Munarmedia.kz 28.01.2026 /Астана/-Bloomberg агенттігінің дереккөздеріне сүйенсек, Қазақстандағы Қарашығанақ жобасын игеріп жатқан Shell мен Eni компаниялары Лондонда өткен халықаралық арбитражда ұтылып, ел үкіметіне 4 млрд АҚШ долларына дейін өтемақы төлеуге міндеттелуі мүмкін.
Агенттік мәліметінше, арбитраж Қазақстан тарапының уәждерін негізді деп таныған. Үкіметтің пікірінше, өнімді бөлу туралы келісім аясында мұнай компаниялары мемлекет есебінен бекітілмеген артық шығындар мен өтелуге жатпайтын өзге де шығыстарды жауып отырған. Арбитраж осы дәлелдермен келіскен.
Дереккөздер арбитраж процесі жария емес болғандықтан, аты-жөндерін атамауды жөн көрген. Олардың айтуынша, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» (КПО) консорциумы бұл шешімге әлі де шағым түсіруі мүмкін.
Сонымен бірге, сот әзірге кен орнын игеруге қатысушы серіктестердің нақты қанша қаржы төлеуі тиіс екенін түпкілікті айқындамаған. Алайда Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, арбитраж шешімі Қарашығанақ жобасының серіктестері — Chevron, Лукойл және ҚазМұнайГазды қоса алғанда, барлығы 2 млрд пен 4 млрд доллар аралығындағы қаражатты қайтаруға міндеттейтінін білдіреді. Бұл қаражатты өтеу тетігі өнімді бөлу туралы келісімде көзделген мұнай үлесін бөлу формуласының өзгеруіне әкелуі мүмкін.
Еске салсақ, 2023 жылы Қазақстан Үкіметі Қарашығанақ жобасын әзірлеушілерге қарсы сотқа жүгініп, шығындарды негізсіз шегеру мәселесі бойынша талап қойған болатын. Бастапқыда талап сомасы 3,5 млрд долларды құраса, кейін қосымша талаптардың енгізілуіне байланысты 6 млрд долларға дейін ұлғайды.
Қарашығанақ мұнай-газ жобасының операторы — КПО консорциумы. Ондағы негізгі үлеске Eni мен Shell ие, әрқайсысының үлесі 29,25 пайызды құрайды. Қалған серіктестер қатарында Chevron (18%), Лукойл (13,5%) және ҚазМұнайГаз (10%) бар.
Өткен жылы КПО акционерлері дауды бейбіт жолмен реттеу мақсатында Қазақстанның ішкі нарығына арналған газ өңдеу зауытын салуды ұсынған. Алайда олар жобаның құнын ұлғайтуды көздеген, бұл нұсқа қазақстандық билікті қанағаттандырмаған.