12 қаңтарға қараған түні Алматыда Қазақстан-Британ Техникалық Университетінің (КБТУ) ғимаратында өрт болды. Өртке үшінші деңгейдегі күрделілік дәрежесі берілді. Куәгерлердің айтуынша, от шатыр мен төбе кеңістігін шарпыған.
КБТУ ғимараты – республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. 1980 жылдардың басына дейін мұнда Үкімет үйі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі, Министрлер кеңесі және Компартияның Орталық комитеті орналасқан еді. 1991 жылы дәл осы ғимаратта Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы заң қабылданды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ғимараттың төбесінде орналасқан Қазақстан туы өрттен зардап шекпеген. Құтқарушылар оны уақытылы алып үлгерді. Өрт түнгі сағат бірге қарай толық сөндірілді, жалпы ауданы 120 шаршы метрді құрады. Ғимаратқа қандай залал келгені әзірге белгісіз.
Университет әкімшілігі оқиғаның себептерін анықтау үшін тергеу жүргізілетінін мәлімдеді. «Қазіргі уақытта тиісті органдармен бірлесе отырып, оқиғаның себептерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан-Британ техникалық университеті студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда», – деп хабарлады университет әкімшілігі.
КБТУ ректоры Маратбек Габдуллин журналистерге түнгі өрттің конференц-зал мен бірнеше әкімшілік бөлмелерге залал келтіргенін айтты. Өрт сөндірілгеннен кейін ол ғимаратты аралап шыққан. Университеттің құжаттары зақымданбағанын атап өтті.
«Біз мұнда келдік, барлығы суға толы. Су тізеге дейін. Бухгалтерлік және заңгерлік құжаттар зардап шекпеген сияқты. Негізінен көп нәрсе су болып қалған, бірақ өртенген жоқ. Осы тұрғыда өрт сөндірушілер жедел әрекет етті», – деді ректор.
Қазақстандық журналис Дмитрий Шишкиннің айтуынша, КБТУ орналасқан жер телімі және оған іргелес аумақ – шамамен 2,5 гектар – университеттің иелері (Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры, NNEF) мен Алматы қаласы әкімдігі арасындағы даудың нысаны болған. КБТУ 2018 жылы қор тарапынан жекешелендірілген, алайда бұл келісімге қатысты прокуратурада сұрақтар туындаған еді. Шишкиннің жазуынша, NNEF қорына әкімдік пен прокуратура мәселелерін шешу қиын болмаған.
Ulysmedia.kz басылымының мәліметінше, 2020 жылдың наурызынан бастап КБТУ-дың ресми иесі – Қазақстандағы ең ықпалды әрі ауқатты отбасылардың бірі Құлыбаевтар әулеті. Динара Құлыбаева – NNEF қорының құрылтайшысы. Тарихи ғимарат әлі де білім беру орталығы ретінде қызметін жалғастырып келеді және КБТУ елдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып саналады.