Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

«Күрделі диалог» – АҚШ пен Ресей Украина бойынша келіссөздерді ортақ мәлімдемесіз аяқтады

77


АҚШ пен Ресей арасындағы Украинадағы әскери қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздер аяқталғанына қарамастан, тараптар әлі ортақ мәлімдеме жасаған жоқ.

CBS News мәліметінше, екі ел келіссөздерінің қорытындысы бойынша ортақ мәлімдеме 25 наурыз күні Астана уақытымен 13:00-де жасалуы тиіс болған. Алайда бұл орын алмады. Келіссөздердің нәтижелілігі туралы тек бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларына сүйенуге болады.

CBS News-тің хабарлауынша, америкалық келіссөз жүргізушілер «оптимистік көзқараста» болған. Сонымен қатар, АҚШ өкілдері украиналық әріптестерімен бірге атысты тоқтату туралы ықтимал келісімнің егжей-тегжейін талқылауды жалғастыруда.

Келіссөздерге Ресей тарапынан қатысқан РФ Федерация Кеңесінің халықаралық істер комитетінің төрағасы Григорий Карасин ТАСС агенттігіне берген пікірінде «конструктивті диалог өтті» деген әсерде қалғанын айтты.

«Барлығы талқыланды, өте мазмұнды әрі күрделі диалог болды, бірақ бұл АҚШ пен біз үшін пайдалы өтті. Көптеген мәселелер қаралды. Әрине, бәрі бірдей шешілмеді, барлық сұрақ бойынша ортақ пікірге келе алмадық», – деді Карасин.

The Associated Press агенттігі АҚШ пен Ресей арасында Украина мен РФ арасындағы 30 күндік уақытша бітім жөнінде нақты келісім жасалмағанын атап өтеді. Вашингтон энергетикалық және инфрақұрылымдық нысандарға шабуыл жасалмауы тиіс десе, Мәскеу тек энергетикалық инфрақұрылымды ғана атап көрсеткен. Ал Зеленский бұл тізімге теміржолдар мен порттарды енгізуді қалайды.

Ортақ мәлімдеменің болмауы екі тараптың осы негізгі мәселелер бойынша келісімге келе алмағанын аңғартады.

Бұл арада BBC АҚШ пен Украина арасындағы кезекті кездесу де аяқталғанын хабарлады.

«Барлық егжей-тегжейлі ақпарат кейінірек жарияланады», – деп жазады басылым.


* Фото: Pixabay.