Munarmedia.kz 21.02.2026 /Astana/ – TikTok желісінде жазылған пікір үшін Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны бес жылға бас бостандығынан айырылды.
HALYQSTAN тілшісінің хабарлауынша, 40 жастағы өңір тұрғыны Татьяна Л. әлеуметтік желідегі пікіріне байланысты сотталған. Сот оны Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзуды насихаттады деп танып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, өткен жылы әйел адам Петропавл қаласының атауына қатысты талқыланған бейнероликтің астына пікір қалдырған. Қылмыстық іске негіз болған жазбада: «Петропавловск – бұл Ресей, бірақ Қазақстан емес… қазір тартып алғысы келеді, ештеңе емес, бәрі өз орнына келеді… кейін біз күлеміз» деген мазмұндағы сөздер болған.
Пікір ашық қолжетімді түрде жарияланып, әлеуметтік желіде кеңінен таралған. Бейнеролик өшірілгенге дейін 5 мыңнан астам лайк, 3 мыңнан аса пікір және жүздеген бөлісу мен сақтаулар жинаған.
Пайдаланушылардың бірі e-Otinish сервисі арқылы полицияға жүгініп, авторға профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұраған. Кейін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы аккаунт иесін анықтаған. Пікір жарияланған телефон тәркіленіп, тексеру барысында парақша тиесілі екені расталған.
Сот барысында айыпталушы кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, жазған пікірі «тарихи дерекке» негізделген және ойын толық жеткізе алмаған. Сондай-ақ ол сепаратизм үшін қылмыстық жауапкершілік барын білмегенін айтқан.
Алайда сот-психологиялық және филологиялық сараптама, оның ішінде саясаттанушының қатысуымен жасалған қорытындыда, жарияланған пікірде Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуды насихаттау белгілері бар екені көрсетілген. Сотта әлеуметтік желі қолданушылары әйелге қылмыстық жауапкершілік туралы ескертіп, Қылмыстық кодекс баптарын келтіргені де айтылды. Соған қарамастан, ол «ешкімнен және ештеңеден қорықпайтынын» жазғаны белгілі болды.
Іс материалдарын, скриншоттарды, тексеру хаттамаларын, куәгерлердің жауаптарын және сараптама қорытындысын зерделеген сот айыпталушының әрекеті саналы түрде жасалған деген қорытындыға келді.
Үкімге сәйкес, Татьяна Л. ҚР Қылмыстық кодексінің 180-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде бес жыл жазасын өтейтін болды. Ол сот залында қамауға алынды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.