Оңтүстік Кореяда техникалық қателік салдарынан 44миллиард доллара тұрғындарға таратылып кеткен

28

Munarmedia.kz 21.02.2026 /Astana/ – Оңтүстік Кореяның ірі криптовалюта алаңдарының бірі – Bithumb техникалық қателік салдарынан клиенттеріне шамамен 44 миллиард доллар көлемінде биткоин аударып жіберген.

Оқиға 6 ақпанда өткен жарнамалық науқан кезінде тіркелген. Науқан шарты бойынша пайдаланушыларға 2 мың оңтүстіккореялық вон көлемінде бонус берілуі тиіс болған. Алайда жүйелік ақау салдарынан кейбір аккаунттарға мыңдаған биткоин есептеліп кеткен. Жалпы қате бірнеше жүз есептік жазбаны қамтыған.

Биржа басшылығы жағдайды жедел бақылауға алып, зардап шеккен аккаунттар бойынша қаражатты шығару мен сауда операцияларын уақытша тоқтатты. Ресми мәліметке сәйкес, пайдаланушылар қаражатты игеріп үлгермегендіктен, қате аударылған активтердің басым бөлігі кері қайтарылған.

Компания өкілдері бұл жағдайдың хакерлік шабуылға немесе жүйені бұзуға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, оқиға ішкі техникалық ақаудың салдарынан орын алған.

Сарапшылар мұндай жағдайлар криптонарықтағы қауіпсіздік пен ішкі бақылау жүйелерінің маңызын тағы бір мәрте көрсететінін атап отыр.