Іздеуде жүрген қазақстандық бизнесменнің видеосын Мемлекеттік Дума депутаты, «Ахмат» арнайы жасағының командирі Апти Алауддинов өзінің Telegram-арнасында жариялады.
Бейнематериалда Анатолий Балушкин Қазақстанда даулы танымалдылыққа ие «БИПЭК Авто» және «Азия Авто» компаниялары әзірлеген «Пластун» жол талғамайтын көлігінің артықшылықтарын баяндады.
«Бұл машина Новосібірде, біздің инженерлер мен конструкторлар тарапынан толықтай жасалды. Біз оны барынша қарапайым әрі сенімді етуге тырыстық», – дейді Қазақстаннан қашқан миллионер.
Балушкиннің айтуынша, бұл көлік қиын жолдарда жүруге және жараланғандарды эвакуациялауға арналған. «Ахмат» командирі оны К-700 тракторымен салыстырып, Ресей әскеріне «Пластунның» бір данасы жеткізілгенін хабарлады.
«Біз оны сынақтан өткізіп, нәтижелерін хабарлаймыз. Барлық техникалық параметрлері мен мүмкіндіктерін соғыс жағдайында тексереміз», – дейді Алауддинов.
Анатолий Балушкинді Қазақстан билігі 2021 жылдың тамыз айынан бері алаяқтық бойынша іздеуде.
* Фото: Алауддиновтың видеосынан алынған скриншот, «Бипэк Авто».