Несиеге үміт артса да, жұртшылық шетелден жаппай көлік тасымалдап, әйтеуір ескірген дүниесінің орнын толтырғандай болып жүретін. Дегенмен таяуда үкімет "ресми дилерден аласың немесе жоқ" деп үн қатқандай болды. Сайып келгенде бұл саудасы азайған ресми дилерлерді қолдан "азықтандырып", бағаны өсіруге мүмкіндік ашу болатын іспетті.
Ресми дилерлердің мүддесі қорғалуда
Ең алдымен мына нәрсені байқау қиын емес. Жаңа автокөлік алушылар кейінгі 1-2 жыл шамасында ресми дилерлерден емес, шетелден машина импорттаушыларға көптеп жүгіне бастаған. Қай әлеуметтік желіні ашсаңыз да, Қытай немесе Оңтүстік Корея нарығынан алынған автокөліктерді жарнамалап жатқандар жетерлік еді. Ресми дилерлерге қарағанда бағаны сәл азайтып қояды, кредиттік бағдарламалардың түрлісін қарастырған, тіпті, табысын растамай-ақ автонесие алып жатқандар кездесті. Ақыры осы дүние үкіметтегілердің көзінен таса қалмапты.
18 қарашада Мемлекеттік кірістер комитеті сайтында 1 желтоқсаннан бастап "көлік құралының типін мақұлдау құжатын рәсімдеген заңды тұлға ғана автомобиль әкеле алады" деген ақпарат пайда болды. Яғни, бұл тізімге тек ресми дилерлер кіреді. Басқасының жолы кесіледі.
Әуелде комитет бұл ереже автомобиль импорттаумен айналысатын жеке тұлғаға әсер етпейтінін хабарлаған. Бұрын қалай әкелсе, солай мақұлдау құжаты арқылы әкеле береді деп сендірді. Бірақ бірнеше күннен кейін әлеуметтік желіде үкіметтің көлік импорттауға қатысты жиналысының хаттамасынан алынған үзінді пайда болды. Құжатта ел тұрғындары жеке қажеттілігі үшін жылына бір ғана автомобиль кіргізе алады деп жазылған.
Кейін үкімет бұл өзгерістің баж салығы мен салық мөлшерлемесін арттырумен байланысы жоғын мәлімдеді. 2015 жылдан бері қолданыстағы заңнамаға сай техникалық және кедендік реттеу рәсімдері бар екен. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, автомобильді кедендік тазартудан өткізудің екі жолы бар.
Біріншіден, жеке тұлға өзі пайдалану үшін автомобиль әкелген жағдайда көлік құралының типін мақұлдау құжаты рәсімделеді, бірақ жылына бір көлікке ғана рұқсат беріледі. Баж салығының бірыңғай мөлшерлемесі төленеді, ол 48 пайыздан басталады және көліктің қозғалтқыш көлемі мен жылына байланысты өзгереді.
Бұл тек жеке мақсатқа арналған көлікке қатысты екенін ескеру керек. Үлкен жүк көлігін немесе 12-ден астам жолаушы таситын автобус, сондай-ақ жолаушы немесе жүк тасымалы үшін қолданылатын коммерциялық көлікті жеке пайдалану үшін әкелуге болмайды.
Екіншіден, заңды тұлға көлікті кәсіпкерлік мақсатта сату үшін оған көлік құралының типін мақұлдау құжатын рәсімдеуге тиіс. Сол кезде кедендік алым 15%, ал қосымша құн салығы 12%-ды құрайды. Бұл жаңа ереже емес, 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ құрылған кезде күшіне енген талаптар екен. 10 жылға жуық уақыттан кейін қалай еске түскені белгісіз.
Осылайша, үкімет биыл 1 желтоқсаннан бастап жеке тұлғаның көлік әкелуіне қатысты шектеу мәселесі толық шешілгенін мәлімдеді. Яғни, бір адам бір жыл ішінде елге тек бір машина кіргізе алады.
Бір жылдың ішінде екі немесе үш автомобиль әкелмек болсаңыз, көлік құралы құрылымының қауіпсіздігі туралы куәлік берілмейді, яғни, рұқсат жоқ. Өйткені бұл әрекет автоматты түрде кәсіпкерлікке саналады.
Қалай алғанда да, шетелден бірнеше көлік әкеліп, қазақстандықтарға нарықтағыдан арзандау бағаға саудалап жүретін делдалдардың жолы кесілді десе болғандай. Әлеуметтік желіде көлік импорттаушылар амалсыздан көндіккерін айтуда. Ал бұл кімге тиімді? Әрине, ресми дилерлер енді белсенді болып, автонарықта әмірін жүргізе бастайды.
Автокомпаниялар бағаны өзгертуге дайындалуда
Үкімет енгізген, шынында бұрыннан бар шектеулер біздің ойымызша сол баяғы "отандық автоөндірісті қолдауға" бағытталып отырған сыңайлы. Жауаптылар осы арқылы елде құрастырылып жатқан автокөліктердің саудасын жүргізбек ниетте. Бірақ салыстырар болсақ, бұған дейін Қытай нарығынан әкелінген Hyundai Elantra-ны импорттаушылар 10-11 млн теңге шамасында сатып жүрсе, отандық өндірістен шыққандары 13 млн теңгеден кем түспейтін. Оның үстіне жабдықталуына көңілі толмайтындар болды. Елде құрастырылғаны болмаса баға жағынан тиімділігі жоқ.
Негізі сырттан көлік тасымалдаушылардың мемлекетке тиімділігі бар еді. Қаржы министрлігінің дерегінше, 2024 жылдың 10 айында шетелден 143 мың көлік әкелініп, рәсімделген. Соның арқасында 291,4 млрд теңге көлемінде кедендік төлемдер мен салықтар төленген екен. Яғни, қазынаға түсім болатын. Сондықтан қабылданған шаралар ресми дилерлердің мүддесі үшін ғана жасалып отырғаны анық.
Енді не болмақ? Ресми дилерлер қалағанынша бағаны өсіруі мүмкін деген қауіп бар. Онсыз да доллар қымбаттады дегенде дилерлер салонда тұрған Chevrolet Cobalt-тың бағасын аяқ асты 8,5 млн теңгеге дейін өсірді. Ал танымал автошолушы Олжас Оқас келер жылдан бастап көлік бағасы қымбаттауы мүмкін екенін айтуда. Тіпті, ресми автосатушылар бағаны қазір өзгерте бастаған.
– Жуырда доллар қымбаттағанын емес, теңге арзандағанын көрдік. Енді жұрт доллар одан әрі өспей тұрғанда жылжымайтын мүлік алуға асығып жатыр. Яғни, автокөлік саудасы алдағы уақытта қызатынын болжау қиын емес. Қазір автокомпаниялар бағаларды жаңартуға көшті, – дейді сарапшы.
Жалпы, қазақстандықтардың несие портфелі 22,7 трлн теңге болса, соның 14,1 пайызын автонесиелер құрап отыр. Бұл үлес жылдам артып бара жатқан, себебі ел бұрынғыдай ескі көлік міне бермей, шетелден түрлі автокөліктер кіргізілген соң жаңасын алып жатқан еді.
Енді ресми дилерлер бағаны көтерер болса, ел қайтадан ескі көліктердің саудасын қыздырып, автонарықтағы қымбатшылықтың орнауына әсерін тигізеді.