Қазақстандық рэпер Qarakesek қоғамдық жұмыстарға тартылды.

13

Munarmedia.kz 21.02.2026 /Astana/ – Ақтөбе қаласының №2 соты әншіні ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 3-бөлігі («Есірткі құралдарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау») бойынша кінәлі деп танып, 100 сағат көлемінде қоғам игілігі үшін ақысыз жұмыс істеуге міндеттеді.

Сот отырысына айыпталушының өзі алдыңғы тыңдауға келмеген. Осыған байланысты оны мәжбүрлі түрде жеткізу туралы қаулы шығарылған.

Сондай-ақ сот шешімімен рэперге қоғамдық жұмыстардан бөлек, есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі түрде ем қабылдау міндеті жүктелді.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 30 тамызында Ақтөбе қаласының орталығында жүргізілген жедел іс-шара барысында Qarakesek-тен мефедрон есірткісі табылған. Медициналық сараптама оның көлік тізгінін есірткілік мас күйде басқарғанын да растады.

Аталған құқық бұзушылық үшін ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылған болатын.