Munarmedia.kz 25.02.2026 /Астана/ - Түркістан облысындағы жатақханада студент қыздарды ерлер бөлмесін тазалауға мәжбүрледі деген дау қоғамдық резонанс тудырды.
Әлеуметтік желілерде студент қыздар мен жатақхана әкімшілігі арасындағы жағдай түсірілген видео тарады. Жазба сипаттамасында бұл оқиға Түркістан облысы білім басқармасына қарасты көпсалалы индустриалды-техникалық колледждің жатақханасында болғаны айтылған.
🧹 Видеодан студент қыздардың өз бөлмелерінен бөлек, ерлерге арналған бөлмелерде де еден жуып, әжетханаларды тазалауға мәжбүр болғанын аңғаруға болады. Айтуынша, бас тартқан жағдайда оларды жатақханадан шығару немесе душты өшірумен қорқытқан.
Кейін Түркістан облысының білім басқармасы бұл жағдайды «түсінбеушілік» деп түсіндірді. Ресми мәліметке сәйкес, студент қыздардан алдағы спартакиадаға қатысушыларды орналастыру жоспарланған бөлмелерде «тазалыққа көмектесу» ғана сұралған. Ол кезде ер студенттер уақытша болмағаны алға тартылды. Басқарма өкілдері ішкі бақылау күшейтіліп, мұндай жағдайларға жол берілмейтінін мәлімдеді.
📢 Ал Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жауапты тұлғалар тәртіптік жазаға тартылғанын хабарлады. Оларға қатаң сөгіс жарияланған. Комитет Қазақстанда балалар еңбегін пайдалануға тыйым салынғанын және оларға қандай да бір қысым көрсетуге жол берілмейтінін еске салды.

Қоғамда қызу талқыланған бұл оқиға білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы мен студенттердің құқықтарын қорғау мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.