Сол жағалау «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Жомарт» шахтасында 7 адамның қаза тапқанын өте ауыр қабылдады. Себебі, бұл елімізге үлкен трагедия алып келген Лакшми Митталды қайтадан еске түсіріп отыр. Қазақмыстың негізгі акционері, 70 пайыз үлесін иеленіп отырған олигарх Владимир Киммен өте жоғары деңгейде кездесу өткізу жоспарланған. Олигарх шахталардағы қауіпсіздікті күшейтуге қомақты инвестиция салмаса, оның Қазақстанда жұмыс істеуіне қатысты сұрақтар қойылатын болады.
Дереккөз Владимир Кимге заманның өзгергенін, бұрынғыдай мәселені ақша және таныстықпен жауып жүре алмайтынын қатаң ұғындырып қою бойынша шешім қабылданғанын айтады. Бұл, жеті адамның қазасы бойынша ашылған қылмыстық істе қатардағы менеджерлер емес, Қазақмыс басшылығы фигурант болады дегенді білдіреді.
Соңғы 4 жылда Қазақмыс шахталарында 13 адам өлді. 122 адам түрлі жарақат алды. Негізгі апаттардың барлығы Ұлытау облысындағы көне шахталарда орын алуда. Ондағы қауіпсіздік деңгейінің төмендігі, құрал-жабдықтарға инвестиция бөлінбегендігі айқын байқалды. Бұл тура бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау» кейсіне ұқсайды.
Мұндай мәселені шешуде Қазақстан біршама тәжірибе жинап алды. Миттал кетіп, оның орнына қайта жаңарған «Qarmet» шахталарында апаттың алдын-алу үшін жаңа технологиялар қолданылып жатыр. Дегаздандыру құрылғылары талай адам өмірін сақтады. Кезінде Лакшми Миттал мұндай заттарға мүлде ақша бөлмейтін еді.
Қазақмыс шахталары мен өндірісі «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігінде. 2023 жылдың қорытындысы бойынша корпорация 110 миллиард теңге таза кіріс алып келді. Былтырғы жылдың алдын-ала есебі бойынша осы жылы акционерлері кемінде 100 миллиард теңгеге қол жеткізе алады.
Қалай болғанда да, Қазақмысқа 80 миллион долларға бизнес-джет алғанша, шахталардағы қарапайым еңбеккерлердің қауіпсіздігіне көңіл бөлуі керек. Мұндай апат тағы қайталанса, корпорация үшін бәрі бір демде өзгеріп кетуі мүмкін.