Munarmedia.kz 21.02.2026 /Astana/ –Енді команданы Ақмола облысының аграршылары құрған қоғамдық қор өз қамқорлығына алмақ.
Былтыр күзде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдеріне үндеу жасап, отандық футбол клубтарын қолдауға шақырған еді. Бұл бастамаға Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер үн қосып, жаңа маусым қарсаңында алты клуб түрлі компаниялармен келісім жасасты. Атап айтқанда, Ордабасы, Шахтер, Жеңіс, Ақтөбе, Қызылжар және Қайсар жекеменшік сектордың қолдауына ие болды.
Ал Ақмола облысында өзгеше жол таңдалды. Бұл өңірде Оқжетпес клубының тізгіні жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қолына өтпек. Бұл – заңды шешім. Себебі аймақ астық өндіру бойынша көшбасшылардың бірі саналады: өткен жылы диқандар 7 миллион тоннадан астам астық жинап, жалпы өнім көлемі 1,2 триллион теңгеге жеткен.
Өңір аграршылары жергілікті футболды дамытуға бейжай қарамай, команданы бірлесе қолдау жөнінде ортақ шешім қабылдаған. Осы мақсатта арнайы қоғамдық қор құрылып, оның басшылығына Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр тағайындалды. Жаңа жобаның басталуына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ресми түрде қолдау білдірді.
Осылайша, «Оқжетпес» Қазақстан Премьер-лигасындағы бюджет қаржыландыруы қысқартылатын жетінші клуб болмақ. Қазіргі басты міндет – ел чемпионатында өңір намысын лайықты қорғап, жас футболшыларды тәрбиелеу. Клуб Еуропа мен Африкадан легионер-ардагерлер шақыруды жоспарлап отырған жоқ.