"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы өз қаржылық мәселелерін экспорттаушы кәсіпорындардың есебінен шешуге көшті. Тарифтердің бірнеше есеге күрт көтерілуі, Мемлекеттік комиссия шешімдерін орындау мерзімінің ескерілмеуі, бизнеске болашаққа қатысты түсінікті кепілдіктер мен болжамдардың берілмеуі – мұның бәрі көмір мен құрылыс материалдарын жеткізумен айналысатын ондаған кәсіпорынның жұмысы тоқтап қалуға таяу екенін көрсетті.
Бір жыл бұрын Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы, экс-премьер-министр Әлихан Смайылов мәжілісте жасаған баяндамасында КТЖ-ның триллион теңгеден астам қарызы барын және бұл жағдайдың компанияның тиімсіз әрі ескірген басқару моделінен туындағанын мәлімдеген еді. Алайда ұлттық компания сол кезде тек барлық несиелік міндеттемелерін біртіндеп өтеп жатқаны туралы қысқа мәлімдемемен шектелді.
Араға алты ай салып, Exclusive.kz сайтында жарияланған «Неге КТЖ өзін Қазақстан үкіметінен жоғары қойды?» атты мақалада ұлттық оператор нақты экономикалық проблемаларды шешудің орнына, жүк тасымалы көлемінің 1-7% шамасындағы мардымсыз өсуін үлкен жетістік ретінде көрсетіп отырғаны, шынайы диалогтан жалтарып жүргені айтылды.
КТЖ президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы жолдауында айтылған «теміржол саласын реформалау тарифтік жүйені қайта қараумен қатар жүруі керек» деген сөзін пайдаланып, магистральдық теміржол желісі бойынша қызмет құнын арттыруды шектеусіз жүргізе бастады. Бұл ретте қызмет сапасы жақсарған жоқ. Тариф өсімінің жалғыз себептері ретінде «еңбекақы қорын арттыру қажеттігі» секілді сылтаулар келтірілді.
2025 жылдың наурызында КТЖ жүк тасымалы тарифтерін бірнеше пайызға емес, бірнеше есеге бірден өсірді. Бұл қадам бизнес өкілдерімен алдын ала келісілген жоқ. Экспорттаушылар жаңа тариф туралы тек енгізілгеннен кейін барып білді.
Тарифтің күрт көтерілуі көптеген кәсіпорынның бұған дейін жасалған экспорттық келісімшарттарын орындау мүмкіндігін жоққа шығарды. Енді олар келісімшарттық міндеттемелерді бұзу немесе шығынға ұшырай отырып, жоғары тарифпен жұмыс істеу арасында таңдау жасауға мәжбүр. Мұндай жағдайда отандық компаниялардың халықаралық нарықтағы іскерлік беделі де айтарлықтай зиян шегіп отыр.
«Каражал Оперейтинг» ЖШС өкілі:
«Тарифтің 140%-дан астам өсуі біз үшін күтпеген жағдай болды. Тасымал құны үш есеге артты, енді біз өнімді шығара алмай отырмыз. Былтыр желтоқсанда жасалған келісімшарттарымызды орындай алмай қалдық».
Ең ауыр соққыны көмір мен металлургия өнеркәсібі көрді. Мысалы, «Қазақмыс» корпорациясы магистральдық желі тарифінің 316%-ға өскенін мәлімдеді. Бұл көрсеткішке әлі локомотивтік тарту құны кірмеген.
«Майкубен-Вест» (Экибастұз) үш ай бойы өнім жөнелте алмай отыр.
«Сарыарқа ENERGY» (Қарағанды) да осындай жағдайда.
Компания өкілі:
«КТЖ-ға да, Көлік министрлігіне де, Индустрия министрлігіне де талай хат жаздық. Үш айдан бері толық тоқтап тұрмыз. Жабылу алдындамыз, қызметкерлерді қысқартуға мәжбүрміз».
Құрылыс материалдарын өндіру саласы да зардап шекті.
«Латон Маркет» компаниясы (кварц құмын шыны зауыттарына жеткізеді):
«Бұрын тасымал 233 мың теңге тұрса, наурызда 649 мың теңгеге жетті. Бұл құм бағасынан да қымбат. Сондықтан экспортты тоқтатуға мәжбүр болдық. Нәтижесінде шыны зауыттары жұмысын тоқтатудың алдында тұр».
Семейдегі цемент зауыты да өнімінің өзіндік құнының өсуіне байланысты нарықта бәсекеге қабілеттілігін жоғалтты.
Бизнес өкілдері тек тарифтің күрт өсуінен емес, локомотив тапшылығынан да зардап шегіп отыр. Вагондар уақтылы берілмейді, станцияларда ұзақ тұрып қалады. Бұл үшін де қосымша ақы төлеуге мәжбүр. Тариф өссе де, қызмет сапасы жақсармаған.
Осы жағдайға байланысты «Атамекен» ҰКП бастамасымен шұғыл жиналыс өтіп, бизнес өкілдері бұл ахуалды үкімет деңгейінде төтенше жағдай ретінде тануды талап етті.
Сәуірдің соңында Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия тарифті бұрынғы деңгейге қайтару туралы шешім шығарды. Алайда КТЖ бұл шешімді орындаудан бас тартып, "табиғи монополия туралы заңды" сылтау етті. Компанияның айтуынша, тарифті өзгерту шешімі ресми жарияланғаннан кейін 15 күннен соң ғана күшіне енеді, яғни, 8 маусымнан ерте емес.
Бизнес бұған қарсы дәлел келтірді: бұған дейін КТЖ мұндай заң нормаларын ескермей, кейбір компанияларға бір күнде жеңілдіктер берген. Ал қазіргі жағдайда, мәселе бүкіл саланың тағдырына әсер етіп отырған тұста, бұл "ережелер" күтпеген жерден күшіне енді.
«Атамекен» төрағасының орынбасары Мұрат Амрин:
«Әр күн кешігу – экспорттаушыларға жүздеген миллион теңге шығын әкеледі. Бұл жеке компаниялардың ғана емес, мемлекеттік реттеу жүйесіне деген сенімді де бұзады».
Наурыз айында «Шұбаркөл Премиум» компаниясына КТЖ мен мемлекеттік органдар тарифті индекстеу арқылы шығынды өтеп береміз деп уәде берген. Компания осыған сеніп, экспортты жалғастырған. Алайда уәде орындалмай қалды. Нәтижесінде бұл компания да, басқа қатысушылар сияқты, орасан шығынға батты.
КТЖ тарифтік саясат департаментінің директоры Диас Түсіпбеков:
«Тариф өсімі – мәжбүрлі шара. Біз экспорттаушыларды жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам субсидиямен қолдап келеміз. Өзіміздің шығындарымыз жабылмай отыр. Бізде жаңа жол салу, жылжымалы құрам сатып алу сияқты міндеттемелер бар. Бұл – триллиондық жобалар. Сондықтан тарифті көтеру – қажеттілік».
Бизнес өкілдері тарифтердің болашақта қалай өзгеретінін алдын ала жариялап отыруды талап етті. Жаңа тарифтер туралы барлық өзгерістер келесі жылдың желтоқсанына дейін жариялануы тиіс деп санайды. Бұл келісімшарттық баға қалыптастыру мен ұзақ мерзімді жоспарлауға қажет.
КТЖ өкілі 5 жылдық кезеңге арналған жаңа тарифтік өтінім шілде айында берілетінін айтты. Оған дейін 40 күн бұрын қоғамдық тыңдаулар өтеді. Алайда бизнес бұл тыңдаулардың тек формалды сипатта екенін, шешімдер алдын ала қабылданып қоятынын айтып отыр. Түсіпбеков мырза да тарифтердің болашақта жоспардан тыс өзгермейтініне кепілдік бере алмады, өйткені "тарифтер компанияның қаржылық жағдайына байланысты" деп мәлімдеді.
Қазіргі таңда бұл төтенше жағдайды шешу Ұлттық экономика министрлігіне жүктеліп отыр. Алайда ведомство өкілі жиналысқа қатысқан жоқ. Бизнес қазір Мемлекеттік комиссия протоколының орындалу тәртібі туралы ресми түсініктеме күтіп отыр. Сонымен қатар, «Атамекен» үкімет органдарының басшылығымен келіссөздер бастады. Мақсат – артық қаржылық жүктемені алып тастау және отандық экспорттаушыларға кедергі келтіріп отырған әкімшілік тосқауылдарды жою.