Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Қазақстан бизнесін негізсіз салық тексерулерінің толқыны күтіп тұр

14




Салық жүйесіндегі жаңа өзгерістер кәсіпкерлерге қауіп төндіріп отыр. Жаңа Салық кодексінің жобасы бизнеске беймәлім және негізсіз тексерулердің жолын ашуы мүмкін. Бұл өзгерістердің елдегі іскерлік ахуалға қандай әсері болатынын салық адвокаты Жангелді Сүлейменов Exclusive.kz порталына берген сұхбатында тарқатып айтты.

Тексерудің құпия себептері мен шексіз өкілет

Салық кодексінің жаңа жобасындағы ең даулы тұс – тексеру жүргізу ережелерін салық органдары өздері анықтайтын болуы. Сүлейменовтың айтуынша, бұл – салықшыларға "ақ парақпен қол қойдырғандай" мүмкіндік беру.

"Қазірдің өзінде салық органдары қолданыстағы кодексті жиі бұзады. Ал жаңа кодекс арқылы оларға өз қалауларына қарай ереже жазуға рұқсат берілсе – бұл барып тұрған бассыздық. Бұл салық мөлшерлемесін де өздері белгілесін дегенмен тең", – дейді адвокат.

Бүгінде Кодексте тек 12 нақты негізге сүйеніп тексеру жүргізуге рұқсат етілсе, жаңа жобада бұл шектеулер айқын емес. Сонымен қатар, тексерудің себебі құпия болмақ. Жаңа жүйе – "тәуекелдерді басқару жүйесі" (ТБЖ) арқылы автоматты түрде тағайындалатын тексерулер туралы ақпаратты салық төлеушіге хабарламауға мүмкіндік береді.

Құпия алгоритм және кәсіпкерді қорғаусыз қалдыру

Сүлейменов атап өткендей, жаңа жүйе салық төлеушіні өзінің қандай себеппен тексерілетінінен бейхабар қалдырады. Бұл – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарына қайшы.

"Кәсіпкер не үшін айыпталғанын білмейді. Бұл – 'Сізге 5 АЕК айыппұл салынды, себебі – бұл құпия' дегенмен бірдей. Құқықты қорғау тетіктері мүлде жоққа шығарылады", – дейді ол.

Бұған қоса, жаңа ережелер ішкі ведомстволық құжаттар арқылы бекітілмек. Яғни, оларды парламенттің қатысуынсыз-ақ күн сайын өзгертуге болады. Бұл тұрақсыздық бизнес үшін ерекше қауіп тудырады.

Прокуратураның хаты – жаңа себеп пе?

Тағы бір қауіп – прокуратураның талаптары салық тексерулеріне негіз болуы мүмкін. Қазір мұндай хаттар заңды күшке ие болмаса, жаңа жобада олар негіз ретінде қарастырылуы ықтимал.

"Мысалы, мен ашық деректер базасы арқылы Алматыдағы 1,5-2 мың құрылыс компаниясының тізімін жасап, прокуратураға хат жолдаймын. Егер жаңа кодекс қабылданса, осы хаттың негізінде бірнеше жылдық тексерулер басталуы мүмкін", – деп ескертеді Сүлейменов.*

Кәсіпкер үшін салдары ауыр болуы мүмкін

Тәжірибелі адвокаттың айтуынша, тексерулердің салдары өте ауыр: доначисление, өсімпұл, айыппұл – барлығы жиылып, кәсіпкерге миллиардтаған теңге шығын әкелуі мүмкін. Бұл – тек ірі бизнеске ғана емес, орта және шағын кәсіпкерлікке де үлкен соққы.

"500 миллион теңгеге салық доначисленсе, оған 50-60% өсімпұл, тағы 20-80% айыппұл қосылады. Нәтижесінде 1,2 миллиард теңге – бұл көптеген компания үшін банкрот", – дейді ол.

Салық қызметкерлерінің біліктілігіне күмән

Сүлейменов салық органдарында кәсіби дайындықтың жетіспейтінін де айтады. Кейбір тексерушілер тіпті сот процесіне Салық кодексінің өзінсіз қатысатын жағдайлар кездескен.

"Мұндай деңгейдегі мамандарға кең өкілет беру – қауіпті. Олардың заңға жауапкершілігі де жоқ", – дейді адвокат.*

Неге салық омбудсмені қажет?

Сүлейменов салық жүйесіне қарсы салмақ болатын тәуелсіз институт – салық омбудсменінің қажет екенін айтады. Қазіргі бизнес-ассоциациялар, депутаттар, кәсіпкерлер палатасы салық практикасын толық түсіне бермейді.

"Салық омбудсмені жүйені тепе-тең ұстауға көмектесер еді. Ол кәсіпкерлердің шынайы мәселелерін біледі, нақты істерге сүйене отырып әрекет етер еді", – дейді ол.*

 Бизнес елден кетуі мүмкін

Сүлейменовтің айтуынша, егер ұсынылған өзгерістер сол күйінде қабылданса, салық даулары көбейіп, инвестициялық климат нашарлайды. Көптеген кәсіпкер елден кетуді ойлап отыр.

"Бизнес 10-15 жылда қалыптасады, бірақ бір тексерумен бір айда-ақ жойылуы мүмкін. Қайта қалпына келтіру үшін 20-30 жыл керек. Біз тағы бір 'жоғалған онжылдыққа' тап болуымыз мүмкін", – дейді ол.*