Munarmedia.kz 25.02.2026 /Астана/ -Қалалық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы облысының тұрғынын заңсыз ағза саудасына әрекеттенді деген күдікпен қолға түсірді.
Тергеу мәліметінше, жас жігіт әлеуметтік желілерде өз бүйрегін сататыны туралы хабарландыру жариялаған. Сатып алушылар да көп күттірмеген. Алайда мәміле жүзеге аспай қалды — жарияланымды жедел қызметкерлер бақылауда ұстаған.
Арнайы іс-шаралар жүргізілгеннен кейін күдікті ұсталды. Одан келісілген соманың бір бөлігі саналатын ақша, ұялы телефон, сондай-ақ медициналық құжаттар мен талдау нәтижелері тәркіленді. Тергеу деректеріне қарағанда, ол мұндай хабарландыруларды бұған дейін де жариялаған болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары заңсыз донорлық схемасына қатысы болуы ықтимал өзге тұлғаларды және істің барлық мән-жайын анықтауда.
Еске сала кетейік, Қазақстанда адам ағзаларын сату заңмен қатаң тыйым салынған. Мұндай әрекеттер үшін сатушы да, делдал да, сатып алушы да қылмыстық жауапкершілікке тартылады.