#Қазақстандық желтоқсан қозғалысы ұйымының назарына!
Ей сақи дүние!..
Мүмін Әлем!
Айқай дүние!
Қазақтың даласына бір көз салшы. Көзінен ащы жас кетер емес. Жылайды да өз-өзіне жұбату айтады, кемеңгер халқымның көкірегінен қаншама уақыт шер, шемен, жыр төгілді, бірақ зарлы жыр, домбыраның шегінен де зарлы күй төгілді, «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп, ұлы уақыт көшінде зар қақты. Қалмақтан да, жоңғардан да құқай көрген, жұдырық жеген қазақ, өз алдымызға қашан ел боламыз деп азаттыққа алақұстай ұмтылды. Жұмыр жер бетінде мұндай бақыт, мұндай ғажап сәт, сәулелі нұрлы өмір қашан болар екен деп алға көз тікті.
Аспаны алабұлтты. Жері кең. Даласы жалпағынан жатқан қазаққа осыншалықты байлықты беріп, сорды, мехнатты, азапты көрбейнетті қосамжар қылған Құдайдың өзі неткен құдыретті еді. Еһ Алла-ай!.. Алла-ай! Сират таңында Дербестіктік жолында шаһит кеткен оғлан бабаларымның жаны жаннаттық болсын! Иллаһи Алла!.. Тілегім осы! Менің ғана емес-есті қазақтың тілегі бұл!
Он алтыншы желтоқсан күні, таң бозынан ерте тұрдым. Бір дем әрі, бір дем бері боп түймедей дәрі ішіп, сарсаң күйге түсіп мәңгіріп отырмын. Жазуға мұршам жоқ,арқамнан аламанның жүйрігіндей ащы терім шығып пора-порамын.
Тән -жанның, жан-Жаратқанның аманаты. Ауырсақ та, мың бұралсақ та, ілбіп, келешекке көңіл дүрбісімен үміттеніп қарайсың.
Жанымда мұң бар,
жанымда күз бар,
жанымда ерімеген бозқырау мұз бар,
жанымның жазы жоғалғандай. Жалынан қол жүгіртпес кегжең арман, құландай жортқан асау қиял. Мен өкшелеп қусам дағы жеткізер емес... Өзімше бір дүние жазайыншы деп, тырмысып, талпынғаныма қаншама уақыт болды. Алдымда бір қорап кәріс темекісі. Сосын тарихи роман Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабы. Өткен аптада конспекті жазып отырып оқуды бастаған. Қазақтың тарихы. Қазақтың шежіресін теріп...
Қайран қазақтың хандары, қайран қазақтың оғлан батырлары, билері, олар даланың еркін құсы сияқты заманында сөзі қалықтаған дүрлерім-ай, даңқтыларым-ай!
Қайдан білсін қасық қанды жанторсыққа құйып жүріп, ат жалында еңгу-еңгу жер шалған ақ табан, маңдай тері төгіліп жүріп, сорбейнет кешкенде, келесі ұрпағы ұрда-жық жын-жыбыр империяның табанының астына түсіп қалатындығын!?
Қайдан білсін, мәймөңке сөз, жалтақтық, қорқақтық, қорқаулық, екіжүзділік, қанағатсыздық билейтіндігін!?
Қайдан білсін «отар елге» айналып күшәла жегендей мәңгіріп қалатындығын!?
Қайдан білсін Кенесарыдай ханның, басы азаттықтың жолында кетіп, қайтып табылмайтындығын!?
Қайдан білсін «елім!» деп еңіреген алаш азаматтарының рухы тас бетонға қамалып, сыртынан жетпіс жыл бойы дәу құлып салынатындығын!?
Ей сараң дүние!
Тыңдашы мені! Мен қазақтың баласымын!.. Соңғы демім қалғанша осы күнім, осы атқан таңым, осы батқан күнім мәңгілік болсыншы деп, құдайдан байлық емес, тек ТӘУЕЛСІЗДІГІМ-нің басы бүтіндігін тілеймін. Байлық еритін мұз, бақ ұшатын құс. Байлығың табылар, тәуелсіздіктің арайлы таңына, шырайлы күніне жететін құдырет бар ма?
...86 жыл. Он алтыншы желтоқсан. 1986 ғой. Он бес одақтың іріп, шіріп, бақайының иісі басына кеп жатқан уақыт. Әлі де Мәскеуге бағыныштымыз. Көзіміз де, құлағымыз да соларда ләббай ұрып, тіземіз бүгіліп, бүкжіктеп, сүмірейіп тұрған кералаң кезеңіміз ғой. Соны білді ме, әлде бір жымысқы түлкі саясат па, әлде біреулердің майкөтеніне тақ керек болды ма? Бұл жағы біз бен сізге белгісіздеу болып, тарих бетінен ашылмай күйі, зерттелмеген күйі көзжұмбайлықпен қалып, бізге жетті. Ақиқат үшін, азаттық үшін, ардамінезді ардагер қазақ үшін, алаңға шығып, таяқ жеп, тағдырды тәңірге тапсырған қазақтың апталдары һәм ұл-қыздары қазір қайтып өмір сүріп жатыр?
Олардың барлығы ақталды ма, әлде сол абақтыдан тартқан азап, көрген көрешекті сағыздай созып, сіңірлеп келе жатыр ма, ендеше әлқисадан бастайық.
...86 жыл. Қазақ жастарының рухы оянды.
Ұлы дала дүбірге толды. Дүбірдің соңы күбірге айналып, бетке шыққан күбірткедей күмпиіп тұрғандарға елдің азаттығынан гөрі, өзінің астындағы тағы қымбат еді. Өйткені, Мәскеуден келген Ібілістің ішіне кім кіріп шығыпты?
Арсызға Отан емес, атақ қымбат!
Арсызда Ана да, Отан да болмайды!
Ал қазақтың даласы Кенесары ханнан кейін қайта оянды. Сол күні аруақтар қазақтың даласынан үнсіз, мүлгіп қарап тұрған шығар? Өйткені, қазақ жастары әрбір өңірде қынадай қырылып, соққы жеп, өліп, жараланып, тепкі көріп, азаптанып жатты. Бірақ рухтары сынған жоқ. Өйткені бұлар Көк түркіден тараған, Көк бөрінің ұрпағы. Құлдыққа, абыройсыздыққа әсте көнбейді. Бөрі біріксе, бұралқы иттер қорада қыңсылайды. Колбин Қазақстанға келгенде, қай бір оң ниетпен келді дейсіз?
Бұратана халық,
Дінінен безген, тілі қосайыр, мәңгүрттенуге жақын қалды, барып билей бер, төске ұр, балағынан тарт «екі қазақты бір-біріне қарсы қой да» сүзістіріп қойып, саясатынды жүргізе бер деген болар!
Жоқ, қазақ оянды!..
Асқақ Алатаудың баурайы дүр сілкінді,
Қыран қалықтап «шаңқ-шаңқ» етті.
Айналайын қазақтың жастары бейбіт ниетпен, ақкөңіл, пәк жүрекпен, нәзира тілекпен «Қазақстанды Қазақ басқарсын!..» деп талап қойды. Бейбіт түрде.
Мына заман қай заман, қысқан заман,
Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.
Шұбырғанда шілдеде шаң борайды,
Қар жауған қаңтардағы қыстан заман!
-дейтін кер заман еді. Айқай-шу. Аласапыран басталды да кетті. Алаңға шыққан қазақтың жастары қынадай қырылды. Құдай-ау, соншалықты оңбаған, соншалықты бейшара, соншалықты түйсіксіз, соншалықты пақыр болар ма еді? Қайда сол кездегі «елдің игі жақсылары» кімнен «шыбын жандары» артық еді? Артты қысып, қамқа тонға қымтанып, терезеден ойланып қарап тұрған шығар?!
Таяқты жесе жесіңші, менен аулақ! деп. Қазақтың жастары кім үшін, алаңға шықты?! Ел үшін, егемендігі үшін, үл-кен айдаһар империямен күресу үшін жалаңқол, қарусыз шықты, өйткені олардың рухы мықты.
Он алтысыншы желтоқсан күні осы ой мені мазалап, төсегімнен ерте тұрғызды. Еділді алды, елді алды, енді алмаған нең қалды? деген кезінде дала жыраулары.
Еһ тар заман,
Кер заман,
Зарлы заман деймін, өзім сырқаттанып отырып. Мен үшін әрбір желтоқсанға қатысқан азаматтардың барлығы БАТЫРЛАР!
ОЛАР ҚАЙТАЛАНБАС ТҰЛҒАЛАР!
ОЛАР МАҚТАНШЫЛЫҚТЫ ЖӘНЕ СҮЙМЕЙТІН, БАЙЛЫҚҚА ҚЫЗЫҚПАЙТЫН ТЕК АРДЫҢ, АБЫРОЙДЫҢ АДАМДАРЫ!!!
Ұялы телефоным шырылдады. Қарағандылық қария Серік ақсақал. Осыдан бір жарым, екі жыл бұрын телефонымды тауып ап, хабарласқан болатын-ды.
-Айналайын, менің бір жиенім бар, есімі-Қазыбай Мұратұлы Бегімов Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақжал кентінде тұрады ІІ топтың мүгедегі, желтоқсан оқиғасына қатысып, күні бүгінге дейін ақталған жоқ,-деп күрсінді.
Одан бері де, біраз уақыт өте шығыпты. Әне-міне деп уақытпен жарысып, бір күн ауырып, бір күн сауығып уһ деп қолым тие бермейді. Ақсақал екеуміз жарым сағат сөйлестік. Байланысқа желтоқсандық ардагер азаматтың келіні Айткүл Саденова шығып, менімен тілдесті.
Қазыбай Мұратұлы Алматыда ауылшарушылық институтында білім алып жүргенде, желтоқсан оқиғасына қатысқан, сол жерде қолға түсіп тұтқындалып, абақтыға апарып милитцияның қызыл жағалылары тас еденге салып қойып, басынан резеңке таяқпен ұрып, өлімше қылып тепкілеген. Бірақ, Қазыбай ештеңені мойнына алмай, ақыры үш күннен соң, босатылып, оқуың аяқтап, Қарабұлақ ауылына жұмысқа келеді. Ми талшықтарына зақым келді ме екен, көп ұзамай мүгедек болып табылады. Сірә, соққыны алғашында елемеген -ау!..
Әкесі Мұрат, баласының көз алдында құрдымға кетіп бара жатқаның көріп, еліміз егемендігін алған соң, жазықсыздан-жазықсыз таяқ жеп, тағдырын құртқандарды іздеп, әртүрлі мекемелерге хат жолдап жүріп, ақиқатқа қол жеткізе алмай дүние салады. Қазіргі таңда Қазыбай Бегімов ІІ топтың мүгедегі, анасының көзі көрмейді. Қазыбай Бегімов 1964 жылы 11 -ші қыркүйек күні дүниеге келген. Бірақ желтоқсанға қатысқанымен күні бүгінге дейін ақталмай отыр...
Құдай-ау, ІІ топтың мүгедегі қылатындай жап-жас жігіт не бүлдірді екен?! Милитцияның қоймасына түсіп «алтының алды ма?» соншалықты зорлап, тас еденге салып қойы, резеңке таяқпен бастан ұратындай! Иттің ғана балалары-ай! Солардың біразы бүгінгі күні доғарыстағы офицер боп, елге ақыл айтатын көрінеді.
Өткенде Гүлнар есімді желтоқсаншы апамыз, өзің тергеген жас тергеушіні және өтірік жалған куәгер болған мыстан қатынды тауып ап, мыналар «бізді сотқа сүйреп «ұлтшыл», «наркоман» деп жала жапқан!»- деп әлеуметтік желіге суреттерін салды.
Басы бүтін, ұпайы түгел, тергеуші шетелде көл жағалауында қатынымен құмның үстінде қыздырынып жатыр. Құдайдан да, адамнан да, зауал келмеген. Анау мыстан кемпір немерелерімен жайраң қағып, бақыттың базарында отыр. Тіпті «қымсынбайды» да екеуі. Бұл екеуі ұлт сатқындары! деп ел, жәй әншейін пікір жазып, сыртынан «жұдырық» түйіп жатса, кейбіреулері танып жатыр «иә, мәссаған менің көршім болған мына кемпір!..» деп.
Отыз сегіз жылдан бері, ақиқатқа қолы жете алмай, Колбиннің қанды балақ, иттеріне таланған қазақтың жігіттері мен қыздарының ар-абыройын ойлаған ешкім жоқ. Құтты бір қазақ, тек иірағаштай иіліп, бұтағынан сына беру керек сияқты. Әйтпесе желтоқсанда таяқ жеп, абақтыда үш күн жатып, бастан соққы алған Қазыбай Мұратұлы Бегімовты күні бүгінге дейін ақтамай отырғандығына қарағанда, бұл азаматтың тағдырын ойыншық қылғандар, мүмкін жо-ғары мінбеде отырған шығар, періште боп, пенденінің кебенегін киіп ап.
Кім білсін? Мұндайда әр кәллада, бір сауал дейміз де қоямыз ба?..
Жоқ, олай ысырып «жылы жауып», жауырға жабу тоқып беріп, үнсіз, тілсіз отыруға болмас! Қара халықтан қорқып, қадіріңе кім жетер? деген атам қазақ!..
Ау айналайын!
Жоғарыда отырған ағалар, апалар, Желтоқсанда алаңға қазақтың осы жігіттері мен қыздары шықпаса, біз бәлкім егемендікті алар ма едік, әлде бодандықтың бұғауында от алмаған мылтық құсап бықсып қалар ма едік!?
Неге екендігін кім білсін, түсімде, Махамбет ақынның уытты жырларын со-нау балалық шағымда жаттаған соны жатқа айтып жатырмын бесінші я алтыншы сыныпта ма, дөп, есімде жоқ.
Халық үшін қан төгем деп,
Қараны ханға теңеп берем деп,
Ол мақсатқа жете алмай,
Дегенімді ете алмай,
Қор болдық-ау, шырақ-ай!
Колбинді ғана емес, тұтас империяны дірілдетіп тас-талқан еткен, қазақ жастарының ерлігін келер ұрпаққа жеткізу әрбіреуіміздің басты мақсатымыз.
Желтоқсаншы Қазыбай Мұратұлына алтын сарай, күміс тәждің керегі жоқ. Бар жақсылықтарыңыз қолына «ақталды желтоқсан оқиғасына қатысқан» деген «мөртабаны» бар тілдей қағазы болса, болды. Әйтпесе, өзі мүгедек адам астан ілік, тойдан жілік дәметпейді.
Суретке қараңыздаршы ағайын!..
P.S Суретте көзі жәудіреп отырған Қазыбай ағамыз. Өмірге деген құштарлығы, махаббаты басым. Колбиннің жалаңбұт, сорлы, күстабан иттері жарымжан қып қойған!
Колбин метрода «ит өліммен қаңғырып», қыңсылап өлген. Жастардың қарғысы жібере ме, қазақ халқы киелі халық. Ал сондай киелі халықты қынадай қырғандар, ұрғандарға Алланың қарғысы болар. Біз асыққанмен, Құдай асықпас. Мен желтоқсандық ардагерлердің алдында бақыр басымды ием! Өйткені олар нағыз батырлар!
Ал ақ жағалы, алтын бастар қашан батырларымызды құрметтеп, бас иетіндігін білмедім ағайын...
Суретте: Қазыбай Бегімов
#Құрметті ағайын, посты бөлісіп таратсаңыздар екен. Батырға ✋ қолұшымыз тигізгеніміз сол болсын..
журналист Жеңіс Оспанов