Көкшетау қаласында жаңа спорт нысандары пайдалануға беріліп, өңір тұрғындары үшін бұқаралық спортпен айналысуға тың мүмкіндіктер ашылды.

22

Munarmedia.kz 28.01.2026 /Астана/  Қала мен оған іргелес елді мекендерде іске қосылған кешендер балалар мен жастарды ғана емес, ересектерді де салауатты өмір салтына тартуға бағытталған.

Красный Яр ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бокс пен жекпе-жекке арналған залдар, екі жүзу бассейні, командалық спорт түрлеріне арналған алаңдар, воркаут аймағы мен жүгіру жолы ашылды. Қазіргі таңда мұнда жүзу, бокс және күрес секциялары тұрақты түрде жұмыс істей бастады.

Сонымен қатар, «Kokshe arena» спорт кешенінде облыстың жастар және ересектер құрамалары жаттығуға кірісті. Балаларды қабылдау бокстан, ауыр атлетикадан және еркін күрестен жүргізілуде. Бұл нысанда Көкшетау қаласының футболшылары мен волейболшылары да дайындықтарын өткізіп жүр.

Облыс әкімі жаңа спорттық инфрақұрылымның іске қосылуы бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп қана қоймай, болашақ чемпиондарды даярлауға берік негіз қалдыратынын атап өтті. Аймақ басшылығының айтуынша, мұндай нысандардың көбеюі — жастарды спортқа баулудың және дені сау ұлт қалыптастырудың маңызды қадамы.