Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Легализмнің мутациясы: Путин заңға қалай қарай бастады?

43


Путин билігінің бастапқы кезеңінде байқалған формалды легализмнен қазір ештеңе қалмағандай. Заңдарды өз қажетіне қарай қайта-қайта өзгерту де тым ыңғайсыз тәсілге айналды. Енді президент «заң мен құқық» емес, «әділеттілік» ұғымын жиі алға тартатын болды — әрі бұл абстрактілі ұғым емес, тікелей сот билігіне әсер ететін түсінікке айналды.

Заң үстемдігінен – ерікті интерпретацияға дейін

Биылғы Петербург халықаралық құқық форумында Ресейдің құқықтық бағытындағы түбегейлі өзгерістер анық байқалды. Президент кеңесшісі Антон Кобяков: «КСРО әлі де өмір сүріп жатыр, өйткені оның тарауына қатысты заңды процедуралар сақталмаған» десе, әділет министрінің орынбасары Олег Свириденко тіпті «инопланетяндарға иноагент мәртебесі берілуі мүмкін» деп қалжың аралас шын айтты. Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин БАӘ делегаттарын «мигранттар» деп атап, «Ресей еркін болады!» деген ұранмен қарсы алды. Ал әділет министрі Константин Чуйченко батыс ықпалы туралы айта отырып, декабристер қозғалысының тамырына күмән келтірді. Форумның негізін қалаушы Дмитрий Медведев болса, Украинаға толық капитуляция тіледі.

Мұндай мәлімдемелер – жай оғаштық емес. Бұл – ресейлік билік өкілдерінің құқыққа деген көзқарасының өзгергенін көрсетеді. Бұрынғы заңға сүйенген жүйе орнына қазір идеологиялық, тарихи, тіпті эмоциялық факторлар басым түсуде. Владимир Путиннің де құқықты қабылдау тәсілі осы үрдіспен үндесіп отыр.

Путин – легалист пе?

Көп жылдар бойы Путин формалды легализмді ұстанушы ретінде сипатталып келді. Ол бірнеше мәрте Конституцияны бұлжытпай орындау — мемлекеттің табысты дамуы мен қоғамдағы келісімнің негізі екенін айтқан. 2014 жылы, мысалы, ол «терроризммен, есірткімен немесе педофилиямен күрес деген желеумен адам құқықтарын шектеуге болмайды» деген болатын. Бұл сөздер, әрине, Конституция мәтініне сәйкес келеді.

Алайда бүгінгі жағдай мүлдем басқа. Сол форумда Кобяков айтқан КСРО жөніндегі сөздер Конституцияға қайшы, өйткені Ресей Федерациясы өз-өзін КСРО-ның құқықтық мирасқоры ретінде ғана мойындаған. Оның үстіне, КСРО-ны қайта жандандыруды қолдайтын «КСРО азаматтары» қозғалысы экстремистік деп танылып, қатысушылары түрмеге қамалуда. Бірақ Кобяков жазаланбайды — оның пікірлері Путиннің «КСРО-ның ыдырауы — ХХ ғасырдың ең ірі геосаяси апаты» деген көзқарасымен үндеседі.

Бүгінде Путин посткеңестік кеңістікті қалпына келтіруді көздеп отыр — әскери жолмен болсын, идеологиялық құралдармен болсын. Ал Кобяковтың ұсынысы — осы жобаларға құқықтық реңк берудің бір жолы. Егер КСРО «әлі бар» деген алғышарт қабылданса, онда Украинадағы соғыс сыртқы емес, ішкі қақтығыс ретінде бағалануы мүмкін. Яғни, бұл логикада күш қолдану да «заңды» көрінеді.

Мемлекет мүддесі — бірінші орында

Министр Чуйченконың да заңға қатысты ұстанымдары өзгерген. Бұрын оның басымдықтарының тізімінде азаматтардың құқықтарын қорғау бірінші орында болатын. Енді ол үшін басты құндылық — мемлекеттілікті нығайту. Оның айтуынша, кей жағдайда азаматтардың заңды бұзуы кешірілуі мүмкін, егер олар «рухани-адамгершілік құндылықтарды» қорғау мақсатында әрекет етсе. Бұл — Кремльге жақын радикалды белсенділерді, мысалы, мигранттар мен ЛГБТ-қауымдастыққа қарсы шыққандарды ақтап алудың бір амалы.

Мұндай ұсыныстар Конституцияның да, халықаралық құқықтың да қағидаларымен сәйкес келмейді. Алайда заңгер-чиновниктер бұл бастамаларды ашық қолдап отыр. Себебі олар Ресей билігінің жаңа бағытын сезіп отыр: енді заң түсінігі нақты және тұрақты нормалар жиынтығы емес, саяси мақсаттарға қарай икемделетін құрал ретінде қарастырылады.

Құқыққа қатысты көзқарас эволюциясы

Путиннің билікке келуінен бастап, оның заңға деген көзқарасы да бірнеше кезеңнен өтті. Алғашқы жылдары ол Конституция шеңберінен шықпай әрекет етуге тырысты: екі президенттік мерзімінен кейін премьер-министр қызметіне ауысып, 2012 жылы қайтадан президент болды. Бұл – заңның әрпін сақтағанымен, рухына қайшы қадам еді.

2012 жылдан кейін ол «Конституцияны бұзбаймын» дегенімен, 2020 жылы өзінің президенттік мерзімін «обнулить» ететін өзгерістер енгізді. Яғни, заң кедергі болған сәтте — оны өзгерту жолын таңдады.

Соңғы кезеңде тіпті заңдарды өзгерту де артық шаруаға айналды. Енді Путин әділеттілік ұғымына көбірек сілтеме жасайды. Оның пікірінше, судьялар заңға емес, «ішкі әділет сезіміне» сүйеніп шешім қабылдауы тиіс.

Халықаралық құқыққа келгенде де ол қатқыл: «белгісіз біреулер жазып шыққан ережелер» деп бағалайды. Сондықтан ресейлік заң жүйесі қазір көп жағдайда билікке тиімді нормаларды ғана мойындайды. Мысалы, Конституцияға Украина аумақтарын қосып жазу — заңдық емес, саяси шешім болды. Онда ресейлік әскер мүлде болмаған аймақтар да енгізілді.

Құқықтық жүйе бетперде ғана болып қалды

Кобяков пен Чуйченко секілді тұлғалар қазіргі «құқықтық еркіндікті» одан әрі кеңейтуді көздейді: біреуі кез келген дәуір мен елдің заңдарын қазіргі саясатты ақтау үшін қолдануды ұсынса, екіншісі — заңдарды бұзғандарды кей жағдайларда жазалаудан босатуды алға тартады.

Ал заңгерлердің ескі буыны, мысалы, Федерация Кеңесінің заңнама комитетінің төрағасы Андрей Клишас, мұндай идеяларға қарсылық білдіреді. Олар мемлекеттің құқықтық негізі мүлде жойылып кетуінен қауіптенеді.

Алайда бұл үрдісті тоқтату қиын. Кремль өз әрекеттерін заңмен ақтауға тырысуын жалғастырады, бірақ заңдар нақты ережелер жиынтығы емес, кез келген шешімді дәлелдеудің құралына айналып барады. Биліктің «мутант» легализмі — бейберекет биліктің құқықтық бетпердесі ғана.