Отар гарнизонында әскерилер жазаланды

13

Munarmedia.kz 21.02.2026 /Astana/ – Отар гарнизонында сарбаздың соққыға жығылуына байланысты әскери бөлімнің басшылық құрамы қызметінен босатылды.

Алдын ала мәліметке сәйкес, әскери қызметшіге физикалық күш қолданылып, салдарынан оның жақ сүйегі сынған.

Оқиғадан кейін Гвардейский гарнизонында орналасқан әскери бөлімнің төрт бірдей басшысы лауазымынан айырылды. Атап айтқанда, бөлім командирі, оның орынбасары, тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, сондай-ақ батальон және рота командирлері қызметінен босатылды.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мәліметінше, бұдан бөлек бірқатар басшыларға толық қызметтік сәйкессіздік туралы ескерту жасалған. Сонымен қатар бірнеше офицер мен сержантқа қатаң тәртіптік жаза қолданылды. Ведомство өкілдері лауазымына қарамастан, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.

Министрліктің баспасөз қызметі: «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіліп жатқан тергеу нәтижесінде барлық мән-жайға құқықтық баға беріліп, түпкілікті шешім қабылданады», – деп мәлімдеді.

Қазіргі уақытта зардап шеккен сарбаз Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Әскери-клиникалық госпиталінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ол ауруханаға түскен кезде жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық болған. Емдеу толық көлемде жүргізілуде. Қазір науқастың психологиялық ахуалы тұрақты, шайнау және ауыз ашу функциялары біртіндеп қалпына келіп келеді. Жақын күндері бекіткіш шиналарды алу жоспарланған.

Әскери қызметші физиотерапия, дәрумен терапиясы, жалпы нығайтушы ем және емдік дене шынықтыру курсынан өтуде. Алдағы уақытта гипербариялық оксигенация сеанстары жүргізіліп, оңалту кезеңі аяқталған соң әскери-дәрігерлік комиссиядан өтеді.

Дәрігерлердің болжамынша, бір ай ішінде сарбаз ауруханадан шығарылады. Толық сауығуы үшін оған сырқатына байланысты демалыс беріліп, кейін әскери қызметін өз бөлімінде жалғастырады.