Мақтаудан, мақтанудан атымыз да озған жоқ, көшіміз де оңған жоқ. Баяғы жартас, сол жартас. Отыз жылдан астам «аурумызды жасырып» -бәрі жақсы деген мұқыл идеялогиямен басымызды былыққа тығып, тұқырып келдік. Жеткен жетістігіміз, шыққан шыңымыз, алған асуымыз және жоқ.
Баяғы «жұрынды ханның» тұсындағы жыртық шапан, бітпейтін, таусылмайтын нүктесі қойылмайтын сол өзекті тақырыптың ішінде «атала ішкендей» айналып жүрміз.
Бүгін аздап болса да, көңілім көтерілсінші деп, көше араладым. Көшеде жүргінші аз. Кім жүре берсін? Мен сияқтылар болмаса, оның үстіне күн жексенбі. Аздап көңілім сергіп енді қайтқалы тұрғанда, орындықта кеңінен жайғасқан екі шалдың әңгімесіне үнсіз құлақ түрдім.
-Әй, автобызды тегін қылған дейді ме?
-Иә...ә жаңа ғана вокзалға барып келдім автобыз тегін,-деді құрдасы я замандасы көңілді сөйлеп.
-Е, дұрыс... Тегін болғаны дұрыс. Бірақ сол автобызбен кім жүрер дейсің. Балаларда көлік бар,-деді сұрақ қойған ақсақал, күнбатысқа көзін салып, мақтаныш сезіммен кеудесін керді.
Құдай-ау, адамды тұрмыс билегенде, адам -өзімшіл боп кетеді. Оған ҰЛТ мәселесі. Тіл мәселесі. Жалпы елдің мәселесінің құйрығы тұтам болса да бәрі-бір. Үнсіз екі қарияның қасынан кете бардым.
БІЗ әлі өткен уақытпен ӨМІР сүріп жатырмыз. Атам қазақ алпыстан асқан соң, бес КҮНДІК тірлікті жиып қойып, алаң көңілмен Құдайды ойлаған. Құдай деген Ұлы Құдірет бар екендігіне ешкімнің шүбәсі жоқ.
Бірақ, сол құдайға деген ұлы сенімді қазір жастар ойлап кетті. Баяғы бәлшебектік идеялогияның шекпенінен шыққан аға буынның көбінің санасында БИЛІК-тің бір тұтқасын ұстасақ деген тар ұғымнан айналып шыға алмай қалған сияқты. Тек болса, бола берсінші деген пенделіктің харекетінде жүргендей ме дейсің. Сөйлегендері ұлт қамы емес, жеке бастың қамы мен харекеті.
Көлігі ызғыған көшемен үнсіз келе жатып, жан-жағыма көз салдым.
Шүлдірлеп жаттың тілінде сөйлеп бара жатқан ЕКІ қазақ.
Тәуелсіздігін алғалы қазақтың -ТІЛ деп мәселе көтергелі қаншама жыл. Тоқсан бірдің таңында дүниеге келген қазақтың баласы, қазір қырыққа қадам басқан дыңдай азамат.
Тіпті бізде «тіл мәселесін» көтеріп жүрсін деп апарып Парламентке депутат та сайлап қойдық.
Ара-тұра алыстан кісінегендей «Тіл-мәселесі һәм ҚАЗАҚ ТІЛІ» деп айқайлап қояды, тауға бардым, айқай салдым, сол жаңғырықтың кері.
Япыр-ай, қазақтың тілінен басқа мәселе жоқ па!? Ұлттық идеялогиясы ше?
Құрып бара жатқан қазақ ше?
Экраны анау салдыр-сатпақ, жын-жыбыр, шайтан хош көретін дүниелер. Экран қарамағалы биыл маған 7,5 жыл бопты. Көретін түк те жоқ. Сайқалдарды, сайтандарды, нәпсіқұмарларды, бейшара, сорлыларды, арзан жілік әншілерді көремін бе? Оған уақытым зая еткім және жоқ.
Олар жайлы айта бастасақ «ойбай айтпа, жазба!..» дейтіндерге таң қаласың. Болашақтың қамын ойламай, аз күнгі тірліктің күйбеңімен қара басын ойлағандарда -мұрат, болашаққа деген нық сенім болмайды. Шіріген мақта мата болушы ма еді!?
Сын айтылса, ешбір нәрсе жабық түрде қалмаса, біздің қоғамның «қотырына» баяғыда бір дәрі табылатын еді ғой.
Сөздің де уы бар деген. Біздің қоғам қазір толыққанды «миы уланып» бітті. Бір ғана шеңберде тек ұрандатып мақтаудың кесірінен, мақтанудың кесірінен, жол айрығында тұр. Бағытын таба алмай, қайт-сем екен деп, былай барсаң арбасы сынып, былай барсаң өгізі өліп.
Кезінде Назарбаевтың көлеңкесін ұзартып мақтап жүргенде 180 градусқа өзгеріп шыға келді. Күйдірсе де күн жақсы деп жүргендердің дәл былай айналып, іріп шығатындығын көріп, кейде қарным ашады. Иә, тарих деген жастармен сабақтасады. Бүгінгі жас. Ертеңгі болашақ. Тізгінді солар ұстайды. Солар, (тәуелсіздігім ұзағынан болғай) бүгінгі мінбеде жүрген аға буынның кем-кетігін тізіп, ертең жарыққа шығаруы мүмкін. Мүмкін емес, әбден шығарады. Таразы басына салып, електен өткізеді. Саналы ұрпақ сонда «ләббайшыл топтың» күтімсіз емес-түтінсіз болғандығын көріп жиіркенсе сонда болар түйе сойғанның көкесі!
Қылымсыған қызыл киіп, жарамсақтанған жасыл киген уақыт қазір.
Әйтеуір шені бар, біреуді көрсек «бас ұрамыз».
Құдай-ау, бұл қазақтың содан шыққан мүйізі қане!? Көрсетші?
Шыққан мүйіз жоқ. Баяғы қазақ, сол қазақ!..
Шеңберінде қалған қазақ.
Жоғына өкінбеген. Жоғын жоқтамаған қазақ!
Еті тырнақтап ажырап, ұлттық рух соңғы сатыға түсіп, миымызды жағымпаздық жаулап алғанда, көріп тұрған дүниеміздің шиқаның сыға алмай, күлбеттеніп, көлгірсіп барға мәзбіз. Сын айтсақ. Шын айтсақ -жаумыз, жексұрынбыз.
Айтшы ағайын?
Баяғы сәбет үкіметінің тұсында кем-кетік айтылса, жазғыш адамның сөзі -хұп болатын-ды. Қазір мың жерден айт. Айқай-ла! Мыңқ еткен ешкім жоқ.
Қулық сауған, сұмдық насихаттаған қоғамға жетпейтіні шынайы шындық. Шынайы шындық болған жерде Жаңа Қазақстанның еркін келбеті қалыптасар еді. Бізде алдымен жалтақтықтан арылуымыз керек. Жаутаңкөз болсақ, басымызды төмен ие берсек, кімнің сөзіне болсын келісе берсек, ұлттық идеялогияның тамыры шірімейді -құрттайды, құрттаған дүниені кім әжетіне жаратар дейсің!?
Қазіргі күні біздің басты пір тұтар тұлғамыз (тұлға деуге болмас) аноу сахнада жүрген жарым-жартылай есі бар, кісілік хәлі бар әртістер. Солардың ішіп-жегендерін, әжетке барғандарын соларды көріп, әңгіме қып отырамыз.
Иассауи бабамыз «Кекірейген кердеңдерден қаш» десе,
А. Иүгінеки «тікен еккен, жүзім күтпесін» депті,
Бәйдібек Қарашаұлы «Төрде отырып, теріс сөйлегеннен без» деп тәмсіл айтыпты.
Сахна бұзылып еді-сана бұзылды.
Сана бұзылған елде жарқын болашақ болуы мүмкін емес. *
ІІ дүниежүзілік соғыстың авторы, тиран Гитлер қанша жерден -ұлтшыл болса да, неміс халқың өте жақсы көрген адам дейді бүгінгі зерттеушілер.
«Тарихта әр мыңжылдықта бір империя дүниеге келеді, оның орнауына мессия құдіреті дарыған ерекше тұлға ықпал етеді»,-деген екен шегіркөз Гитлеріңіз.
Империялық дертпен ауырған Гитлер жарты жаһанды аяғынан тік тұрғызды. Гитлер ұлтшыл екендігінде дау жоқ. Тіпті тарихтың өзі оны солай деп бағалап тастаған. Тарихта оның есімі ұнамсыз, қанішер боп жазылды. Солай қала береді де. Ал енді Сталин ше? Ол қанішер емес пе? Қанішер. Өз ұлтына жаны ашымаған бейшара, сорлы ОЛ!
Дейтұрғанмен, ұлт мәселесін көтеру, санаға сілкініс кіргізу әрбір ұлтын ақшаға, алтынға айырбастамайтын азаматтың басты парызы. Сталин болса, өз ұлтынан безген, безінген, шыққан жатырын ұмытқан, ана тіліне, мәдениетіне пысқырыпта қарамаған. Күні бүгінге дейін грузиндер 'Сталинді жек көреді" тіпті есімін де атамайды. Бұдан асқан қасірет бар ма!? *
Біздің санамызда қаншама жылдан бері келе жатқан ауыр дерт, емі жоқ ауру ол -жалтақтық. Оның үстіне қаншама уақыт Русь империясының құзыретіне бағынып, желке тұсымыздан заманның сойылының жуанбасы тигендіктен бе әр нәрсеге сүмпиіп, сүмірейіп қараймыз.
Мықтыларым сөз айтса болды,
бас шұлғимыз, ләббай ұра саламыз.
Өйткені, қанымызға сол дерт сіңіп кеткен сияқты. Тарихта айрықша есіммен қалам деген Хрущев жиналыс сайын, өзіне бағыныштыларға «Мен бастықпын-сен ақымақсың, сен бастық болғанда-мен ақымақ болам»,-дейді екен.
Сол ақымақ Хрущевтың Қазақ даласына сіңірген түк еңбегі жоқ. Жерді жыртты. Тарихи қорымдарды құртты. Миллиондап түрмеден шыққандарды, неміс басқыншыларына қызмет қылған полицайларды қазақ даласына әкеп төкті де тастады.
Никитаның тың иеруінен қазақ не ұтты!?
Ұтылды. Құрып кете жаздадық. Ал бірақ «тың игерді» деп әлі мақтаймыз оларды, аузымыздың суы құрып. Қатты айтсақ -күнәһармыз, кінәліміз.
Бүгінгі қазаққа керекті кітап ол И. Буничтің «Золото партии» кітабы. Дауыстары жер жарған, қызыл бәлшебектердің көсемдері мен серкелерінің ұрлығы жайлы бұл кітапта кеңінен айтылады. Күн көсемі атанып, періштедей пәк деп, кейбір жерден тіпті ескерткішін алмай отырған Лениннің былығын әшкерлеп тұрып жазады.
«Ленин Еуропа банктеріне көзі тірісінде 75 млн швейцар франкін аударыпты,
Дзержинский мен Троцкий бастаған жеті бәлшебек 1921 жылы АҚШ банктеріне 102 млн 290 мың доллар ақша салған,
Сталиннің қызы Светлана, әкесінің Швейцария банкіне салған қаржысына өмірінің соңына дейін жап-жақсы өмір сүрген»-деп жазады.
Ал енді саналы адам болсаңыз, ойыңызды жинақтап ойлана беріңіз?
1921 жылы қазақ даласында аштық болды,
1931 тағы тағы да аштық.
1937 жылы қуғын-сүргін алаш қайраткерлерінен басқа жазықсыз адамдардың қудалануы.
1941-45 соғысы.
Сонда ресей үшін, біздің қазақ карталық масштабта жоқ, жәй әншейін дүдәмал дүмбілездеу халық болған ғой. Ал олардың билік басындағылары қазақ халқы үшін еңбек етті ме? Жоқ, олардың мақсаты тарихтың ауыр дөңгелегіне салып, ұлтты жойып жібермек болды.
Жойылып құрып кетсек те оларға бәрі-бір болатын-ды.
Қазіргі күні Президент біраз дүниені қолға алды. Ұққандарға ымдап, ұқпағандарға ашық айтып жатыр.
Алдымен -ұлт қамы деп жиі айтады.
Өткенде «Ана тілі» газетіне берген Президенттін сұқбаттын бүгін оқып шықтым. Біраз саяси дүниелерге, көкейтесті мәселелерге тоқталған екен. Президентіміздің аузынан шыққан сөз құба-құп. Құптарлық.
Бірақ біздегі -ішкі саясат мәселесі қалай?
Кейбір жерлерде бүйрегі бүлк етпейтін, күнделікті еңбекақасын алып күнді өткізсе болдық дейтін мамандар отыр. Олардың ұлттық идеялогияға деген көзқарасы мүлдем -төмен, тіпті жоқтың қасы десек те болады. Бәрі бірдей емес, ұлттық идеялогияға аянбай еңбек етіп жүргендері бар, ертеңгі ұрпақ үшін деп жүргендері арасында.
Кейбіреулері түрлі дін өкілдеріні шақырып алып, солармен диалог жүргізсек болды деген тұжырыммен ғана жүр. Қазақ тілінен келгенде ақсап жатады.
Мұндайда атақты Черчильдің « Демократия да оңып тұрған жоқ, бірақ әзірге одан оңтайлысы және жоқ» деп мысқылдап айтқан сөзі еріксіз еске түседі екен.
Испан философы Хосе Гаостың «Басқалардың талғам-пайымын түсінуге болатын шығар, ал өзіңнің өткеніңнен бас тарту тіптен де мүмкін емес»,-депті.
Иә, алдымен «көпұлттымыз» деп Әлемге жария салған елдің тұрақтылығының болғаны жақсы ғой. Бірақ, кейде біреулер қазақтың абсолюттық еркіндігін сезінгісі келмей, өзінің Отанының ережесін кіргізіп, ұлтшылдық дертпен ауырып, идеялогиясын тыққыштап жатады. Сол сәтте, өзі тәуелсіз елдің азаматы ретінде (басшы ретінде емес) шақырып ал да, айтып ескерт! Мейлі оның әр жағында тұтас империясы тұрса да.
Жаһандық уақыттың ықпалымен, ел ішіне іріткі салып жатқан түрлі ұйымдар шыға бастады, жылмың қағып, жымиып күліп өз саясаттарын жүргізіп. Оған қоса, мемлекет қаржысын кезінде жеп, қашып кетіп алты құрлықтың ар жағында отырып ап "айтақтап" отырғандар қаншама?
Өзі тоқырап тұрған сананы одан сайын бұзып, бұқара жұрттың арасына ақырын жат елдің саяси портіретін қалыптастырып жатқан оларға, әрбір ішкі саясаттың басшылары жауапты.
Шақырып ап зекімей, ұрыспай, қабақ түймей айт. Болмаса-заң құзыретіне жүгін. Заң шешімін шығарып береді.
Олардың қолында ақпараттық үлкен аудиториясы бар.
Ортаға ой салады. Бітті. Әрі қарай оны дөңгелетіп алып кетеді.
Қазақ тілді ЮтубАрналар, Сайттар, Газеттер өлмешінің күнімен «шықпа жаным-шықпамен» жүр. Өйткені, жекеменшік сайттардың құрылтайшысы және жоқ. Қаражатты өздері тауып, жыртық, жырым жерлерін өздері жамап бөрі арығын білдірместің керімен жүр.
Мемлекет қолдауымен шығатын басылымдардың да хал-күйі ғажап деп айтудың өзі күпірлік болар. Өйткені, сын жазылмайтын басылымды ел оқи қоймайды. Егер, "бәленше ауылдың мектебінде мұндай жағдай бар екен, жергілікті басшысының жұмысына халықтың көңілі толмайды екен" деп жазса, ертеңіне ол газеттін жағдайы өзгеріп, таралымы шарықтап шыға келер ме еді.
Ал енді «адам жоқ болса, мәселе жоқ» деп жүре берген басылымдарды жұрт оқи қоймайды.
Орыс тілді газеттердің хал-ахуалы жақсы. Олар сын жазады. Жекеменшік. Жағдайларын жасап алған, күйлі -қуатты, ешкімнің алақан жаймайды, таралымға басы қатпайды. Әке-көке деп және қоңырау шалып жалынбайды.
Айтпақшы бір сұмдықты айтайын өткенде жас шамасы жиырманың ар жақ, бер жағындағы бала «Абайдың ұлы Құнанбайды анасы дәретсіз емізбеген» деп пәлсапа соғып жатыр. Бұл не масқара!? Мектепті әрі кетсе екі -үш жылдың көлемінде ғана аяқтаған бозбаланың білім деңгейі осындай күйде.
Ащы болса да, ашығын айтайын әдебиеттен дәріс беріп жүрген кейбір жас ұстаздар мен алдыңғы буынның көбі Ыбырай мен Абайды айыра алмай жатады. Кітап оқымағандықтан, рухани таяздық кесірі, жалғыз бір өзі рухани міскін болса жарайды-ау, тұтас болашақтың тамырына балта шауып жатыр ғой. Нағыз ойбайдың да, айқайдың да көкесі бұл!
«Білімде шәкірттік сезімін ұмытқан адам, Ұлы Ұстаз бола алмайды» деген Ә. Кекілбаев ағамыз.
Біздің қоғам мақтануға, мақтауға құлағы үйреніп қалды. Енді бұдан арылу үшін жаңаша харекет тірлік керек. Ол үшіні ұлттық идеялогияны бойына сіңіргендер ғана ұлтқа қызмет істей бастағанда жаңаша келбет қалыптасуымыз мүмкін, қалыптастыра алса...
Ал әзірге хал-күйіміз осындай. Ж. Сименонның «Кейінгілерге қалдыратын ең асыл мұрамыз-тәуелділік сезімінен таза сана» деген екен.
Отыз жылдан астам уақыт бойы алдымен -экономика деп айттық. Азды-көпті экономика біраз көтерілді. Жылай бергеннен түк шықпас. Жайымыз да, жағдайымыз да шүкірлік, тәубе!
Ал енді ассамиляцияға ұшырамай тұрып, ғасыр метистеріне айналмай тұрып ұлттық идеялогияны қалыптастыратын кез келді.
Ол үшін әрбір идеялогиялық тұрғыдан бағыт сілтейтін лауазымды адам алдымен өзінің ана тілін толық білуі керек. Ана тілі құрыса, қазақтың болашағы құриды. Болашақ құрыса, егемендіктің таңы атпауы мүмкін. Даңғаза. Өтірік мақтау. Дәріптеу, құр бөсу, көпіру бізді ұшпаққа шығармайды, қайта құртып, құрдымға жібереді.
Өмір өтпестей болар, ғұмыр өшпестей болар. БІРАҚ ОРМАНДЫ ОТАЙТЫН БАЛТАНЫҢ САБЫ АҒАШ ЕКЕНДІГІН ҰМЫТПАУ КЕРЕК АҒАЙЫН!
ОЛ ҮШІН САНАЛЫ ҰРПАҚТЫҢ ҚАТАРЫН КӨБЕЙТУІМІЗ ҚАЖЕТ.
ҚАЗІР ЕУРОПАДА, ТҮРКИЯ ОҚЫП ЖАТҚАН ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫ БҰЙЫРТЫП, ЖОҒАРЫ ЛАУАЗЫМДЫ ҚЫЗМЕТКЕ КЕЛСЕ, АЛДЫМЕН СОЛАР ҰЛТТЫҚ ИДЕЯЛОГИЯНЫ ҚОЛҒА АЛУЫ МҮМКІН. ЖАСАЙ АЛСА. ТӘУЕЛСІЗДІГІМ ТҰҒЫРЛЫ БОЛСЫН!
Бурабайдың Жеңісі