Трамп әкімшілігін қатаң сынға алды

38


САН-ФРАНЦИСКО, 2025 жылғы 3 мамыр (BBC) – АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Камала Харрис 2024 жылғы сайлауда Дональд Трамптан жеңілгеннен кейін алғаш рет жұрт алдында сөйлеп, қазіргі әкімшіліктің «жауапсыз әрі асығыс саясатын» өткір сынға алды.

Оның бұл мәлімдемесі Трамптың билікке қайта оралғанына 100 күн толуымен тұспа-тұс келді. Харристің айтуынша, «Трамптың салық саясаты – қазіргі заманғы АҚШ тарихындағы қолдан жасалған ең ірі экономикалық дағдарыстың бастауы».

«Соңғы айларда орын алған оқиғаларды кейбіреулер нағыз бейберекет жағдай деп сипаттап отыр. Бұл кездейсоқ емес. Салыққа қатысты Трамптың ұстанымы дағдарысты өзі шақырып отыр», – деді ол.

Камала Харрис Трамптың экономикалық саясаты америкалықтардың күнделікті шығынын арттырып, зейнетақы қорлары мен шағын бизнеске теріс әсерін тигізетінін атап өтті. Сонымен қатар, ол осы саясатқа қарсы күресіп жүрген белсенділердің әрекетін жоғары бағалады.

Бұрынғы вице-президенттің бұл мәлімдемесі Сан-Францискода өткен Emerge America ұйымының шарасы кезінде жасалды. Аталған ұйым әйелдердің саясатқа араласуына, сайлауға түсуіне қолдау көрсетумен айналысады.

Камала Харрис тек экономикалық саясатты ғана емес, Дональд Трамптың жалпы бағдарламасын да сынға алып, оны «Американың болашағына біржақты, өзімшіл көзқараспен қарау» деп сипаттады. Ол сондай-ақ Трамп командасын «шындықты айтқандарды жазалап, тек өзіне адал адамдарды қолдап, өзгелерді елемей, тағдырына тастап отыр» деп айыптады.

«Бұл дағдарыс түптеп келгенде бәрімізге әсер етеді. Себебі біздің құқықтарымыз бен бостандықтарымызды қорғайтын қағидалар мен ережелер маңызсыз күйге түсуі мүмкін», – деді Харрис.

«Жағдай түзелмей тұрып, алдымен қиындайтыны анық. Бірақ біз бұған дайынбыз», – деп ол сөзін аяқтады.