31 наурызда Ауғанстаннан қашқан 60 құқық қорғаушы әйел отанына депортацияланады, деп хабарлайды Euronews.
Пәкістан билігі шетелдік босқындарға қысымды күшейтіп, наурыздың соңын депортация үшін соңғы мерзім ретінде белгіледі.
БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі агенттігінің деректеріне сәйкес, 2023 жылдан бері Пәкістаннан Ауғанстанға 800 мың ауғандық оралған немесе депортацияланған, олардың 70%-ы – әйелдер мен балалар.
АҚШ-тың Change.org онлайн-платформасында 60 әйелді қолдау мақсатында петиция жарияланып, ол 250 мыңнан астам қол жинаған.
«Бұл әйелдер қорғауға мұқтаж, өйткені олардың үштен екісі бұрын «Талибан» тарапынан тұтқындалып, азапталған немесе зорланған. Олар (тіпті Пәкістанда да) үнемі қауіп-қатерде өмір сүреді. Осы аптада ғана полиция ауған босқындары тұрып жатқан үйлерге тінту жүргізді», – делінген петиция сипаттамасында.
Өткен аптада Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Пәкістан билігінен қауіп төнген ауған босқындарына қорғау беруді талап етті.
34 жастағы белсенді Мария Нури, ол да депортациялануы мүмкін, халықаралық қауымдастықтан араласуын сұрайды:
«Ауғанстанға қайтару – азаптау, түрмеге жабу немесе тіпті өлім жазасына тең. Халықаралық қауымдастық адам құқықтарын қорғаушыларды, әсіресе әйелдерді депортациялау біздің өмірімізге тікелей қауіп төндіретінін түсінуі керек», – дейді ол DW басылымына берген сұхбатында.
Әлемдегі блогерлер мен құқық қорғаушылар бұл оқиғаны белсенді түрде жариялауда.
2021 жылы «Талибан» Ауғанстан билігін басып алғаннан бері әйелдердің өмір сүру жағдайы күрт нашарлады.
Мысалы, 2023 жылдың қазан айында әйелдерге бір-бірімен сөйлесуге тыйым салынса, желтоқсанда әйелдер көрінетін терезелер орнатуға шектеу қойылды.
* Фото: Pixabay.